Нұр-Мүбарак университетінде тұңғыш Бас мүфти Ратбек қажы Нысанбайұлының «Пайғамбарлар тарихы» кітабының тұсаукесері өтті
Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған топ және Алматы облыстық Дін істері басқармасының өкілдері “Нұр-Мүбарак” университетіне ат басын тіреді. Еліміздегі бірегей ислами жоғары білім ордасында алғашқы Бас мүфти Ратбек қажы Нысанбайұлының «Пайғамбарлар тарихы» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Қасиетті Құранмен басталған шараның ізгі тілектер легін ҚМДБ-ның төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы бастады:
– Біз бүгін сауапты, жиында бас қосып отырмыз. Біз үлкенді сыйлап, құрметтеген халықпыз. Сонау Кеңес дәуірінде қазилық қызмет атқарып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын құрған қазақтың тұңғыш мүфтиі, ұстазымыз Ратбек қажы Нысанбайұлының «Пайғамбарлар тарихы» талай жылғы нағыз құнды еңбек. Қиын-қыстау кезеңде қаншама шәкірт тәрбиелеп, нағыз ұлтжандылық танытып, дінімізге сіңірген еңбегіңіз үшін Сізге алғысымыз зор, – деді Бас мүфти.
Ал “Нұр-Мүбарак” университетінің ректоры, профессор Мухаммад әш-Шаххат әл-Жинди Ратбек қажы Нысанбайұлының еңбектерімен таныса келе: «Кеңес дәуірінде ҚМДБ құрып, “Нұр-Мүбарак” университетінің негізін қалауға, алғашқы медресе ашу секілді дінге сіңірген еңбектеріңізге қарап, Сіздің есіміңізді «Фатих» – Ашушы деп атағым келеді», – деп жүрекжарды лебізін білдірді.
Бұл шараның өтуіне барынша ат салысушы Алматы облыстық Дін істері басқармасының басшысы Есдаулетов Рахмет мырза шұғыл жағдайлармен келе алмаса да Діни ахуалды талдау, ақпараттық-түсіндіру және әдістемелік жұмыс бөлімінің басшысы Бауыржан Ниет, Алматы қалалық Дін істері басқармасының басшысы Нұрлан Қиқымов мырзалар өз құттықтауларын жеткізді.
Келушілер арасында да ақсақалға жүрекжарды тілектері мен алғыстарын жаудырған жандар аз болмады. Өткен тарихқа шолу жасап, еліміздің елдігі жолында діни ұстанымның беріктігіне қатысты басты қағидаларымен бөліскен Ратбек қажы ақсақалға “Нұр-Мүбарак” университеті шапан жауып, сыйкәде жасады.
Ғибратты кітаптың тұсаукесері “Нұр-Мүбарак” университеті басшылығы тарапынан жасалған үлкен тосын сыйға, яғни Тұңғыш бас мүфти атындағы заманауи технологиялармен жабдықталған аудиторияның ашылуымен жалғасты.
Айша КЕҢЕСБАЙ