Тарихи таным үнемі жаңғырып, жаңарып отыратын үдеріс десек, бүгінде «түрік» этнонимінің төңірегінде түрлі ой айтылып, термин таным таразысына қайта түсіп отыр. «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған пікірлер осыны аңғартады. Бұл өзі бұрын сөз болған, бірақ нақты ғылыми шешімін таппаған мәселе болғандықтан күн тәртібіне қайта қойылып отыр. Байқасақ, бүгінде «түрік» сөзіне байланысты пікірлер екіге жарылған. Біреулері «түркі» сөзжасамын дұрыс санаса, екіншілері «түрік» деген қолданысты құп көреді. Бірақ «түрік» сөзінің этимологиясы мен семантикасына қатысты жаңаша пікірлер айтып жатқандары аз. Әркім өз ұстанымын ортаға салып, өзге мәселелерге мән бермейтін сияқты.
Түрік сөзінің этимологиясы түркология ғылымында біршама зерттелген. В.Бартольд, А.Баскаков, А.Бернштам, Г.Вамбери, Ф.Гордеев, А.Зайончковский, А.Кононов, М.Қашқари, Ю.Немат, В.Махпиров, Р.Фрай сияқты ғалымдар оны арнайы сөз еткен. М.Қашқари «түрік» сөзін антропоним ретінде қабылдаса, В.Бартольд VI ғасырдағы көшпелі ел атауы, Г.Вамбери «адам», «жаратылу», Ю.Немат «күш, қуат» деген мағынада түсінгенін көреміз. А.Кононов бұл терминге байланысты бірнеше болжам жасаған. Бірінде бұл атауды «төркін» сөзімен байланыстырады. Екіншісінде, түрік сөзінің алғашқы буыны түр-түс ұғымының фонетикалық өзгеріске түскен көрінісі деген болжам ұсынады. Соңғы «к» – көпшілік жинақтаушы аффикс. Осы негізде атауды түрік әскерінің жинақтаушы атауы деген тұжырым жасаған.
«Түрік» сөзіне қазақ ғалымдары да ой бөлді. Өзінің «Түрік» сөзінің тегі неде?» (БжЕ, 1979, №12) атты мақаласында Ә.Қоңыратбаевтың түрік сөзінің моңғолда түркот, қытайша – түкюс, санскритше – туруска, грекше тойркот, санскритше – туруска, соғдаша – түрк екенін жинақтап, оны тархан, түркан атауларымен байланыстырғаны бар. Одан бөлек бұл мәселеге қатысты арнайы мақала жазған зерттеушілер бола қойған жоқ.
Өзінің «Түрікмен шежіресінде» Әбілғазы Мәуереннаһр аймағына барған оғыздардың түрік, ал бұрынғы түріктердің түркманенд деген атауға ие болғанын көрсеткен. Мұндағы түрк – этноним болса, маненд – түрікке ұқсас деген семантикаға ие. Осыған жуық пікір И.Березин басылымынан да кездеседі.
Түрік сөзі туралы деректерді М.Қашқари сөздігінен де табамыз. Онда бұл этнонимді алғаш А.Македонскийдің қолданғаны айтылған. Әбілғазы шежіресінде turk+man деген мәлімет келтірілсе, енді бір деректерде атау «турк iman» болып, исламға бейімделген. Осы аймақтағы парсылармен тілдескен түріктер өздерін turk+man деп атағанын Вамбери де жазған. Бірақ парсы сөзінің фарси ретінде жұмсалғаны секілді түрік атауы түрки формасында қолданысқа көп түсе қоймаған.
«Түрік» сөзінің мағынасы әр алуан. Түрік – этноним, түрік – эпоним, түрік – антропоним, түрік – түрік тектес тайпалардың ортақ атауы. Ғасырлар бойы жинақталған осы деректерді назарға алар болсақ, «түркі» тұлғасында қолданысқа түскен этноним, эпоним, антропонимдердің болмағанын көреміз.
В.Бартольд және оның замандастарының еңбектерінде түркі-моңғол деген қосарлы этнонимдер кездесіп отырады. Рашид ад-Дин, Әбілғазы жазбаларымен жақсы таныс болған В.Бартольд түріктер мен моңғолдардың тектестігін ескеріп, «түрік» сөзін жалқы емес, «түркі-моңғол» деген қосарлы этноним үлгісінде пайдаланған.
ХХ ғасырдың 40-жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты жүзеге асырмақ болған «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты жобаның екінші кітабына көне түрік жазба ескерткіштері мен Түрік қағанаты туралы танымдық материалдар енуге тиіс болған. Институттың архив деректерінен бұл тақырыптардың Ә.Қоңыратбаев еншісіне тиіп, республикамыздағы мерзімді баспасөз беттерінде Махмұт Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақырғани, т.б. жазба мұраларына байланысты мақалалары жарық көргенін байқаймыз. Аталған тақырыптарды ғылыми оралымға қосқаны үшін ғалым саяси сынға ілігіп, нәтижесінде, ғалымдарымыз түркологиялық ізденістерден бас тартуға мәжбүр болған. 40-50-жылдары тарихи танымға шектеу қойылып, тарихи мектеп тәжірибесі теріс бағаланды. Көне түрік тарихын сөз еткен ғалымдарға «пантүркист» деген саяси айдар тағылып, қудалауға түсті.
Мәселе саяси сипат алған кезде зерттеушілеріміз «түрік» сөзін екі түрлі формада қолдануға мәжбүр болған. Оның біріншісі (түрік) Анадолы түріктеріне, екіншісі (түркі) Алтайды мекендеген түрік тектес тайпаларға қатысты қолданысқа түскен. Мұны 1926 жылы Бакуде өткен түркологиялық басқосудан соң жүзеге асқан деушілер де бар. Бірақ 30-жылдарғы еңбектерден түрік және түркі деген бөліністерді кездестіру қиын. Көне түріктер, көне түрік жазбалары деген тіркестер қолданысқа түссе де, түрік және түркі деген бөлініс 40-жылдарғы әдеби-тарихи ізденістерден байқала бермейді. «Пантүркист» деген саяси қалпақ бұл екі терминді қолданғандарға емес, Алтайдағы түрік тайпаларының тарихы мен жазба мәдениетін зерделегендерге кигізілген еді.
Бір этнонимнің екі түрлі үлгіде қолданысқа түсуіне В.Бартольд еңбектеріндегі «тюрко-монгол» деген тіркестің негіз болғанын айттық. Екінші жағынан, бұл терминдер «капиталистік» Түркияны кеңес одағының құрамындағы түрік тектес халықтардан ажырату үшін қолданылған. Осылайша, кеңес одағының құрамына енген халықтардың атауы «түркі», ал Анадолы жұрты «түрік» аталып кете барған. Бірақ бұл 30-50 емес, 60-80-жылдары жүзеге асқан үдеріс. Осы кезде түркология ғылымы дамып, көне жазба ескерткіштер зерттеле түсті. Ә.Қоңыратбаевтың «Көне түрік поэзиясы және қазақ фольклоры», М.Жолдасбеков, одан соң А.Қыраубаеваның көне жазба ескерткіштерге байланысты ізденістері жүзеге асырылды. Бұл тақырыпты Қ.Өмірәлиев сияқты тілшілер де зерделеді.
Бүгінде көне түрік жазбаларын зерттеушілер қатарына түркология мәселелерімен кештеу айналысқан ғалымдарды қосу байқалып жүр. Қарсылық жоқ, бірақ оларды түркология ғылымының іргетасын қалады деп дәріптеуден аулақ болғанымыз жөн. Себебі бүгінгі зерттеушілер оның ақ-қарасын оп-оңай анықтап алады.
Түрік тайпаларының жазба ескерткіштеріне қайта оралу өткен ғасырдың 60-жылдары И.Стеблеваның «Поэзия тюрков VI-VIII веков» атты еңбегінен соң басталған еді. «Күлтегін» жазбасының ғылыми оралымға түсетін кезі – сол. И.Стеблева еңбегінің ізімен қазақ ғалымдары да орхон жазба ескерткіштеріне байланысты зерттеулер жүргізді. Бұл бағыттың басында сонау 40-жылдардан бастап Ә.Қоңыратбаев тұрып, негізгі ойларын «Қазақ ауыз әдебиетінің исламға дейінгі дәуірі» деген мәселе аясында ғылыми оралымға түсірген болатын. 60-жылдары М.Жолдасбеков, А.Қыраубаева сияқты жас кадрларды даярлау ісіне Б.Кенжебаевтың қосқан үлесі де болды.
Жарты ғасырдан астам уақыт түрік сөзі ғылыми әдебиеттерде түрік, түрүк, түркү, түркүт түрінде қолданылып келсе, тегі бір халықтарға бірде «түрік», бірде «түркі» деген калькалық терминді қолданудың жасандылығы айқын. Әрине, жарты ғасырға жуық қолданыста болып, құлағымызға әбден сіңіп кеткен бұл терминдерді бір сәтте өзгерте қою оңай емес. Өйткені кеңес заманында талай зерттеулер осы ізде жазылды. Дегенмен бұл тақырыпты ғылыми негізде арнайы сөз етіп, «түрік» сөзінің табиғи, ал «түркі» атауының жасанды, калькалық сипатын ашатын кез келді. Мұны бір кездері түркология ғылымында жіберілген кемшіліктерімізге қайта бір оралу, түзету, яғни герменевтикалық пайым деп түсінген ләзім.
Тынысбек ҚОҢЫРАТБАЙ,
филология ғылымдарының докторы, профессор