Сұрақ: Тырнақты қандай жерде алуға болмайды?
Жауап: Тырнақ алу – адам табиғатындағы негізгі қажеттіліктердің бірі. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оны тазалыққа қатысты бес сүннеттің бірі ретінде атап көрсеткен. Әбу Һурайра (оған Алла разы болсын) Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дегенін жеткізеді: «(Мына аталған) бес амал адамның табиғатынан: сүндетке отырғызу, кіндік асты түкті алу, қолтық түгін қыру, тырнақ алу және мұртты басу» (Бұхари).
Исламда әрбір істің өз әдебі бар. Тырнақ алған дұрыс, бірақ көрінген жерде оны жасау әдепке жатпайды. Біздің ата-әжелеріміз осындай амалдарды шариғат әдебіне сай орындайтын. Мысалы, олар тырнақ алған уақытта оқшауланып алып, кейін оны топырақпен көміп тастайтын. Тырнақты асханада, беті ашық тұрған ыдыстар бар жерде, дастархан басында немесе адамдар отырған орында, баланың еңбектеп жүрген жерінде тырнақ алмайтын. Бір қарағанда жай әдеп сияқты, алайда мұның астарында үлкен даналық жатыр. Тырнақ қатты болғандықтан ұшып, тамаққа, суға түсуі мүмкін. Болмаса жерде шашылып жатқан тырнақты еңбектеп жүрген сәби ауызына салуы ықтимал және сол сияқты т.б. тырнақ алған уақытта оқшаулану, тырнақты жинап отыру құптарлық іс. Алған тырнақты «еден жуушы сүртіп алады» деп қалай болса солай алу үлкен әдепсіздік. Мұндай қылық иманды жанға жараспас болар. Кейбір кезде коғамдық орында немесе автобус аялдамасында тырнақ алып отырғандарды көресің. Мұндай әрекеттер сүннет амалына теріс, қазақтың баласына жараспайды.
Жалғас САНДЫБАЕВ