Дінімізде қайырымдылық атаулының ең құрметтісі уақып деп танылады. Уақып сөзі тілдік тұрғыда «ұстау, тоқтату, кедергі болу» деген мағыналарды білдіреді. Ал уақыптың шариғаттағы мағынасы белгілі бір мүлікті (жарамсыз болып қалғанға дейін) үздіксіз қайырымдылық жолында пайдалану деген сөз.
Әбу Ханифадан басқа Ханафи ғалымдарының және Ислам құқықшыларының көпшілігінің пікірлері бойынша уақып мәндуп сүннет болып есептеледі. Яғни, шариғат бойынша істелуі ұнамды болған және Аллаға жақындататын іс. Уақыпқа Құран мен сүннет және ижмағ (Ислам ғұламаларының көпшілігінің мақұлдауы) дәлел бола алады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 267-аятында:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا أَنفِقُوا مِن طَيِّبَاتِ مَا كَسَبْتُمْ وَمِمَّا أَخْرَجْنَا لَكُم مِّنَ الْأَرْضِ ۖ
«Уа, иман келтіргендер! Маңдай терлеріңмен тапқан малдарыңды және біздің сендер үшін жерден шығарғандарымызды Алла жолында сарп етіңдер!» – деп айтқан.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
إِذَا مَاتَ الْإِنْسَانُ انْقَطَعَ عَنْهُ عَمَلُهُ إِلَّا مِنْ ثَلَاثَةٍ؛ إِلَّا مِنْ صَدَقَةٍ جَارِيَةٍ أَوْ عِلْمٍ يُنْتَفَعُ بِهِ أَوْ وَلَدٍ صَالِحٍ يَدْعُو لَهُ
«Егер адам баласы бұл өмірден өтсе, бүкіл амалдары тоқтайды. Тек үш жағдайда ғана амал дәптері жазыла береді: жалғасып тұратын садақа, пайдаға асқан ілім және дұға жасайтын салиқалы ұрпақ», – деген (имам Мүслим).
Аталмыш хадиске түсіндірме берген ғалымдар: «Хадистегі «жалғасып тұратын садақа» уақыптан басқа нәрсені меңзеп тұрған жоқ. Егер оның басқа да мағынасы болса, уақып та сол мағыналардың ішіне кірер еді», – деген.
Ибн Омар (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын) Хайбар соғысында бір жерді иемденеді. Бір күні осы жер хақында кеңесу үшін ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Мен Хайбар соғысында бір жерді меншігіме алдым және ондай байлыққа бұған дейін ие болмадым. Бұл жер хақында маған қандай әмір бересіз?» – деп сұрайды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер қаласаң ол жерді уақып ет. Одан түскен пайданы садақа етіп отыр», – деп кеңес береді. Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын) содан кейін ол жерді ешкімге сатылмайтын, мирасқа да берілмейтін етіп, садақа ретінде береді.
Осы оқиғадағы хазіреті Омардың (Алла оған разы болсын) өз меншігіндегі жерін уақып етуін Ислам ғұламалары «Ислам тарихындағы ең алғашқы уақып» деп санаған. Өйткені хазіреті Омар (Алла оған разы болсын) Хайбардағы жерін уақып еткеннен кейін көптеген сахабалар өздерінің мал-мүліктерін, бау-бақшаларын уақып ретінде қоя бастаған. Тіпті Жәбір (Алла оған разы болсын) есімді сахаба: «Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларының ішінде мал-мүлкін уақып етпеген ешкім болмаған», – деп айтқан.
Асыл дінімізді қадірлеп, дәстүрін ардақтай білген ата-бабаларымыз да уақып қадірін жақсы түсінген. Мысалы, Бейбарыс бабамыз Мысыр елінде салған мешіті және мұсылман қауымына ардақты үш мешітті: Меккедегі әл-Харам мешітін, Мәдинадағы Пайғамбар мешітін, Құдыс қаласындағы Әл-Ақса мешітін жөндеуден өткізіп кеңейткені белгілі.
Құнанбай қажы бабамыз Меккеге қажылық жасауға барған қасиетті сапарында киелі шаһардан «Тақия» атты қонақ үй тұрғызып, уақып жасаған. Әкесінің бұл игі ісі жайында Хакім Абай:
Меккеде уақып үй салып,
Пәтер қып, жаққан шырақты.
Бір құдайдың жолына,
Малды аямай бұлапты, – деген.
Сол себепті де уақыптың адам баласының жеке басына, қоғамның дамуына тигізер пайдасы өте үлкен. Уақыптың мән-мағынасы мен маңыздылығын тереңірек түсінуіміз үшін, мына жайттарды білуіміз қажет.
Уақыптың зекеттен айырмашылығы
Уақып – ол зекет емес. Оның зекеттен айырмашылығы зекет – парыз, ал уақып – парыз емес, сүннет. Зекетте нисап мөлшері бар. Ал уақыптың белгілі бір мөлшері жоқ. Зекет жылына бір рет берілсе, уақыптың мерзімі бекітілмеген. Адамның өз еркіндегі нәрсе болғандықтан, адам өзі қалағанынша уақып ете алады. Зекетке берілетін ақшаны айналымға сала алмайсыз, бірден 8 топтағы адамға таратып беруіңіз керек болады. Ал, уақыпта қаржыны айналымға салуға болады. Мәселен, уақып еттім деп біреу он қой берсе, оны бірден таратып жібермей, қой санын көбейтіп, көбейгенін садақаға беруге болады.
Уақыптың түрлері
Уақып мәселесінде ислам шариғаты заң жағынан жан-жақты зерттеліп, қалыпқа түскендігімен ерекшеленеді. Сондай-ақ, уақыптың көптеген мақсаттары мен түрлері, қоғамда атқаратын рөлімен ерекшеленеді. Шариғат уақыпты мақсатына қарай үш түрге бөліп қарастырады:
Бірінші: діни уақып
Қаражатты, мал-мүлікті құлшылық мақсаттарына арнап бөлу. Мешіт салу, оның ішіндегі төсеніштер мен кілемдер, медресе, оның жылжымайтын мүлкі мен жиһаздарына жәрдемдесу сияқты істер осыған мысал. Ибраһим мен ұлы Исмаилдың Қағбаны салуы уақыптың осы түріне жатады. Қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 127-аятында:
وَإِذْ يَرْفَعُ إِبْرَاهِيمُ الْقَوَاعِدَ مِنَ الْبَيْتِ وإسماعيل رَبَّنَا تَقَبَّلْ مِنَّا إِنَّكَ أَنتَ السَّمِيعُ الْعَلِيمُ
«Сол кезде Ибраһим мен Исмаил үйдің (Қағбаның) ірге тасын көтеріп: «Бізден қабыл ал, Расында Сен тілекті естуші, толық білушісің», – деп айтқан.
Қазақстан жерінің рухани астанасы саналатын Түркістанда Ақсақ Темірдің 1397-1405 жылдары Қожа Ахмет Ясауи кесенесін салуы уақыптың осы түріне жатады. Өйткені тарихи деректерден Ақсақ Темір осы кесене-мешітті уақып етіп салып, «уақыпнама» қалдырған.
Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлы бір өлеңінде:
Жарар еді ортада мешіт салсақ,
Қаза қылмай намазды барып тұрсақ,
Бір ғалымды фазыл заттан имам сайлап,
Байларымыз жиналып уақып қылсақ, – деп, уақыптың осы түрін айтқан.
Екінші: қайырымдылық уақып
Жылжымайтын мүлік пен қаражатты әртүрлі қайырымдылық істеріне арнауды айтады. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының қалалық советтен берген өзіне тиесілі үйді соғыстан ұлы қайтыс болған кейуанаға беруі (уақып жасауы) ұрпаққа мәңгі өнеге болып қалды.
Қисса
Әнас ибн Мәлик (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Ансарлардың ішінде құрма ағаштарын ең көп иемденген Әбу Талха болатын. Дүниелерінің ішіндегі оған ең қатты ұнайтыны мешіттің алдында орналасқан Байруха атты құрма бағы еді. Ол баққа Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп, отырып, демалып, оның мөлдір де таза суынан ішіп тұратын. Қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресі, 92-аятындағы:
لَنْ تَنَالُوا الْبِرَّ حَتَّى تُنْفِقُوا مِمَّا تُحِبُّونَ
«Жақсы көрген нәрселеріңді Алла жолында жұсамайынша, әсте жақсылыққа жете алмайсыңдар», – деген аят нәзіл болғанда Әбу Талха (Алла оған разы болсын) ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Уа, Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)! Алла Тағала біздерге: «Жақсы көрген нәрселеріңді Алла жолында жұсамайынша, әсте жақсылыққа жете алмайсыңдар…», – деді. Ал менің ең сүйікті, жақсы көретін нәрсем – Байруха бағы. Сондықтан Алла жолындағы берген садақам сол болсын», – дейді. Бұған Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
بَخْ! ذَلِكَ مَالٌ رَابِحٌ ذَلِكَ مَالٌ رَابِحٌ! وَقَدْ سَمِعْتُ مَا قُلْتَ ، وَإِنِّي أَرَى أَنْ تَجْعَلَهَا فِي الأقْرَبِينَ
«Неткен тамаша! Бұл дүние табыс әкеледі, әлбетте табыс әкеледі! Мен сенің айтқан сөзіңді естідім, расында, мен оны туысқандарың мен жақындарыңа беруің керек деп ойлаймын», – деді. Осыдан кейін ол оны туысқандары мен әкесімен (не анасымен) ағайындас ағасының балаларына бөліп берді» (имам Бұхари, Мүслим).
Біз бұл оқиғадан Әбу Талханың (Алла оған разы болсын) туыстарына арнайы уақып жасағанын анық аңғарамыз. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзіне сыйға берілген бау-бақшаны (ол заманда бау-бақша ең үлкен табыс көзі ретінде бағаланған) уақып ретінде жұмсаған.
Қайырымдылық уақыптың мынадай бірнеше бағыттары бар:
а) Ғылыми бағыт. Кезінде уақып қорлары университетте оқитындарға қағаз-қалам, ғылыми кітаптар тарататын, оқытушыларды жалақымен қамтамасыз ететін. Көптеген университеттер студенттерді арнайы жатақханамен қамтамасыз етумен қатар оларға шәкіртақы да тағайындайтын. Оған қосымша мыңдаған ғылыми жинақтары бар кітапханалар да Ислам уақыбының себебімен салынған. Осының барлығы ілім-білімнің кең түрде жайылуына, қоғамның барлық деңгейіне сауаттылық артуына үлкен ықпал еткен.
ә) Денсаулық сақтау саласына жәрдем. Денсаулық сақтау саласына келсек, ислам уақыптары ауруханалар салды, жиһаздармен толтырды, зертханалар тұрғызды, дәрігерлер мен көмекшілерге жалақы тағайындады. Сондай-ақ, медицина факультеттерін ашып, оқытушылар мен студенттерге қаржылай көмектесті.
б) Міскіндерге жәрдем. Уақып мұқтаж адамдарды, міскіндер мен пақырларды, жетімдер мен жесірлерді, киіммен, тамақпен, баспанамен қамтуды көздейді. Фиқһ ғалымдары: «Егер уақып етуші кісі мақсатын баяндамай кетсе, онда уақып кедейлер мен міскіндерге арналады», – деп ескерткен.
Қисса
Ибраһим ибн Адһам деген ғалымның Шақиқ әл-Бәлхи деген досы болған екен. Ол кісі сауда-саттықпен айналысып, ұзақ сапарларға шығып жүреді. Бір күні Ибраһим ибн Адһам досын сапарға шығарып салады. Бірақ ол көп ұзамай қайтып келеді. Ибраһим досының қайтып келгенін көріп, бұның мән-жайын сұрайды. Сонда Шақиқ әл-Бәлхи оның себебін былай деп түсіндіреді:
«Жолда демалып отырғанымда, қанаты сынған, көзі көрмейтін, бір құсты көрдім. Мына байғұс қалай қоректенеді екен деп ойланып отырғанымда, бір қанаты бүтін құс келіп, жаңағы құстың аузына тамақ салды. Сонда мен: «Уа, Алла! Мына көзі көрмейтін, қанаты сынған құсты тамақтандырған кезде, мендей құлыңды міндетті түрде аштан қадырмайсың ғой», – деген ойға келдім де, кері қайттым», – дейді. Сонда Ибраһим: «Иә, Шақиқ! Сен қанаты сынған құсқа емес, қоректендірген құсқа ұқсауды ойламадың ба? Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Беруші қол, алушы қолдан қайырлы», – деді емес пе?» – дейді. Шақиқ ойланып қалып: «Иә, Ибраһим! Мен қате ойлаппын, сен біздің ұстазымыз екенсің», – деп өзінің қателігін түсінген екен (Ибн Асакир «Тариху Димашқ»).
Үшінші: ұрпаққа арналған уақып
Ұрпаққа арналған уақып деп – Ислам дінімен бірге келген, ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабалары кезінен бастау алып, кейінгі ұрпақ үшін қолдануға қалдырылған мүліктер жатады.
Қисса
Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманында мұсылмандар ауыз су таппай қиналған кезі болатын. Олар сол кезде Рума құдығынан басқа ішер су таба алмады. Бұл құдық бір яһудидікі болатын. Ол қара судың өзін мұсылмандар үшін өте қымбат бағаға сататын. Бұл жағдай ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жанына қатты бататын. Сахабалармен бірге отырған бір сәтте Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Рума құдығын кім сатып алса, Жәннатта да оның осыған ұқсас құдығы болатынын айтты. Мұны естіген Осман бірден, сол яһудиді тауып алып, құдықты сатып алғысы келетінін айтады. Яһуди құдықты толық сатуға көнбей, өте қымбат бағаға оның жартысын ғана сатады. Осман қуаныштан төбесі көкке жетіп, ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп, құдықтың жартысын сатып алып, мұсылмандарға бағыштағандығын жеткізеді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Османның бұл әрекетін мақтап, оған ыстық ілтипат білдіреді. Осылайша, құдықтан бір күн су алу құқығы хазіреті Османдікі, ал екінші күні яһудидікі болып бөлінеді. Хазіреті Осман өз күнін халыққа бергендіктен, халық Османға тиесілі күні жаппай жеткілікті дәрежеде құдықтан су алатын болғандықтан, яһудиге тиесілі күнде ешкім су алуға бармайтын болады. Шарасыз күйге түскен яһуди осылайша құдықтың қалған жартысын арзан бағаға сатуға мәжбүр болып, Хазіреті Осман (Алла оған разы болсын) құдықты толығымен халыққа садақа етіп береді.
Осылайша мұсылмандарға уақып еткен хазіреті Османның бұл құдығы ғасырдан ғасырға жалғасып, бірнеше ұрпаққа өз қызметін көрсетеді.
Қадірменді жамағат!
Аллаға шүкір, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да арнайы «Уақып» қорын ашып, халыққа насихат жұмыстарын жүргізіп келеді. Бүгінде осы «Уақып» қорына кейбір азаматтар өз мүліктерін тіркеп, сауапты іске атсалысып, Алла жолында садақа жасауда. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай уақып ретінде берілген садақа – сауабы үзілмейтін істердің бірі.
Сондықтан дініміз өзгелерге көмектесуге, адамдарға жәрдемші болуға шақырады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
خَيْرُ النَّاسِ أَنْفَعُهُمْ لِلنَّاسِ
«Адамдардың жақсысы (өзге) адамдарға көбірек пайда тигізгендері», – деп айтқан (имам Табарани). Халқымыз: «Өзін ғана ойлаған – жамандықтың белгісі, өзгені де ойлаған – адамдықтың белгісі», – дейді.
Алла Тағала баршамызға қоғамға, халыққа пайдалы сауапты іс істеуді нәсіп етсін. Жұма күнгі дұға-тілектеріңіз қабыл болғай!
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі