Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Астана қаласындағы Бас мешітте елімізге мемлекеттік сапармен келген Түркия Республикасы Ұлттық Мәжілісінің спикері Нуман Куртулмушпен кездесіп, құлшылық ордасының жұмысын таныстырды.
Зәулім мешітті зиярат етіп келген Нуман Куртулмуш мырзаға Бас мүфти бірегей ғимараттың өзге құлшылық үйлерден ерекшелігі жайлы әңгімелеп берді. Сонымен қатар дін мен дәстүр сабақтастығын дәріптеу, жамағаттың рухани сұранысын қанағаттандыру, Ислам дінін заманауи тәсілмен насихаттау, жамағатқа халқымыздың ұлттық құндылықтарын дәріптеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы сөз етті.
Бұдан кейін ҚМДБ Төрағасы мен Нуман Куртулмуш мырза Бас мешіттегі мұражайды аралады. Бас мүфти қазақ топырағында бой көтерген тарихи мешіттер жайлы мәлімет берді. Мәртебелі мейман мешіттің туристік мұнарасына көтеріліп, биіктен қаланың тыныс-тіршілігін тамашалады.