Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Түркістан қаласында мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың туғанына 130 жыл толуына орай «Тұрар және Түркістан идеясы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысып, баяндама жасады.
«Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Адамдардың ең жақсысы – өзге адамдарға пайдалы болғаны» деген. Тұрар Рысқұлов – халқымыздың болашағы жолында шейіт болған ерен ерлеріміздің бірі. Ол – зұлмат замандарда ашаршылыққа ұшыраған жұртымызға қамқор болған дара тұлға. Тағы бір хадисте: «Садақаның ең абзалы – адамдарды тамақтандыру» делінген. Рысқұловтың жетекшілігімен Әулиеата маңында қоғамдық тамақтандыру орындары ұйымдастырылып, онда 20 мың адамға дейін аштыққа душар болған қазақтарға тамақ берілді» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.