Сұрақ: Түннің үштен немесе төрттен бір бөлігін қалай анықтайды?
Жауап: Мұсылман адам Алланың ризашылығына бөлену үшін түннің үштен бірінде тұрып таһажут және т.б. намаздарын орындайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде «Түнгі намазды оқыңдар, ол сендерден бұрынғы ізгі, салиқалы құлдардың әдетке айналдырған намазы. Шындығында, түнгі намаз Аллаға жақындата түседі, күнәлардан арылтады, ауру-сырқаттардың шипасын беріп, жамандықтан алшақтатады» деген.
Түннің үштен немесе төрттен бір бөлігін анықтауда ақшам намазының кіруі мен таң намазының кіру уақыты ескеріледі. Осы уақыт аралығын үшке немесе төртке бөліп қарасақ, үш немесе төрт сағат шамасындағы уақыттарды қамтиды. Таң намазына дейінгі үш немесе төрт сағаттық уақыт түннің үштен немесе төрттен бірі деп қосымша құлшылықтарыңызды орындауыңызға болады.
Ескерту: түрлі аймақтардың уақыттарын ескере, ҚМДБ-ның бекіткен кестесі негізіндегі намаз оқу уақыттары бойынша есептегеніңіз абзал!
Икрам АЙТАЕВ