Бүгінгі таңда қазақ қыздарының басқа ұлт өкілдеріне тұрмысқа шығуы трендке айналып кеткендей. Әлеуметтік желілерде сонысын ашық түрде үлкен мақтанышпен жария ететіндер де бар. Статистика бойынша елімізде жыл сайын 100 мыңнан астам жұптың некесі қиылса, оның ішінде 20 мыңы аралас неке екен.
Ал соңғы бес жылда еліміздегі неке санының 15,5 пайызын ұлтаралық некелер құрайтынын Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті жариялады. Яғни әрбір алтыншы жұп аралас неке деген сөз. Нақты деректерге жүгінсек, басқа этнос өкілдерімен некеге тұрған ер азаматтардың саны: 2009 ж. – 4910; 2010 ж. – 5090; 2011 ж. – 5559; 2012 ж. – 5494. Дәл осы жылдар аралығында қазақ қыздарының 2009 ж. – 4185; 2010 ж. – 4246; 2011 ж. – 4578; 2012 ж. – 4591 мыңы өзге ұлт өкілдерімен тұрмыс құрған. Ал осы отбасылардың жартысынан астамы қазіргі кезде ажырасып кеткен.
Нұр-Сұлтан қаласындағы «Əл-Ғани» мешітінің бас имамы Бағдат Ахметәліұлының айтуынша, шариғат бойынша мұсылман ер адамдарға өзге дін өкілдерімен құдаласуға болады. Бірақ олар кітап иелерінен болуы керек.
– Яғни, ойдан шығарылған дін емес, кітап түскен дін өкілдерінің қыздарына құда түсіп алуға болады. Алайда, құдаласу мәселесіне келгенде мына нәрсені анықтап айту керек: мұсылман адам кітап иелерінен қыз алуға болады, ал кітап иелері болсын, болмасын, өзге діндегі азаматқа мұсылман қызын беруге болмайды. Шариғат өзге дін өкіліне мұсылман қызды беруге қатаң тыйым салады, – дейді имам.
Елордамыздағы Отбасылық неке агенттігінің басшысы Татьяна Логвиненко соңғы жылдары қазақ қыздарымен танысқылары келетін қалталы қытай және басқа да ұлт өкілдерінің саны артқанын айтады.
– Бұл азаматтардың барлығы қытай, ағылшын, орыс тілдерін меңгерген. Екі-үш дипломдары бар Қытай, Жаңа Зеландия азаматтары, – дейді ол. Қытайтанушы, ғалым Дүкен Мәсімханұлының айтуынша, 80 жылдардың басынан күні кешеге дейін Қытайлық ханзуларға 1 бала, ауылды жерлерде 2-3 бала тууға ғана рұқсат беретін заңы әсер еткен. Ал, кез келген қытайлық азамат болмаса азаматша басқа ұлтпен бас қосса, үкіметі тарапынан үлкен қолдауға ие болады екен. Бұл туралы қытай елінде ұстаздық етіп, өз отанына оралған ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы айтады.
Ал, психолог Анна ханым аралас некеден дүниеге келген балаларға ерекше көңіл бөлінбесе, психологиялық соққы алуы мүмкін дейді. Сондай-ақ шетелдіктерге тұрмысқа шығатын қыздардың әрекетіне жігіттер де жауапты дейді психотерапевт.
– Діні әртүрлі, тілі әртүрлі, мәдениеті әртүрлі, тарихы әртүрлі жұптан қандай бала дүниеге келеді? Өзбек пе, қазақ па? Тәжік пе, әлде татар ма? Сондықтан жұбайлардың алдын ала келісіп алғандары дұрыс, – дейді психолог.
Генетик Айназ Дулатова шығу тегі әртүрлі жұбайлардан туылған балалардың денсаулығы мықтырақ болатынын айтады. Алайда бұл әсердің ұзаққа тұқым қуалай бермейтінін естен шығармау керек екенін ескертеді.
– Бұл тек бірінші буында ғана байқалады, кейіннен аталмыш әсер әлсірей береді. Мұндай балалардың ата-аналары да өз балаларын болашақта не күтіп тұрғанын болжай бермейді. Сондықтан да балаларға сыртқы ортаның жағымсыз көзқарасын сездірмеуге тырысады. Нәтижесінде аралас некеде тәрбиеленген бала қатарластары алдында білімімен де, басқа артықшылықтарымен де жоғары тұрады.
Аралас неке – көпсанды ұлттар үшін үлкен пайдасы бар саясат. Ұлтаралық некелер адамдарды шыдамдылыққа және әртүрлі ұлт өкілдеріне түсіністікпен қарауға үйретеді. Сонымен қатар аралас некедегі отбасылардың арқасында мәдениетке деген қызығушылық артып, әлеуметтік серіктестік орныға түседі, – дейді генетик.
Өзге ұлттың азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қыздарының бірі – Бибінұр Санжарова. Отбасылық өмірдің басы баянды болғанымен, арты өкінішке алып келген. Жас қыздың айтуынша, шетелдік компанияда жұмыс жасаған. Сол жерде қызмет ететін Стив есімді ағылшын азаматымен танысқан.
– Басында оны тек әріптес ретінде көретінмін. Уақыт өте келе, махаббат пен шынайы сезімге еш нәрсе кедергі бола алмайтынына көзіміз жетті. Отбасын құрғаннан кейін АҚШ-қа көшіп, сол жақта тұрдық. Отбасылық мейрамханамыз болды. Мейрамхана бизнесінің қыр-сырын толықтай меңгеріп алдым. Әрине, елді сағынатынмын. Анамды қонаққа шақырып, бірге қыдыратынбыз. Алайда бұл таңдауыма кейіннен өкіндім. Некеміз ұзаққа бармады, бір жылдан кейін мен қызыммен елге оралдым. Себебі өмірлік серігім деп таңдаған азаматым қызым екеумізді тастап, басқа жанмен отбасын құрып алды. Қызын тіпті іздемейді. Басқа ұлттың өкіліне шыққанымды әуел бастан-ақ туған-туыстарым құп көрмеді. Олармен осы күнге дейін араласпаймын, ешбіріне бармаймын. Мені қабылдаған тек ата-анам. Қазіргі кезде қызым екеуміз ата-анаммен бірге тұрып жатырмыз. Алдағы уақытта отбасын құрам ба, жоқ па, оны дәл қазір айта алмаймын. Уақыт керек шығар, – дейді Бибінұр.
Осы тұста басқа ұлт өкілдерінің қазақ қызына неге көңілі ауады деген сұрақ туындайды. Аралас некенiң көбеюіне тағы бiр себеп – арнайы талаптардың болып тұр. Арабтар өзге ұлттарға қыздарын бермейді. Жапонияда да өзге ұлтқа тұрмысқа шыққан қыздарды елден аластатып жібереді. Өзбекстанда шетелдік күйеубаланы қабылдамаса, Түрікменстанда жергілікті қызды алу үшін сол елдің азаматтығына көшу керек, сондай-ақ үкіметке салық төлейтіні тағы бар. Ал Түркияда шетел азаматтарының түрік қыздарымен танысуына мүлдем рұқсат берілмейді.
Еске салсақ, ҚР «Неке және отбасы туралы» кодексінде азаматтардың шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен неке қиюын мемлекеттік тіркеу органдарында еліміздің заңнамасына сәйкес, некеге отыруға тілек білдірген азаматы болып табылатын шет мемлекеттің дипломатиялық өкілдігінде, консулдық мекемесiнде жүргізіледі.
Тарихқа көз жүгіртсек, ұлтаралық некенің салдарынан азулы ұлттардың құшағына жұтылып кеткен қаншама ел бар. Сондықтан ұрпақ тәрбиесіне немқұрайлы қараудың арты тұтас бір ұлттың жер бетінен жоқ болып кетуіне себеп болатынын естен шығармаған жөн.
Балжан ӘБДІРАШ