Өмір жолы – бұралаң болатыны белгілі. Алайда тура жолда жүретіндер түп мақсатына алқынбай жететіні де – хақ. Тура жолда жүргендер немесе соған тырысып жүргендер – бақыттылар, бақыт мекеніне бет алғандар. Сол үшін күнделікті бес уақыт намазымызда «Фатиха» сүресін қайта-қайта оқып, Алла Тағалаға «бізді тура жолыңмен жүргізе гөр, тура жолыңнан тайдара көрме, тура жолыңның үстінде жанымызды ал» деп жалбарынамыз.
Біздің ойымызша, аяттар мен хадистерге, ата-бабамыздың өсиеттеріне сүйенсек, тура жолдың, тура жолда жүргеніміздің мынандай белгілері бар:
- Иман келтіру – Құдайдың Барлығы мен Бірлігіне, Ақырет күніне, тағы басқа барлық иман шарттарына сену;
- Иманына сай ғибадат жасау – ғұмыр кешу: шариғат-ізгілік Жолында жүру;
- Құлшылық-ғибадатын ықылас дәрежесіне жеткізуге талпынуы: «тек Алла разылығы үшін» деген ниетке бекем болуы; шариғат үкімдерінің ішкі мән-мазмұнына үңілу;
- Өмірінің мән-мақсатын түсіну-анықтау;
- Адамдарға, жалпы жаратылысқа пайдалы болу;
- Ешкімге, ешнәрсеге қиянат жасамау, қолдан келген жақсылықты жасау;
- Көп игілігі, оның ішінде ұлты үшін қызмет ету;
- Менінен – нәпсісінен көтеріле білу, оны тізгіндей білу, оны тәрбиелеп – ізгілендіру;
- «Білгенім – бір тоғыз, білмегенім – тоқсан тоғыз» деген шәкірттік хәлде болу;
- Кез келген адамға «Адам» деп қарай алу, сол негізде қарым-қатынас жасау;
- «Адам – Ұлы Жаратушының халифы-орынбасары» деген түсінікке жету;
- Кінәләу позициясынан – түсіну, ақтау, аяу, жақсы көру, құрметтеу ұстанымына қадам басу;
- Қарым-қатынаста: мейірім мен кешірімнің, әділдік пен кеңдіктің, қарапайымдылық пен кішіпейілділіктің, жомарттық пен жанашырлықтың – махаббаттың басым бола түсуі;
- Ата-анасына, олардың кім екеніне, кім болғанына қарамастан, асқан құрметпен қарауы: тіпті ішінен «түһ» деп айтпауы – перзенттік орнын терең түсіне бастауы; тегіне үңілуі;
- Жұбайына, балаларына «аманат» ретінде қарауы – құрметтеуі, сүйіспеншілікке негізделген қарым-қатынаста болуы;
- Туыстарымен, ешнәрсеге қарамастан, жақсы қарым-қатынаста болуы; сыйластық пен көмектің арта түсуі;
- Достық, махаббат, адалдық, шыншылдық, қарапайымдылық, жомарттық, парасаттылық, даналық, кешірімділік, кеңдік секілді құндылықтарды бойға сіңіру, соларды басшылыққа алып өмір сүру;
- Білім-ғылымға, өнерге құштар болу; жасампаздық, шығармашыл қасиеттердің артуы;
- Кінәні өзінен іздеу, назарды қателіктерді жоюға бұру;
- Қателіктерінен сабақ ала білу; мәселені мүмкіндікке айналдыра алу;
- Өткенге – сабақ, бүгінге – шүкір, ертеңге – үміт, жан-жағына – махаббат, тағдырына – разылық хәлде жүру; сырттай – харекет-күрес, іштей – қабылдау-сабыр хәліне ұмтылу;
- Амал-әрекетіне емес, тұлғалық сипатына – өзінің кімдігіне баса мән беру; жақсы қасиеттерін жетілдіру; мінезін көркемдеу, әдебін әрлеу;
- Әрбір істен – мән, әр сәттен – ғибрат, әр адамнан – ұстаз іздеу;
- Өз болмысын тану: нәпсілік табиғатынан рухани өзегіне бұрылу, рухына табан тіреп ғұмыр кешу;
- Алланың Даралығын – Әлемнің Бірлігін түсіну-түйсіну; адамдармен қарым-қатынаста бірлікке, «бізге» ұмтылу – сүйе білу…
Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ