Адам баласына берілген аманат ішіндегі маңыздысы – ол жанұяға болған аманат. Отбасының жағдайларын реттеп, оларға көңіл бөлу – отағасына міндет. Сахих хадисте: «Сенің мойныңда жанұяңның ақысы бар. Ендеше, әрбір хақылы адамның хақысын бер», – деген.
Қазақ дәстүрінде ерекше орын алатын маңызды жоралғымыздың бірі ол – тұсаукесер тойы. Шілдехана, бесік тойдан кейін аталып өтетін бұл салт бала енді тәй-тәй жүре бастаған шағында оған «тез жүріп кетсін», «қадамы нық болсын» деген секілді игі тілекпен жасалады.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Әрбір амал ниетке байланысты» дегені бар, демек бұл жерде шариғатқа қарсы кері әрекеттің жоғы айдан анық. Оның үстіне ала жіпті бала аяғына байлап, оны пышақпен кесер кезде «Бісміллә» сөзі айтылады, яғни «Алланың атымен» деп бастайды. Артынан балаға «адал азамат бол», «бөтеннің ала жібін аттама», «бақытты бол» сынды игі тілектерді айтады.
Баланың тұсауын кез келген адамға кестірмеген, ата-анасы ақылдаса отырып, тума-туыс дос жарандардан көпті көрген немесе ісіне адал, іс-қимылда тиянақты, шапшаң, құрметті һәм сыйлы адамды арнайы сайлайтын болған. Тұсаукесердегі ала-жіпке келетін болсақ, бала өскен кезде «өзгенің ала жібін аттамасын», «қиянат жасамасын», «жаман жолға түспесін» деген ниетпен дайындаған. Тіпті ертеде баланың тұсауын тоқ ішекпен де кескен, оның мәні «жоқшылық пен таршылық көрмесін, тоқ болсын» деген ниетте.
Баланың тұсауын жазық далада кілемшенің үстінде немесе үйде арнайы ақ мата үстінде жүргізеді. Осы кезде жан-жағындағы жиналған жұрт, ақ тілектерін айтып, шашу шашады. Біраз қадамын аттаған балаға, алдына кітап, қамшы, т.б. заттарды қойып, таңдау беріледі. Кітапты таңдау білімді, ғалымдыққа жорылса, қамшыны ат тізгінін ұстаған, ел тізгінін ұстар ержүрек, батыр болар деп санайды.
Исламда жақсылыққа ырым етуге рұқсат етілгендіктен, қазақ халқының баланың болашағына үлкен тілектестікпен тұсаукесер жоралғысын өткізуі ислам дінінің түпкі мақсатына толықтай сай келеді.
Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Сендер (Раббыларыңның қалауымен) адамдардың арасынан шыққан жақсылықа шақырып, жамандықтан тыятын, Аллаға сенген қайырлы үмбет болыңдар» және «(Уа, мүміндер) Сендердің араларыңды міндетті түрде жақсылыққа үндейтін бір қауым болсын» деген хадистерінен-ақ, қазақ халқының «Тұсаукесер» салтын бала өміріндегі әрбір кезеңінің, әр қадамының сәтті болуы үшін жақсы ниетте жасалатынын көреміз.
Жүйелесек, қазақ баласын үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелеп, жақсыдан үйретіп, жаманнан жирентіп отырған. Оның алғашқысы: ұят болады, екіншісі: жаман болады, үшіншісі: обал болады.
Ұят болады дегені – өлімнен ұят күшті, ұятты істі істеме дегені; жаным арымның садағасы дегені еді. Жаман болады дегені – жақсы сөз жарым ырыс, жамандықтан аулақ жүр дегені. Жақсының шарапаты, жаманның кесапаты тиеді деген еді; обал болады дегені – әр нәрсенің сұрауы бар, саған түкке тұрғысыз болған бір нәрсе басқа біреуге қымбат болуы мүмкін, ешкімге көлеңкең түспесін дегені.
Сәби кезеңінен бойына осындай жақсы сөздерді дарыту, қуанышты сәттеріне ортақтасып басқаларға үлгі көрсете білудің өзі, болашағына үлкен үмітпен қарайтын, белгілі тұлға болып өсуіне әсерін беретіні сөзсіз.
Қалай десек те, өзіміздің ата-бабамыз істеп келе жатқан тұсаукесер салтының астарында үлкен мән, әдемі тілек, жақсы ниет мазмұнды тәрбие жатыр.
Нұрхан ХАЛЫҚҰЛЫ,
Ақтөбе қаласының дін мәселелері және
қоғаммен байланыс жөніндегі орталығының теологы
Намаз оқимыздеп, салт дәстүрді ұмытуға аз қалдық. Арабтың дінін емес дәстүрін үйреніп алып шариғатта ондай жоқ деп жүрген адасқан қазақ қаншама. Дін мен дәстүрді ажырата алмай жүргендер аз емес.