Дінтанушы-филолог ғалымдар М. Төлеген, Ә. Нәбидің пайымынша, тіліміздегі шығу тегі мұсылмандық діни таныммен байланысты сөз тіркесінің бірі ретінде осы үлгіні атауға болады.
Қалайша?
АЗ ШЫДАЙ ТҰРСАҢЫЗ, ҚАЗІР ТАРҚАТЫП БЕРЕМІЗ.
Қазақ фразеологиясы зерттелуінің басында тұрған І. Кеңесбаевтың Фразеологиялық сөздігінде ол «Түу деген түкірігі жерге түспеді» деген пішінде көрсетіліп, «Билігі жүріп тұрды, беделі күшті болды» деген мәнге жатқызылған.
Ал құрастырушылары қатарында М. Малмақов, Қ. Есенова, Б. Хинаят сынды тілші ғалымдар бар Қазақ әдеби тілінің сөздігінде «Түкірігі жерге тимеді» формасында көрсетіліп, «Айтқаны екі болмады» дегенге келтірілген.
Ондағы мысалдар мынадай:
1). Ол Ақан қазір алшақ басады, түу деген түкірігі жерге түспейді (Е. Домбаев, Ғашықтық).
2). Байдың ақ дегені ақ, қара дегені қара болып, түкірігі жерге тимеді (Тарту).
Айталық, көрнекті ақын, аудармашы Абдрахман Асылбектің «Үйқамақ» өлеңінде де бұл месседждер айқын көрініп тұр:
Ел билеген бір бастық,
Жүрді зор боп дүр бастық.
Түкірігі жерге түспеді,
Өз білгенін істеді.
ЕНДІ БҰЛ СӨЗ ОРАМЫНЫҢ АСТАРЫНДАҒЫ НАҚТЫ УӘЖДЕМЕСІНЕ КЕЛСЕК.
Ұлы ойшыл Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жырлаған «Ібіліс шайтан хикаясы» дастанында оның шығу тегін айқындай түсетін мынадай жолдар бар:
Айтайын Абулхарис хикаятын,
Жақтырмас білмеген жан (танымаған) сөздің затын.
Хан болып періштеге сайланған соң,
Ұлығлап: «Ғазазіл» – деп қойған атын.
Білдің бе кім екенін енді мұның?
Артылды дәрежесі сол күнде оның.
Хан болып періштеге сайланған соң,
Әуелі, білші ақыры жақсы (иыхшы) соңын.
Патша боп салтанатты (салтанатлы) мінді таққа,
Жүргізіп һүкіметін әрбір жаққа.
Ұлықтық дәрежеде хадтен асты,
Қылып тұр тәңірім оны сынамаққа.
Мұнымен дәурен сүріп көп күн өтті,
Бұрынғы өткен күндер ойдан кетті.
Болыпты сондай ұлық болған күнде,
Патша боп періштеге тұрған күнде,
Мінезі сондай қатты қиын екен,
Сонша асып шарасынан толған күнде.
Ойда жоқ болам деген бір күн харап,
Mac болған ғапілдіктен (ғапілліктен) ішіп шарап.
Т ү к і р і г і м ж е р д е т ү с і п қ а л м а с ы н д е п,
Түкірген созып мойнын көкке қарап.
Аз күнде қылып өткен көп арманын,
Қойған соң құдай беріп бұ жалғанын.
Т ү с п е г е н т ү к і р і г і с о н д а ж е р г е,
Құдайым қабыл етіп ойға алғанын.
Өз кезегінде, бұл жыр аңызындағы тұжырым бойынша Ібіліс ұлықтығына масаттанып шарап ішіп, одан жиіркеніп түкірген болып тұр. Бірақ «түкірігім жәннатты былғайтын болды» деп, Алладан жерге түспеуін өтінген әм тілегі қабыл болған.
Этнограф Б. Бопайұлының М. Төлеген, Ә. Нәби сынды бірнеше автормен бірлесіп жазған «Салт-дәстүр сөйлейді» кітабында да ол тіркестің төркіні Ібілістің періштелерге ұстаздық етіп жүргенде тәкаппарлыққа ұрыну баянымен байланыстырылған. Бұл да алдыңғы нұсқамыздан аздап өзгешелігі болғанымен, жалпы есепте бір мәндес.
Бұл баяндағы қисынға қарағанда, сол шақта аса абыройлы болып, періштелерге басшылық еткен болашақ жамандық атасы өз бойындағы білімін қайда жұмсарын білмей, менмендікпен көкте отырып жерге түкіретін әдет тауыпты дейді. Ақыры, мұнысы асқынып, бір күні аспанға қарап түкірген екен.
Алайда, періштелер «көктегі жәннат былғанбасын» деп, түкірігін қағып алады. Ібіліске ол қылығы қызық көрініп, қанша періште болса, сонша рет түкірген көрінеді. Ақырында тоқтау болмағасын, Ұлық Алладан «аспанға түкірме» деген тыйым түседі. Ібіліс сол кезде ғана барып тоқтапты. Ал түкірігі әлі күнге дейін аспанда қалқып тұр-дүр.
Бірақ, шаруа бір мұнымен бітпейді, қиямет-қайым келгенде өз түкірігі басына от болып жаумақшы. Міне, содан бастап «Түкірігі жерге түспей тұр» деген тіркес шайтан сипатты тәкаппар, мансапқой адамдарға қатысты айтылатын болыпты.
Кітаптағы дәйекке сәйкес, ол ол ма, тілдік қолданысымыздағы мәшһүр сөз тіркесінің ғана емес, халқымыздың «Аспанға қарап түкірме» деп келетін тыйымының да тамыры осынау ілкі оқиғада жатқан болып шықты.
Ұлт түсінігінде көкке қарап түкірудің Тәңірді ренжітумен бірдей екендігін ескерсек, жоғарыда атап өткен версиялардың негізділігін көреміз.
СОНЫМЕН, ТҮКІРІГІ ЖЕРГЕ ТҮСПЕУ – БҰЛ ЖИЫНТЫҚ ҰҒЫМЫНДА ЗАМАНЫНЫҢ ЖҮРІП ТҰРУЫ, БӘРІН БЕЛДЕН БАСУ ЯКИ МЕЙМАНАСЫ ТАСЫП, АСҚАҚТАУ, ӘМІРІН ЖҮРГІЗУ. Дәл мұны М. Төлеген мен Ә. Нәби де атап өткен.
Қалай десе де, оның айтылу формасы әр алуан болғанымен, жалпы қазықтық мағынасы бір ұғымға саяды.
Айта кетейік, филология теориясы бойынша бірсыпыра фразеологизмдер діни ұғымдарға байланысты жасалады. Алайда, уақыт өте келе олардың бастапқы мәні солғын тартып, жай, қарапайым мән алып кететіндері де болады. «Түкірігі жерге түспеу» де өзегінде тылсым іс-қимыл образы жатқан сондай сөз өрнегіне мысал бола алады.
Мәдениеттанушы-лингвист
Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ