Режеп Тайип Ердоған Халықаралық ғарыш стансасына ұшырылатын тұңғыш түрік ғарышкері Альпер Гезеравжымен сөйлесті, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.
Аталған БАҚ-тың мәліметінше, министрлер кабинеті жиналысы кезінде өткен кездесуде Президент Ердоғанның: «Ғарыш міндетін атқаратын тұңғыш азаматымыз сен боласың. Ұлтымыздың мақтанышы боласың. Дайынсың ба?» – деген сұрағына Гезеравжы дайын екенін айтты.
Түркия президенті Ердоған бұл ғарыш сапарының маңызы зор екенін айтып, ғарышкерге сәттілік тіледі. Ол осы міндет әрі ғылым миссиясы, әрі балаларға, жастарға шабыт болатындай құнды, жаңа бастау болатынын айтқан.
«Осы миссия жалғасын табады. Мақсатты арттыра береміз. Саған және командалас жолдастарыңа табыс тілейміз. Аман-есен міндетті атқарып келуіңе тілектеспін. Алла Тағала жар болсын. Жолың ашық болсын», – деді Режеп Тайип Ердоған.
Айта кетейік, құрамында Альпер Гезеравжы бар команданы тасымалдайтын зымыран 19 қаңтар күні Түркия уақытымен сағат 00.49-да ғарышқа ұшырылады.