Абдурахман ибн Ауф (р.а.) айтады: «Бір түні Омармен (р.а.) бірге Мәдинаны аралауға шықтық. Келе жатқанымызда, бір шамның жарығы көрінді. Солай қарай бет алдық. Жақындаған кезде байқадық, есік жабық, ар жағында бір топ адамның айқайлаған дауысы шығып жатты. Омар менің қолымнан ұстап:
– Бұл кімнің үйі екендігін білесің бе? – деді.
– Жоқ, – дедім.
– Бұл Рабиа ибн Умайя ибн Халафтың үйі. Бұлар қазір арақ ішіп жатыр. Не істегеніміз дұрыс деп ойлайсың? – деді. Мен:
– Біз Алла Тағаланың тыйым салған ісін істеудеміз деп ойлаймын. Себебі Алла Тағала Құранда «Тың тыңдамаңдар (аңдымаңдар)» деген ғой, – дедім. Омар (р.а.) кері бұрылды да, оларды өз жөніне қалдырды».
Бұл өзгенің айыбын жасырудың және ізіне түсіп аңдымаудың уәжіптігіне дәлел болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Муғауияға (р.а.): «Егер адамдардың кемшілігін тексере берсең, оларды бүлдіресің немесе бүлінуіне себеп боласың»[1] деген.
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ
[1] Әбу Дәуіт.