Түркия Республикасының сыртқы істер министрлігі орман өртін сөндіруге жолдаған көмегі үшін Қазақстан Республикасына ризашылығын жеткізді.
«Қазақ бауырларымызға тілектестік пен қолдау үшін алғысымызды білдіреміз» деп жазды елдің сыртқы саяси ведомствосы Twitter парақшасында қазақ және түрік тілдерінде.
Еске сала кетейік, 7 тамыз күні Қазақстан Түркияға өрт сөндіретін екі арнайы тікұшақ пен 16 құтқарушыны жіберген болатын.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі суағар құрылғылары бар «Қазавиақұтқару» АҚ Ми-8 АМТ екі тікұшағын және құрамында 16 құтқарушы бар жедел тобын орман өртін сөндіруге көмек көрсету үшін Түркия Республикасына жіберді», – деді Талғат Уәли.
Қазақстандық тікұшақтар сенбі күні ұшып шықты және үш мемлекетте аялдап, олардың шекарасы арқылы Түркияның Мұғла қаласына жетеді.
Айта кетейік, Түркияда орман өртін сөндіру әлі күнге дейін жалғасып жатыр.