Сұрақ: Біреуден уақытша пайдалануға зат алсаң да «аманат» болып есептеле ме?
Жауап: Исламда зат аманат болып есептелуі үшін оны «саған аманат» деп айтуы шарт емес. Егер бір кісіден қандай да бір затты уақытша пайдалануға алсаң, сол затты иесіне қайтарғанша саған аманат. Оның иесі саған «бұл затты маған қайтарып бер, саған аманат» деп айтуы міндетті емес. Әлгі затты иесіне қайтарғанша сен Құдайдың алдында соның бүтіндігі мен жағдайына жауапты боласың. Ол затты иесінен қандай жағдайда алған болсаң, солай етіп қайтаруың қажет.
Самура есімді сахаба Алла елшісің (с.ғ.с) былай деп айтқанын жеткізеді: «Егер біреуден зат алсаң, оны қайтарып бергенге дейін сол затқа жауаптысың» (Әбу Дәуіт, Термези).
Келесі риуаятта Анас ибн Малик пайғамбардың (с.ғ.с.) уақытша алған бір табақты жоғалтып алып, өтемақы ретінде орнына басқасын алғаны турады айтқан (Термези).
Пайғамбар (с.ғ.с.) басқаға келтірілген зарарды өтеу арқылы, адамдарға исламдағы жеке тұлға құқығының қорғалғанын көрсеткен.
Жалғас САДУАХСҰЛЫ