Ислам тарихында Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбарымыздың Меккеден Мәдинаға көшуі «хижрет» (м.622 ж.) деп аталды. Мекке мүшріктерінің пайғамбарға және мұсылмандарға қысымы толастамағандықтан, Мекке қаласынан Мәдина қаласына көшуге мәжбүр болды. Мұсылмандар топ-топ болып, кіндік қаны тамған жерлерін, дүние-мүліктерін тастап дін үшін туып-өскен жерін қалдырып Мәдинаға көше бастады.
Адамзаттың ардақтысы болған пайғамбарымызда Алла Тағаланың әмірімен Меккеден Мәдинаға қоныс аударды. Мәдина қаласында барша мұсылманның басын қосып, бауырластықта тіршілік кешуін қалаған пайғамбарымыз алғашқы жұмысын «мешіт салудан» бастағаны тарихтан белгілі.
Бүгінгі Мәдина қаласындағы «Пайғамбар мешіті» тарихтан мәлім болғандай, Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) түйесі шөккен орынға тұрғызылған. Мәдинаға барғанда Алла Елшісін қонақ ету үшін сахабалар бір-бірімен жарысқан екен. Сонда Пайғамбарымыз: «Түйемнің басын бос қоя беріңдер, Алланың әмірімен өзі бір жерге тоқтайды» деді. Түйе біршама жер жүріп барып, екі жетімге тиесілі бір бос орынға шөкті. Екі жетім бала ардақты сахаба Асғад бин Зурараның (р.а.) қамқорлығындағы балалар еді. Пайғамбарымыз да мешітті сол жерге салуды жөн көрді. Алла Елшісі жетім балаларды жанына шақыртып, олардан жерлерін сатып алмақ ниетін білдірген екен. Балаларда: «Уа, Алланың Елшісі! Біз бұл жерді сізге сыйға тарту етеміз», – деді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұған келіспей, жердің ақысы ретінде жетім балаларға он динар берген екен.
Осылайша, Алла Елшісі өзінің әрекетімен мұсылман қоғамын құруда мешіттің рөлі ерекше екенін айқындаған. Бүгінгі таңға дейін жеткен мешіттің салынуына Алла Елшісі үлкен күш-жігерін жұмсаған екен. Ислам ғалымдарының айтуынша, «Пайғамбар мешіті» ең мүбәрак үш мешіттің қатарына кіреді. Ардақты Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Мына үш мешітке (құлшылық үшін) арнайы сапарға шығуға болады. Харам мешіті, Ақса мешіті және менің мешітім» (Бұхари).
Сондықтан қажылық өтеуге шыққан мұсылмандар бірнеше күн Мәдинада болып, Пайғамбар мешітінде құлшылық жасап, сауап алуға тырысады. Ол жерде жасалған құлшылықтарға еселеп сауап жазылады.
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ