Сыйла-и рахим– ислам құндылығы болып саналады. Оның мағынасы: туған-туыс жақындармен қарым қатынасты сақтау.
Бұл жөнінде Құран Кәрімнің «Ән-Ниса» сүресінің 1 аятында: «Уа, Иман келтірген жандар! Сендерді бір жаннан жаратып, одан жұбайын жаратқан, ол екеуінен көптеген ерлер мен әйелдерді таратқан Раббыларыңнан – қорқыңдар. Алладан қорқыңдар! Өйткені сендер, бір-бірлеріңнің алдындағы туған-туыстық қарым-қатынастарыңды Соның атымен талап етесіңдер. Ақиқатына келер болсақ, сендер әрдайым Алланың бақылауындасыңдар», – деп баяндаған. Осы аятта Алла Тағала, адамдардың туысқандық байланыстарын үзіп алмай, жалғастырып тұру керектігін парыз қылып жүктейді.
Жақын адамдарды зиярат жасау, кемшіліктерін кешіру, қажеттіліктерін өтеу, сыйлықтар беру сыла-и рахим болып табылады. Туысқандар жақын жерде болса жиі-жиі оларды зиярат жасап отыру, алыста болса байланыстарды үзбей хат жазып, телефон соғып тұрған дұрыс. Бұл, исламның туысқандық байланыстарға қатысты негізгі қағидаларына сай әрекет болған болар еді. Сыла-и рахим жасауға қатысты Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сыйла-и рахим өмірді ұзартады», – деген.
Ершат Оңғаров