Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Түркістан облысына барған сапарында Отырар ауданында жаңа мешіттің ашылу рәсіміне қатысты.
«Баршаңызды бүгінгі Қарақоңыр ауылдық мешітінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Алла Тағала жаңа мешітіміздің ішін жамағатқа толтырғай. Расында, әрбір адам осы өмірде ізгі іс жасап, сауап алып, ұрпағына, отбасына, әулетіне, тіпті еліне өнегелі із қалдырып кетуге тырысады. Дінімізде үзілмейтін сауаптың бірі – мешіт салу.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сол үзілмейтін сауап жайлы өз хадисінде: «Кім Алланың разылығы үшін мешіт салса, Алла Тағала ол кісіге жәннаттан үй тұрғызады», – деген. Сондықтан Аллаға иман еткен мұсылмандар мүмкіндігінше мешіт салуға ерекше ден қойған және бұл сауапты істі айрықша ықыласпен орындауға тырысқан. Өйткені, мұсылман қауымын бірлікке үндеп, ізгі істерге ұйытуда мешіттің рөлі ерекше. Алла Тағала жаңа мешітімізді құтты-берекелі етсін» деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.