Мұның негізі Имам Бұхари мен Имам Муслимнің хадис жинақтарында Нұғман ибн Баширден (р.а) келіп жеткен пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына: «Адамдардың игі жақсылары – менің ғасырымдағылар, содан соң – олардан кейін келгендер, содан кейін – олардың артынан келгендер. Олардан кейін, бірінің куəлігі сертінен бұрын жəне серт куəлігінен бұрын берілетін қауымдар келеді» деген хадисіне сүйенеді (Имам Бұхари «Сахих» кітабы, 2509-шы хадис. Муслим «Сахих» кітабы, 2533-ші хадис.) Міне, осы хадиске сүйенген мұсылман ғалымдары сахабалар, олардан кейін келген табиғиндер мен табиғиндердің ізіне ерген атбағу ат-табиғиндерді «əс-Сəлəф əс-солихин» «алғашқы ізгі буын» деп атаған.
Əрине, бұл ғасырлар ислам дінінің пайда болып, бертін келе əлемнің түкпір-түкпіріне кең тараған, күллі мұсылман жұртшылығы мақтанышпен еске алатын бақытты кезең екендігі сөзсіз. Демек, бұл термин сол бақытты кезеңдерде өмір сүрген ізгі буынға берілген атау ретінде қалыптасқан. Алайда, бүгінгі таңда оның мағынасы бұрмаланып, өздерін «сəлəф» санаған радикалды псевдо-сəлəфилер жəне уаххаби ағымдарының өкілдеріне қатысты қоланылып жүр. Енді осы «сəлəф» пен «уаххабия» ұғымының қатар қолданылу себебін айта кетейік.
Əсілінде, «сəлəфия» термині Мысыр елінде Жамалуддин əл-Афғани (1879-1938) мен Мұхаммед Абдухтар (1849-1905) байрағын желбіреткен діни реформация қозғалысы белең алған кезеңде қолданыла бастады. Реформаторлар мақсаттарына қол жеткізу үшін сəлəфия терминін өздеріне ұстаным етіп алып, осы ұран арқылы елді сол кездері Мысыр елінде етек жайған жаңсақ пікірлер мен бидғаттардан тазартуға шақырды. Сол кезеңдерде Нажд пен Араб түбегіндегі кейбір аймақтарға тарап үлгерген, Мұхаммед ибн Абдулуаххаб негізін қалаған уаххабилік ағым мен Мысырда жүріп жатқан реформация қозғалысы арасында дінде негізі жоқ сенімдерге қарсы күреске қатысты ортақ пікір мен көзқарастар қалыптасты.
Міне, осылайша сəлəф пен сəлəфия сөзі уаххабилік ағым өкілдерінің арасында да үлкен қарқынмен таралды. Тіпті, уақыт өте келе уахабия сөзінің орнына сəлəфия сөзі қолданыла бастайды. Мұндағы мақсат – Уаххаби ағымының пікірлері тек Мұхаммед бин Абдулуаххабтан емес, сəлəфтардан бастау алады деген ойды қалыптастырып, халықты «бұл ағымды құрудағы негізгі себеп сəлəфтар ақидасын ұстанып, солардың жолын жалғастыру» деп сендіру болатын. Осы кезеңнен бастап, «сəлəфия» ұғымы мысырлық қозғалыс мүддесіне қолданылған ұран аясынан шықты. Сөйтіп, сəлəфия сөзі өздерін «ақиқат жолындамыз, сəлəф салихиндер (алғашқы ізгі буын) ақидасын сақтаушымыз, солардың ұстанған жолдарын таратушымыз» деп, өздерін қалған мұсылмандардан жоғары санайтын уаххабилік ағым өкілдерінің лақабына айналды». (А. Жұма. Муташаддидун (Дінде шектен шыққандар). (Қазақ тіліне аударып, баспаға дайындаған Нұр-Мүбарак университеті, «Əбу Ханифа» ғылыми зерттеу орталығы, Алматы, 2016 ж., 4-6-б.)
Тарихқа үңілсек, ислам тарихында «сəлəфия» деген мəзһабтың немесе ағымның болмағандығын көреміз. Осыған қатысты кезінде уаххабилермен күресуге өмірінің көпшілігін арнаған Рамазан əл-Бути былай деген екен: «Сəлəф» деген сөзді басты құралға айналдырып, ислам шариғаты мен түсінігіне жат, лаңкестікке бой алдырып жүргендер үлкен қателікке ұрынуда. Бүгінгі күні «сəлəфия» ұғымын мұсылман атын жамылған жат ағымдар бетпердеге етіп, өзіндік пəлсапа қалыптастыруда. Өкінішке қарай, ислам атын жамылған, саны бар, сапасы жоқ жамағаттардың тізіміне «сəлəфия» атымен жаңа бір ағым қосылып, «өзгеше» болмыстарымен «мұсылмандардың» арасында ерекшеленуде».
Қорыта айтар болсақ, алдыңғы ізгі буынды меңзеу мақсатында қолданылған «сəлəф» сөзі мен кейінгі уақыттарда өздерін сəлəфи атап жүрген «псевдосəсəфилер» арасында тікелей байланыс жоқ. Олар өз қате түсініктерін «ең дұрыс ислами түсінік осы» деп жұрттың санасына сіңіру мақсатында осы терминді құрал ретінде пайдаланып, кезінде ислам үмбетінің бірлігі мен татулығын ойлап, исламды кең түсінуге тырысқан мужтахид имамдардың ілімдерін мансұқтау арқылы мұсылмандар мен қатар əлем жұртшылығы арасында үлкен бүліктер мен қанды қақтығыстарға жол ашуда.
Сондықтан, қазіргі таңда өздерін «сəлəфи» деп атаушы радикалды топтарға «сəлəф» деу жөнсіз. Бұлай атау оларға абырой таңумен пара-пар. Көптеген əріптестеріміз орынды айтып жүргендей оларды «псевдо-сəлəфилер» немесе «керітартпалар» деп атау дұрысырақ саналады. Діндар жамағат «сəлəфия» сөзін бетперде етіп, елді «таза исламға» шақырушылардың бүлігінен сақтанып, ғасырлар бойы қалыптасып, көпшілік мұсылман үмбеті тарапынан құпталған фиқһта қалыптасқан төрт мəзһаб пен ақида саласында матуридия жəне əшғария ғұламалары негізін қалаған «əһлі сүннет уəл-жамағат» жолынан таймауға тырысуы қажет.
Алау ӘДІЛБАЕВ,
теология ғылымының докторы