(болған оқиға ізімен)
…Тұншығып барады. Дем ала алмай аласұрды… «Мама, мұнда маған ауа жетпейді!.. Мама! Ма-мааа!..»
Өз даусынан өзі шошып оянды. Сықырлаған темір төсек, қараңғы камера… «Уһ!» – деп терең күрсініп орнынан асықпай тұрды… Ары-бері камера ішінде сенделіп біраз жүрді. Кенет күзетшінің дауысын естігенде төсегіне топ ете қалды. Ішке кірген күзетші біраз қарап тұрды да, қайта шығып кетті.
«Осы да өмір ме? – деп күбір ете қалды. – Бұл – тозақ. Бұл – өмірдің тозағы… Шіркін-ай, әсем табиғаттың құшағында екі қолын серпе жайып тұрып, саф ауаны кеудесін кере бір жұтса ғой….»
Ол армандап жатып ұйықтап кетіпті. Түсінде кәрі шешесі Юлияны көріпті…
Анасы дәл бала күнгідей ас үйде иісін аңқытып тәтті құймақ пісіріп жүр екен. Бұл төсегінде ұйқысын қимай, керіліп ұзақ жатты. Бұдан артық бақыт бар ма?! Үйде өзге жан жоқ. Қарындасы, ағасы мен әкесі де көрінбейді. Ол бұл үйде анасы екеуінен өзге адам бар екенін ұмытып та кеткен секілді. Анасының жып-жылы алақаны маңдайынан шашына қарай аялап сипап өткенде көзін ашты. Көз алдында түзеу мекемесінің қызметкері тұр екен.
– Журавлев! Саған арнайы шақырту керек пе? Әлде сен ерекше жаралған «тұлғасың» ба? Тез тұр! Киін де, сапқа қосыл! – деп айқай салғанда, тез есін жинап алды…
Атаманның ақыры
…Максим Журавлев қасында жүрген бір топ жігіттің ішінде атаманы болатын. Зіңгіттей жігіттің шоқпардай жұдырығынан сескенбейтін адам кемде-кем. Жанында жолдас болып жүргені болмаса, қасындағы он шақты жігіттің бәрі де оның жұдырығының дәмін татқан. Көздерін көгертіп, қабырғасын қаусатса да, олар мұның жанынан бір елі шықпайтын.
Өзге «атамандардан» қорғайтын Максимнің дәурені жүріп тұрған шақ. Күнде думан, күнде той. Біреуді қорқытып, біреуді үркітіп алады. «Берсе – қолынан, бермесе – жолынан» деген нағыз көше бұзақылары…
«Осылай шайқап өмір сүру керек!» деген ұрандары тағы бар. Өскемен қаласында бұлар бас сұқпаған ресторан, кафе, түнгі клуб қалмаған. Бұлар келе жатқаннан көлеңкесінен қорқатындар да бар. Жүрген жері айқай-шу, төбелес…
…Олар жаңадан ашылған кафеге келіп жайғасты. Ең қымбат деген ащы судан, тіскебасардан алғызды. Біреудің ақшасын аясын ба? Ақша қалай келсе, солай кетеді деген емес пе!? Бірі су жаңа көлігін, енді бірі сұлу қызды қалай өзіне қаратып алғанын, тағы бірі әлдекімді бір соққымен қалай сұлатқанын айтып жарыса мақтануда. Бір-бірінен өткен басбұзарлардың әңгімесінің өзі қорқынышты еді.
Қас қарая кафеде отырғандар қарасы көбейе түсті. Жаңадан ашылған соң, балға үймелеген арадай келушілер саны толастар емес. Бірі келіп, бірі кетіп жатыр. Түн жарымы ауғанда бұлар тысқа темекі тартуға шықты. Кафе қожайыны да жабылатын уақыт болғанын қайта-қайта ескертіп жатқан. Бұлар шыға салып есікке құлып салынды. Бұлардан басқа да темекі түтінін будақтатып, кафені қимай тағы бір топ жігіт тұр екен. Араққа сылқия тойған Максим жайлап қастарына жақындап:
– Бұл – біздің территория! Қайқайыңдар! Әйтпесе, мүйіздеріңді қағып аламын! – деп гүр ете қалды.
– Ей, дүңкиген дәу денеңе масаттанба! – деді шикі сары тапалдау келген жігіт.
– Спорт шебері шығар, бәлкім! – деп екіншісі іліп әкеткенде бәрі қарқылдап кеп күліп алды.
Мастықтан қаны қайнап, кеудесіне сыймай тұрған Максимге керегі осы еді. Жұдырығын сермеп үлгерді. Шалқасынан құлаған жігіттің жақтастары жапа-тармағай бұған бас салды. Максимнің достары да қарап тұрмады. Қып-қызыл төбелес ұзаққа созылмады. Полиция көлігінің дабылы жерді жарып келіп тоқтағанда жанындағы жан жолдастарының көбі қашып үлгерген еді.
Келесі топ үймелеп бір жерге жиналып қалыпты. Біреу осы төбелестің құрбаны болғаны анық… Кім? Ол жағы белгісіз. Қарақұстан тиген қатты соққыдан сол жерде тіл тартпай кетіпті.
Таң алагеуімде бұлар уақытша қамау орнында отырды. Іс насырға шапқанын жүрегі сезсе де, атаман түрін бермеді. Қасындағы қалған нағыз достары бұған жаутаңдап қарап біраз отырды. Бәлкім, кім біледі, қашып үлгермей қалған соң, амал жоқ қасында отыруы да мүмкін ғой….
– Макс, а Макс! Сен біздің қорғаушымыз емессің бе? – деп сөз бастады Сергей.
– Иә, сен біздің компанияның атаманысың! – деп іліп әкетті Жандос.
– Макс, егер бәріміз бірге түрмеге кетсек не болады? Біздің территорияға кім бас-көз болады? Оның үстіне білесің, менің әйелім айы-күні толып, босанайын деп отыр. Қалай болады енді?.. – деп сөзінің соңын жұтып қойды Сергей.
– Сергей дұрыс айтады, – деп әңгімеге қосылды бағанадан бері үнсіз отырған Тимур.
– Менің де әйелім жақында босанды. Егіз баламды кім асырайды? – деп күмілжіді. Жылады ма, жыламсырады ма, ол жағы белгісіз, теріс қарап, көзін сүрткен болды.
Макс мелшиіп үнсіз отыр. Мақтау құлағына жағып барады. Құдды бір айта түссе екен дегендей.
– Макс, сен бойдақсың. Ағаң мен қарындасың бар. Әке-шешеңе солар-ақ қарайды. Ал менің жалғыз ауру шешеме кім қарайды? Құсадан өліп қалмай ма? – деп Жандос та жыламсырады.
– Үнемі бізді қорғап жүресің, қолдап жүресің. Саған алғысымыз шексіз! Атаман деп саған арқа сүйейміз. Сені тыңдап, айтқаныңды екі етпейміз. Қарсы шыққан жеріміз жоқ. Мүмкін, осы қылмысты мойныңа аларсың!? Тек сен ғана бізге көмек көрсете аласың! Басқа кім?..
Әншейінде сөзге жоқ Тимур шешенсіп сөйлегенде Максим де қомданып қалды.
– Біз саған көмектесеміз. Бір-ақ жылда үйтіп-бүйтіп шығарып аламыз. Білесің ғой, Тимурдың заңгер ағасы бар. Ол бізге көмектеседі. Солай ғой, Тимка?
– Иә, әрине! Көмектеседі! – деді Тимур. Тым сенімді айтқанына өзі де іштей таң қалды. Бірақ, онысын білдірмегенсіп, басын шұлғи берді.
– Көрдің ғой, Макс, үшеумізден басқасы алды-артына қарамай қашып кетті. Төртеуміз ғана қалдық. Төртеуміз мәңгілік дос болып қаламыз. Не дейсің? – деген Сергей атаманның жауабын тағатсыздана күтіп, көзіне тік қарады.
Үш досы бірдей «астына көпшік лақтырғасын», мақтау сөзге масаттанып, Эверест шыңына шыққандай күйде біраз отырды да:
– Иә, бауырлар, мен сендерге атаман болдым. Енді ол жақта да атаман боламын, – деді.
Үшеуі жүрегі жарылардай қуанып, мұны құшақтай алды. Күзетшілер кедергі болмағанда қуаныштан көтеріп алып, аспанға лақтырар ма еді, кім біледі…
Арада біраз уақыт өткенде үш досы тергеуден босап, үйлеріне қайтты. Бұл бар кінәні мойнына алып қала берді. Сотта мұның тым сенімді, өз-өзіне көңілі толып тұрғанын аңғармаған жан болмады. Соттың өзі бар кінәні мойындап, мәз болып тұрған 18 жастағы Максимге 9 жыл 6 ай жаза кесті. Оған әкесінің «Ақымақсың, ұлым, ақымақсың!» деген сөздері де әсер етпеді. Тек анасының орамалын бетіне басып тоқтаусыз жылап қалғаны ғана жанына батқандай болды. Филология факультетінің 1-курс студентінің өмірі күрт өзгерді. Оқу жайына қалды…
Оның ата-анасы дәрігер болатын. Әкесі – хирург, ал анасы – балалар дәрігері. Олар қызметте білікті маман, үлгілі отбасы еді. Ағасы – спорт шебері. Он жас үлкен ағасын ата-анасы үнемі мақтан тұтты. Қарындасы да үріп ауызға салғандай әдемі, мінезі де көркем болатын.
Ол қамауда жатып көп ойланды. Өзгенің қылмысын мойнына алып, қателік жасады ма, әлде шынымен бұл сілтеген жұдырық әлгінің ажалына себеп болды ма екен… Бірақ, жылдар бойы ойланса да нақты жауабын таба алмады.
Түзеу мекемесі бұл ойлағандай «жұмақ» болмай шықты. Бір жылдан кейін алып кетеміз деген достары да қара көрсетпеді. Анасы мен әкесі ғана үнемі келіп тұрды. Әкесі бұған ашулы әрі аянышты көзімен қарап тұрса, анасы тоқтаусыз жылай беретін. Мұнда атаман болу арманға айналды. Күрзі жұдырығы да жарамсыз болып қалды. Қайта-қайта карцерге қамала берген соң, тып-тыныш жүріп, тәртіпке бағынуды үйрене бастады.
Күндер күңіреніп өтіп жатты. Айлар аямады. Жылдар жылап ағып бара жатты… Ол өзінің атаман болғанына өкінетін халге жетті.
Жығылғанға – жұдырық
…Жазасын өтеп шыққан Максим алдымен әкесінің қабіріне келді. Мола басында зар еңіреген оның даусы жер-ананы тебірентіп жібергендей еді. Үйге келіп, анасының ыстық құшағына енді. Ұзақ жібермей құшақтап тұрған соң, анасының бетіне қарады. Жүзін әжім торлап, қартайып қалған, қуаты да кеміген. Баласына шай құйып беріп отырып, жылады. Үйлі-баранды болып, бөлек шығып кеткен ағасы мен тұрмыстағы қарындасы кешке қарай келді. Соқа басы сопайып өздері ғана келіпті. Жары мен балаларына қылмыскерді қалай көрсетсін?
Олар бір шай ішіп, кетіп қалды. Көп ұзамай Максим анасының ақылымен Лидияға үйленді. Александр атты тұңғыштары дүниеге келді. Күн мен түннен шатасқан ерлі-зайыпты баланың бар бейнетін бірге көтерді. Алғашқы тісі шыққанын, отырғанын, жүргенін, сөйлегенін көрді. Көз алдында баласы өсіп келеді. Анасының бақыттан бал-бұл жанғанын көріп масаттанатын. Бірақ…
Бірақ, баласы 2-ге толғанда үйде ұрыс-керіс көбейіп, ақыры ажырасып тынды. Бұрынғы әдетінше кафе жағалап, ескі достарымен бірге ішіп кеткен Максимнің қылығына Лидия шыдамады.
Баяғы Сергей, Жандос, Тимур мұның тілін тауып, ақталып, бірге кафеге апарып тойлатып жүретін дәуренге қайта жетті. Бұрынғы «бизнестерін» дамытыпты. Бүгінде атаман Сергей екен. Ол мұның қытығына тисе де үндемеді.
Сөйтіп жүргенде Сарамен түнгі клубта танысты. Өзі де кет әрі емес сұлу келіншекпен арада көп уақыт өтпей-ақ үйленіп алды. Қылықты келіншегі мұны кафеден сыраға тойып келгенде қабақ шытпай қарсы алатын. Мұнысы оған қатты ұнайтын.
Үйленгеніне екі айдан асқанда Сара қайтыс болды. Бұл өлім Максимді есеңгіретіп-ақ кетті. Сүйкімді де сұлу, қылықты да қабақ шытпайтын сүйіктісіне аяқ астынан не болғанын түсінбеді. Сөйтсе, түнгі клубта кездескен сұлу «қауіпті аурумен» ауырып жүр екен. Өмірінің соңғы күндерін жақсы өткізу үшін ол осындай «періште» қалыпқа еніпті. Тіпті, ол жезөкшелікпен тіркеуде тұр екен.
Тағы да «ғасырдан да ұзақ түн». Тағы да сол төртеу тәлтіректеп кафеден қайтып келеді. Максим үйіне кіріп, қайта шықты. Үйде күлімдеп күтіп отыратын Сараны қатты сағынды. Көшеге шыққан бойда бар ақысын біреуден алғысы келді. Үй жанынан өтіп бара жатқан 25 жастағы жігітті дәу жұдырығымен төмпештей жөнелді…
Есін жиса, камерада жатыр екен. Әлгі жігіт біреудің жалғыз ұлы екендігін, оны жұдырықтап өлтіргенін білді. «Бір таяқтың бата тиетіні, бір таяқтың қате тиетіні» рас-ау. Бостандықта өткен үш жыл оған көптік етті. Осылайша 10 жылды арқалап кете барды. Сотталғанына тіпті қиналған да жоқ. Себебі, түрмеде жату сүйікті Сарадан айырылудан қиын емес-тін.
Аурудан әдет жаман
Он жылда екі рет үйленді. Өздері іздеп келіп танысып, өздері үйленуге ақ көйлегін киіп, сәнденіп келетін қыздар түзеу мекемесінде жатқан жазасын өтеушілердің өмірін күрт өзгертетін. Бірі қыз туып берсе, екіншісінен ұлды болды. Бірақ, бостандыққа шыққанда тағы да бойдақ еді.
Түзеу мекемесінде темір ұстасы мамандығын игерсе де, слесаръ болып жұмыс істегісі келмеді. Ақшасы аз, жұмысы қиын мамандық деп ойлады. Ол өмірінің 20 жылын тар қапаста өткізгендіктен бостандықта өмір сүре алмады. Жеке бизнес ашып, тағы да шаңырақ көтерді. Жеңгетайлықпен айналысатын көлеңкелі бизнестің басын ұстап көрді.
Бесінші әйелі – Мария жеңіл жүрісті келіншек еді. Бір ұл туып, құндақтағы баласын көтеріп, үйден бір күнде кетіп қалды.
Бір күні жұмыс орнына есірткі таратушы делдалдар келді. Тауарын жарнамалап, тіпті, 2-3 рет тегін беретінін, бұл бизнестен пайда ұшан-теңіз екенін айтты. Осылайша, Максим әп-сәтте-ақ есірткі бизнесінің бір өкілі болып шыға келді.
Ақша шіркінді оңды-солды шашты. Жегені алдында, жемегені артында, үш досы қашан да қасында. Бизнесмен болу оларды есінен айырды. Есірткінің дәмін өздері де көрді. Күндіз талып ұйықтап, түнде көше кезетін бозбала күнгі әдеттерінен еш жаңылмады.
Алайда, бір күні түнде арнайы жасақ бұлардың «бизнес орталығына» басып кірді. Жеңгетайлық пен есірткі саудалағаны үшін тағы қамалды. Қалтасынан шыққан 200 грамм есірткі мұны тырп еткізбеді. Бұл жолы ол жалғыз кетпеді. Жанында жүрген жан достарын ала кетті. Түнде түлен түрткен төртеудің жыры осымен бітті.
Максимнің бүгінде үш ұлы, екі қызы, бір немересі өсіп келеді. Оларға әке болып жарытпаған Максим 48 жасында 13 жылға сотталып, түзеу мекемесінде өзінен 20 жас кіші Таняға тағы үйленді. Әзірге балалары жоқ. Алты рет үйленіп, үш рет ұзақ мерзімге ауыр қылмыспен сотталған Максимнің он үш жылдан соңғы өмірі әлі белгісіз.
Бір оқиғаның бірнеше мәрте қайталанып келе беруі – 80 жастан асқан кәрі анасының ғана жүрегіне қатты батады. Кішкентайынан айтқан нәрсені керісінше орындайтын, жина десе шашатын, барма десе баратын сары баласының қилы тағдырын ойлаған анасы оны түсінде қорғап, қолдап жүретіндей.
Анасының Максим 1-сынып оқып жүргенде «Дорогая мама» деп жазған дәптерін әлі күнге дейін сақтап жүргенін қайтесің. Ол ұлының бар қатесін кешіруге әзір. Әттең…
«Қанша өмірі қалды дейсің», – деп аяй ма екен, әлде Ана деген бала үшін өз биігінде қалатын қымбат жан болғандықтан ба, Максим соңғы кезде қалың дәптердің ақ парақтарын «Мама – это все!» деп келетін өлең шумақтарымен толтыратын жаңа әдет тапқан…
Айгүл АМАНКЕЛДІҚЫЗЫ