Сұрақ: Тырнақты қанша күнде алғанымыз дұрыс?
Жауап: «Тазалық – саулық негізі, саулық – байлық негізі» дегендей, дәстүрлі Ислам – тазалық діні. Ата-ана бала тәрбиесінде түнде тырнақ алуға болмайды, алынған тырнақты жерге көму керек деп өсірген. Әдеп жағынан дастархан басында, беті ашық ыдыстар тұрған, т.б. жерлерде тырнақ алуға болмайды.
Ислам дінінің тағылымында үлкен қажылық және умра құлшылығын өтеу барысында ихрам киіп жүрген кезде тырнақ алуға болмайды.
Сондай-ақ, тырнақты апта сайын алу жақсы құпталған амал. Қырық күннен асыру күнә болып саналады. Хадистерде тырнақ алу бес сүннеттің бірі ретінде айтылған.
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистерінде: «Бес нәрсе адамның болмысынан: сүндетке отыру, ұятты жерді түктен тазарту, мұртты басу, тырнақ қысқарту, қолтық түгін алу», «Бізге мұртты қысқартуды, тырнақ алуды, қолтық және әурет түктерін жұлуды қырық күннен асырмауға бұйырылды» деген.
Икрам АЙТАЕВ