Ауылға барғанымда көршімнің үйіне бас сұқсам, ол өзінің досымен тумар жайлы әңгіме қозғап, дауласып отыр екен. Көршім намаз оқитын адам еді. Әңгімесіне қарасам, тұмар тағу – ширк, яғни Аллаға серік қосу, дінімізде тұмар тағыңдар деген ешқандай аят-хадистер жоқ, адамды тұмар емес, Алла тағала қорғайды деді.
Сосын оған мына бір әңгімені айтып бердім.
Бірде дұшпандары пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көзін құртуды ойлап, балшы, сиқыршы, құмалақшы, дуакештің бәріне барып дуа жасатады. Бірақ сыртынан сан рет сиқыр жасатса да, пайғамбарымызға (с.ғ.с.) әсері болмайды.
Сол заманда Йемен жерінде мыстандығымен аты мәлім бір жәдігөй кемпір болыпты. Біреудің сыртынан дуа жасаса, ол адам сол мезетте қайтыс болады екен. Залымдар кемпірге барып көмек сұрағанда кемпір:
– Маған Мұхамметтің (с.ғ.с.) шашын әкеліп беріңдер, – дейді. Залымдар:
– Оны қалай аламыз? – деп бастары қатып жүргенде, бір күні кемпір пайғамбардың (с.ғ.с.) қызметшісі арқылы тараққа тұрып қалған бірнеше тал шашын қолға түсіреді. Шашқа сиқыр жасап, түйіншекке түйіп, Зәруан атты құдыққа жасырады.
Ертесіне пайғамбармыз (с.ғ.с.) науқастанып қалады. Ол кезде сиқырды қайтаратын сүрелер әлі түспеген. Бұл мазасыз хал бірнеше күнге созылып, қауымдағы барлық мұсылманға кері әсер етеді. Алла тағала пайғамбарымызды (с.ғ.с.) дуасынан айықтыру үшін Жебірейіл періштені жібереді:
– Мені саған Алла тағала жіберді. Жаңа уахи ала келдім. Бұдан былай сиқыр оқып, дуа жасаса, «Фәлақ» пен «Нас» сүрелерін оқисың. Саған жасалған дуа құдықта жатыр. Соны алдыртып, екі сүрені оқы, – дейді.
Әбу Бәкір Сыдық Зәруан құдығынан пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дуа жасалған шашын әкеледі. Шаш он бір жерден түйілген екен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Фәләқ» сүресінің бес аятын, «Нас» сүресінің алты аятын оқығанда он бір түйін шешіледі. Содан кейін ауруынан құлан-таза айығады.
Осыдан бастап мұсылмандар екі сүрені оқып, сиқыр мен дуадан сақтанатын болған. Кей кездері аталмыш екі сүрені молдаға жаздыртып, бойтұмар етіп тағып жүреді.
Тұмар тағуға байланысты мұсылман қауымына кең тараған тағы бір аңызда былай баяндалады: Пайғамбармыз (с.ғ.с.) заманында Тафашат атты бір көзі соқыр әйел болыпты. Егер ол тасқа қараса, тас үгітіліп кетеді екен. Ал адамға қараса, сол заматта құлайтын болыпты.
Кәпірлер пайғамбармызды (с.ғ.с.) мұқату мақсатымен әлгі әйелді оның немерелеріне айдап салады. Тафашат Асан мен Үсенге қарағанда олар қалтырап-дірілдеп, естерінен танып қалады. Бұл пайғамбармыздың (с.ғ.с.) жанына батып, көңіліне қайғы салады.
Сол сәтте Жебірейіл (ғ.с.) періште бір дұға жеткізеді. Ол «Аятүл күрсі» дұғасы еді. Пайғамбармыз (с.ғ.с.) «Аятүл күрсіні» оқып дем салғанда, Тафашаттың сиқыры кеткен.
Осыдан кейін пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Аятүл күрсі» дұғасын қағазға жаздыртып, екі немересінің мойнына тұмар етіп ілген делінеді. Аңыз бойынша тұмарды ең бірінші Асан мен Үсенге таққан екен.
Қазақтар да бұл тәсілді әлі күнге дейін қолданып, молдаға жаздырып алып, дуадан айығып жатады.
Негізінде барлық жамандықтан сақтайтын Алла екені рас. Кәмелетке толмаған, әлі есі кірмеген бесіктегі балаларға көз тиюден, ауру-сырқаудан сақтайды деген ұғыммен ішіне Құран сөзі жазылған, үш бұрышты мата не былғарымен тысталған дұғалық қағазы бар тұмар таққан. Ал ақылы толған ересек адамдар тұмарды таққаннан көрі, оның ішіндегіні жаттап алғандары абзал болады.
Мұрат НАЗАРБАЙ
Ассалаумағалайкум менің сұрағым осы бой тұмарлар туралы Құранымзда жазылған бекен үлкен рақмет сіздерге