2000-жылдардың іші. Деструктивті ағым өкілдері жарыса ақида оқи бастады. «Тахауиде былай деген», «Тахауи ақидасында олай деген» деп таңдайлары тақылдап жүрді. Бір қызығы ол кітапты әлемдегі барлық ханафи мектептері оқытады. Әрине, соның ішінде біз білім алған медреселерде де оқытылатын. Бір ғалымның кітабын екі түрлі түсіну мүмкін емес. Бір кілтипанның бары анық еді.
Сөйтсек, олар оқитын «Тахауи» салафилік мектептің көзқарасына қарай бұрмаланған болып шықты. Ғылымға қиянат жасалған. Ал енді, уахабистер уағыздап, салафилер сабақ алған Тахауи кім?
Ғұламаның толық аты-жөні: Әбу Жағфар Ахмед бин Мұхаммед Тахауи. Мысыр елінде дүниеге келген. Бұл өлкеде шафиғи мектебі кең өріс алғаны мәлім. Тахауи хадис ғылымында хафиз мәртебесіне жеткен ғұлама. Бір қызығы, әуелде шафиғи мектебі бойынша тәлім алып, кейін ханафи мектебін зерттей бастайды. Тіпті, Мысыр өлкесіндегі ханафи мектебінің көрнекті өкіліне де айналды.
Имам Әбу Жағфар Тахауи көптеген құнды еңбектер жазып қалдырған. Соның бірі – сенім бойынша жазылған ел арасында «Тахауи ақидасы» атымен кең тараған кітабы.
Аталмыш кітаптың бісмилласы: «Бұл әһли сүннат уәл-жамағат, үмбет фиқһ ғалымдары: Әбу Ханифа Нұғман бин Сабит, Әбу Юсуф Яқуб бин Ибраһим әл-Ансари және Әбу Абдулла Мұхаммед бин Хасан әш-Шайбанидің мазхабына сай ақида түсіндірмесі[1]», – деп басталады. Әбу Ханифа мен шәкірттеріне осыншама жоғары баға беруінің сыры неде? Тахауи – хадисшілер имамы. Демек, Әбу Ханифаның хадис ғылымындағы дәрежесін мойындауда. Ал оның мектебін әһли сүннат уәл-жамағаттың негізін құраушы деп тануда. Осыған сүйене отырып, Тахауи шариғаттағы көшбасшы мектеп өкілдерін Ислам әлемінің теңдессіз ғұламалары ретінде мойындауда. Ал мойындауының басты белгісі ғылыми ғұмырына ханафи мектебін серік етуі.
Әбу Ханифа сахабалар дәуірінде дүниеге келген. Пайғамбар (с.ғ.с.) жолдастарымен замандас болу ғылымда ғұламаға белгілі салмақ береді. Ол табиғиндер заманында тәлім алып, табиғиндермен ғылыми пікірталасқа түскен әрі өзі де сол ғұламалар санатына енген. Бұл ғасыр ғұламалары дініміздің іргетасын қалаған. Бұған пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Адамдардың ең жақсысы менің ғасырымда, сосын олардан кейін келетіндері, сосын олардан соң келетіндері. Кейін куәлігі айтқан сертінің алдын орап кететін және серті берген куәлігінің алдын орап кететін адамдар келеді[2]», – деген сөзі айғақ.
Шафиғи ғалымы Ахмад бин Хажар әл-Һайтамидің кітабында мынадай оқиға бар: Әбу Ханифаны жақтырмайтын біреу «Мынадай кісі жайлы не ойлайсың?» – деп сұрақ қояды. Сұрағында: «Жәннаттан үміті жоқ, тозақтан қорықпайды, Алла Тағаладан да қорықпайды, өлексе жейді, рукухсыз және сәждесіз намаз оқиды, көрмеген нәрсесіне куәлік береді, ақиқатқа ашуланады, фитнаны (бүлікті) жақсы көреді, рақметтен қашады, яһудилер мен насаралардың сөзін құптайды. Мұндай адам жайлы не дейсің, бұл жөнінде хабарың бар ма?» – дейді.
Әбу Ханифа өз серіктеріне: «Ал бұл кісі хақында не дейсіздер?» – дейді. Олар бірауыздан: «Өте жаман адам, бұл кәпірдің сипаты», – десті. Имам Ағзам езу тартып: «Ақиқатында, ол Алла Тағаланың сүйікті құлдарының бірі», – деді.
Сосын сауал қоюшыға бұрылып: «Егер сұрағыңа жауап берсем, маған тіл тигізуді доғарасың ба?» – деді. Ол: «Иә», – деп келісті. Имам Ағзам: «Ол жәннаттан емес, жәннат Раббысынан үміт етеді және тозақтан емес, тозақ Раббысынан қорқады. Алла Тағаланың әділдігі мен сұлтандығына жүгінуден қорықпайды. Балықтың өлексесін жейді. Рукухсіз және сәждесіз намаз оқу дегенің жаназа намазын оқиды және пайғамбарға (с.ғ.с.) салауат айтады. Көрмеген нәрсесіне куәлік етеді дегені: «Алла Тағаладан басқа тәңірдің жоқтығына және Мұхаммед Оның құлы әрі елшісі екендігіне куәлік етуі. Алла Тағалаға құлшылық етуі үшін ақиқат болған өлімге ашуланады. Ал бүлік (фитна) – мал-дүние мен бала-шаға. Рақмет – жаңбыр. Яһудилердің: «Насаралар түкке тұрғысыз» деген, ал насаралардың: «Яһудилер түкке тұрғысыз» деген сөздерін құптайды», – деп астарлы айтылған сауалына жауап берді[3].
Сауал қоюшы имам Әбу Ханифаның терең біліміне тәнті болады. Бұрын-соңды имам жайлы естіп жүрген сөздері өсектен ары емес екендігіне көзін жеткізген еді. Бұл ғалымның терең білімін көрсететін теңізден тамшы мысал ғана.
Әбу Ханифаның Мәдина қаласында Мұхаммед бин Әли бин Хусейн бин Әлимен (Алла тағала баршасынан разы болсын) кездескен оқиғасы бар. Мұхаммед бин Әли – пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жиен ұрпағы. Ол хазреті Әлидің баласы Хусейннің немересі еді.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ұрпағы Әбу Ханифаға: «Менің атамның (с.ғ.с.) хадистеріне қияспен қарсы шығып жүрген сенбісің?» – дейді. Әбу Ханифа: «Ондайдан Алла сақтасын. Сіз отырыңыз, сізге атаңызға (с.ғ.с.) болған құрмет көрсетілуі ләзім», – деп отырғызып, өзі оның алдына шөккеге түсіп отырды. Сөйтті де мән-жайды түсіндіру үшін Мұхаммед бин Әлиге: «Ер кісі әлсіздеу ма, әлде әйел баласы ма?» – деп сұрады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шөбересі:
– Әйел, – деді.
– Әйелдің (мирастағы) үлесі қанша?
– Ер кісі үлесінің жартысы.
– Егер мен қиясқа жүгінсем, әйелге көбірек үлес берем ем.
– Намаз абзал ма, ораза ма? – деп екінші сауалын қойды.
– Намаз.
– Егер қияспен пәтуа шығарар болсам, етеккірі келген әйелге оразаның емес, намаздың қазасын өтеуін бұйырар ем.
– Зәр ауыр нәжіс пе, әлде мәни ма (ұрық)?
– Зәр.
– Егер қияспен төрелік айтсам, мәниден кейін емес, зәр шыққаннан соң ғұсыл құйынуға бұйырар едім. Хадистен басқаны айтудан Алланың Өзі сақтасын. Мен хадистің қызметшісімін, – деп жауап берді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шөбере ұрпағы орнынан тұрып, ғұламаның маңдайынан сүйген екен.
Бір кісі теңгесін көміп, қайда көмгенін ұмытып қалады. Тауып беріңіз деп Әбу Ханифаға келеді. Имам: «Бұл фиқһи мәселе емес. Алайда, саған бір жолын айтайын. Бүгін түнде таңға дейін намаз оқы, сонда есіңе түседі», – дейді.
Әлгі кісі түнде намазға тұрады. Түннің төрттен бірі енді өте бергенде теңгесін жасырған жер есіне түседі. Барып ақшасын тауып алып, қуанышы қойнына симай таң сәріде имамға келіп рахметін айтады. Сондай имам: «Сені шайтан түні бойы құлшылық еткізіп қоймайтынын білген едім. Бірақ сен Алла Тағалаға шүкіршілік ретінде құлшылығыңды түні бойы жасағаның жөн болар еді», – деген екен.
Әбу Ханифа өз заманында халыққа діни ұстаз болды. Сонымен қатар, бой көтерген түрлі кері ағымдардан елді қорғаушы ғұлама да еді. Хауариждер Куфа қаласына кіріп келеді. Олардың ұстанымы өздеріне қарсы болған әрбір адамды кәпір санау еді. Хауариждер тіпті хазреті Әлиді (р.а.) кәпір деген адасушы топ. Осы ағым Куфаның бетке тұтар ғұламасын іздеп келеді. Олар Әбу ханифаға: «Күпірліктен тәубе ет», – деп талап етеді. Өйткені хауариждер өз ұстанымына сай келмейтін мұсылмандарды кәпір деп кесіп айтатын.
Әбу Ханифа: «Мен әрбір күпірлік атаулыдан тәубе еттім», – деп астарлы жауап қайырады. Мұны естіген біреу хауарижге: «Әбу Ханифа сендердің күпірліктеріңнен сақта деп тәубе етемін деп тұр», – дейді. Хауариждер имамды қайта ұстап алады. Сонда имам Ағзам: «Менің сөзім сендерің ұстанымдарыңа қарсы екенін анық көздерің жетіп білдіңдер ма, әлде бір ой-күдікпен бе?» – деп сұрайды. Олар: «Солай деп күдіктеніп тұрмыз», – десті. Әбу Ханифа Құранда: «…Расында, кейбір күдіктер – күнә…[4]», – деп айтылған. Ал, сендердің ұстанымдарыңда күнә – күпірлік. Сендер күпірліктен тәубе етіңдер», – деп хауариждердің аузын жапқан екен.
Әбу Жағфар Тахауи кейіннен ханафи мазхабын таңдап, сол мектеп өкілдерінің біріне айналады. Мұхаммед бин Ахмед Шурути: «Неге нағашыңыз үйреткен мектепті тастап, Әбу Ханифа мазхабын таңдадыңыз?» – деп осынау шешімінің себебін сұрайды. Тахауи: «Менің нағашымның Әбу Ханифа кітаптарына көп жүгінетіндігін көрдім, сол себепті ханафи мазхабын қабылдадым», – деп айтқан екен.
Даналығымен ерекшеленетін қазақ халқы да хақ жолды ұстануда осы бағытты таңдауынына осындай жайттар түрткі болғаны сөзсіз.
Руслан ҚАМБАР
[1] Мұхаммад бин Мұхаммад бин Махмұд әл-Бабирти, Шарх Ақида Тахауия, Дарул-Бейрут, 16-бет
[2] Бухари
[3] Ахмад бин Хажар әл-Һайтами «әл-Хайротул Хисан», Дарул-Арқам, 93-бет
[4] Хужурат сүресі 12 аят