Түркістан облысы Мақтаарал ауданы Мақтаарал ауылдық округіне қарасты Әл-Фараби ауылында жаңадан бой көтерген «Әбу Насыр Әл-Фараби» мешіті пайдалануға берілді. Мешіттің ашылуына аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков, Түркістан облысының бас имамы Ержан қажы Төлепов қатысып, ауыл жұртшылығына игі ниетін жеткізді.
Сондай-ақ, іс-шараға аудан әкімі аппаратының басшысы Нұржан Атақұлов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Бабашев, аудандық мәслихаттың депутаттары, аудан бас имамы Нұржан Аманұлы, еңбек ардагерлері және ауыл тұрғындары қатысты.
«Қазақы дәстүрдің қаймағы бұзылмаған, дін мен дәстүріміз берік сақталған Мырзашөл өңірінде жомарт кәсіпкерлер өте көп. Осындай өлкеде мешіттердің көптеп ашылуы бүгінгі ұрпаққа рухани тәрбие берері сөзсіз. Өйткені, бұған дейін мешіті болмаған ауыл тұрғындарының тілегі орындалды. Жаңа мешіт еліміздегі бірлік пен келісімді сақтауға, жастарды тәрбиелеуге өз үлесін қосатынына сенімдімін!» деді облыстың бас имамы Ержан қажы Сматұлы. Бас имам сөз соңында жаңадан ашылып жатқан мешітке Ергешов Төлебиді жауапты имам етіп бекітті. Ергешов Төлеби Алматы қаласы «Әбу Ханифа» медресе колледжінде және «Нұр-Мүбәрак» Ислам университетінде тәлім алған. Қазіргі таңда аудандық «Абдул Әкім» мешітінің ұстазы қызметін атқарып келген.
Сәулеті келіскен жаңа мешіттің көлемі 300 шаршы метрді, жерінің көлемі 18 соттықты, күмбезінің биіктігі 20 метрді құрайды. Мұнда бір мезетте 400 адам құлшылық жасай алады. Сондай-ақ, ауыл имамының қызметтік кабинеті, дәрісханалар сияқты тағы басқа қызметтік бөлмелер бар. Келушілерге қолайлы болу үшін ғимараттың айналасындағы аумақ көгалдандырылған. Автомобиль тұрағы да жұмыс істейді.
Түркістан облысы өкілдігі баспасөз қызметі