Уақып – мүмкіндіктері жоғары институт, оны реформалау өте маңызды! Бұл туралы «Нұр-Мүбарак» университетінде Малайзия Ислам орталығының директоры PhD доктор Абдулазиз бин Мат Иса мәлімдеді. Сондай-ақ «Цифрлы қоғам жағдайындағы діни қайырымдылықтар: теориясы мен практикасы» халықаралық семинар спикері Малай еліндегі уақып пен зекетке қатысты мемлекеттік мүмкіндіктерге тоқталды. Яғни Малайзия үкіметі бекітілген мөлшерде зекет төлеген кәсіпорын, компаниялар салықтан түгелдей босатылса, ал уақыпқа қаржы аударушыларға салықтан жеңілдік қарастырылады. Соған қарамастан, ел арасында уақыптың не екенінен бейхабарлар аз еместігін алға тартты.
Уақыптың қазақстандық тәжірибесі жайлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Уақып» қорының басқарма төрағасы Ардақ Оразбаев ортаға салды. Сондай-ақ ҚMДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Мақсатбек Қайырғалиев еліміздегі цифрлы қайырымдылықты жүйелеу саласындағы қордың тәжірибесімен бөлісті.
Бұл семинар қазіргі жаһандану дәуірінде өзектілікке айналған тақырыптарға арналуы бекер емес. Себебі қайырымдылық мұқтаждардың қажеттілігін өтеу деңгейінде қалуға мәжбүр. Ал қоғам дамуына маңызды жасампаздық жүйені қолдаулардың кенжелеуі отандық ислам ғалымдарын бей-жай қалдырмауда. Нұр-Мүбарак университетінің проректоры, PhD доктор Қайрат Құрманбаев осы мәселелерге орай, қоғамдық сана қалыптастыруға семинардың септігі тиеді деген пікірде. Сондай-ақ семинарда Ислам банкингі мен қаржысы институтының декан орынбасары (IIUM, IіiBF, Малайзия) PhD доктор Хабибулла Закария «Цифрлы кеңістіктегі уақып институты: сын-қатерлер мен мүмкіндіктер» жайлы сөз етті. Ал Мақасид институты атқарушы директорының орынбасары PhD доктор Ильдус Рафиков (Түркия, Ресей) «Цифрлы қоғамда уақып жүйесін қалыптастырудың алғы шарттары» жайлы тәжірибесінен бөлісті. НМУ ректоры, профессор Мұхаммад аш-Шаххат Мысырда уақып саласы 1923 жылы қолға алынғанын атап өтіп, бірқатар ақпараттарды талқыға салды.
Семинарға қатысушылар сауалдарын қойып, жауаптар алды. Яғни күн сайын ақпараттық ағынның астында қалып жатқан саналарды сілкіп, мұсылмандық қоғамды нығайту үшін уақып институты жаңа реформаларға мүдделі екендігіне күн өткен сайын қажеттілік арта түсуде.