Қазақстанда қабылданған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы құрайды.
Онда былай деп айтылады: «Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласады».
Шындығында, қазақ халқы үшін «туған жер» – ең бір қастерлі де қасиетті ұғымдардың бірі. Оны мақал-мәтелдерден аңғаруға болады: «Ит тойған жеріне, ер туған жеріне», «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», «Отан оттан да ыстық», «Ел іші – алтын бесік», «Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың», «Ел мен жер – егіз», «Ата қоныс – жер қымбат» және т.б.
Туған жер туралы қаншама өлең, жырлар бар. Соның барлығы сағыныш сезімінен туындайды. «Сағыныш ақыны» аталып кеткен қазақтың дүлдүл ақыны Төлеген Айбергеновтың мына бір шумақтарына назар аударып көріңіз:
Қажет жерінде қатыгездік пен қаталдық керек, десек те,
Адамның заңғар ұлылығын, сен, сағынышымен есепте.
Онсыз сен, тіпті, тұлпар да болсаң, қосыла алмайсың қатарға.
Әуелі әбден сағынып алмай, шығушы болма сапарға.
Сағынбай барсаң теңіз де сенің тебіренбес жастық шағыңдай.
Бұлбұлдың даусын ести алмайсың, бауларға кірсең сағынбай.
Сағынбай барсаң таулар да сенің алдыңнан шықпас асқақтап,
Ойлауың мүмкін дүниені мынау кеткен екен деп тас қаптап.
Елбасының аталмыш мақаласынан мынадай жолдарды оқимыз:
«Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени- генетикалық кодының негізі. Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті».
Иә, патриотизм деген – ата-бабаңнан мирас болып қалған, кіндік қаның тамып, ата-анаңмен қоса, сол жер мен елдің мейірім шуағына бөленген туған жер мен еліңе деген сағыныш пен сүйіспеншілік сезімі. Туған жердің қадірін адам сапарға шыққанда және шет жерде жүргенде терең сезінеді, оған деген сағыныш адамның ойы мен бойын, қиялы мен жүрегін кернейтін ләтипа бір сезімді тудырады.
Бұл сакралды сезім туралы аят– хадистер не дейді екен?
«Ниса» сүресінің 66-аятында: «Ал оларға: «Өздеріңді өлтіріңдер, немесе отандарыңнан шығыңдар!» – деп әмір еткен болсақ…», – делінген. Ислам ғұламасы Фахруддин Рази бұл аятты «Отаннан айырылу – өзін-өзі өлтірумен тең», – деп тәпсірлеген.
«Бақара» сүресінің 191-аятында «Өздері, сендерді (Меккеден) шығарғандай оларды шығарыңдар…», – деп келген жолдар бар. Бұл туған қаласы Меккеден Мәдинаға хижрет жасаған (көшкен) мұхаджирлер үшін сүйікті отаннан ажырау, алыстау қаншалықты қиын болса да, осы айырылысуға сабыр сақтап оған төзе білгенін аңғартады. Олардың арасында көңілдері құлазығандықтан сырқаттанып қалғандары да болды. Дін үшін олар отанынан ажырап, хижрет жасағандықтан Алла разылығына ие болып, сауапқа кенеледі деп есептеледі. Олардың артықшылықтары да осында.
Сондай-ақ, үй, бала шағасынан алыстап, сапарға шыққан адамның, яғни мүсәпірдің де дұғасы қабылданатын артықшылығы бар. Ал қажылықтың жөні өз алдына бір бөлек, кейбір ислам ғұламалары қажылықтың пайдасы – отаннан ұзақта қалып өзін-өзі тәрбиелеу деп түсіндірген.
Қазақ арасында «Отанды сүю – иманнан» деген қанатты сөз бар, ал оның хадистен келетіні белгілі. Адамзаттың ардақты ұстазы Мұхаммед пайғамбар (с.ә.у.) туып өскен елін өте қатты жақсы көрген. Имам Бұхари мен Мүслим жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (с.ә.у.): дұғасында: «Я, Алла, бізге Меккені сүйдіргендей немесе одан да артығырақ Мәдинаны жақсы көруімізді нәсіп ете гөр!» – деп дұға жасайтын. Демек, бұл хадисте Алла елшісі (с.ә.у.) өзінің кіндік қаны тамған отаны Меккені жақсы көргендігі және қоныс аударған екінші отаны Мәдинанға деген махаббатты арттыруын Жаратқаннан жалбарынып тілегені айқын айтылып тұр.
Хижри жыл санағының сегізінші жылында мұсылмандар Меккені иеленді. Сол кезде ансарлар, яғни мәдиналық мұсылмандар Расулулла (с.ә.у.) енді қайта Меккеге қайтып, соны мекендей ме деген ойға кетті. Алайда, Алла Елшісі (с.ә.у.) Мәдинада тұрақтайтынын айтып, олардың көңілін жұбатты.
Дегенмен, пайғамбарымыз (с.ә.у.) өзі туып-өскен, кіндік қаны тамған қасиетті қаланы қашанда сағынып тұратын. Бұған мына хадис дәлел: Сахаба Асыл әл-Һузали (р.а.) Мекке шаһарынан келген сәтінде пайғамбарымыз (с.ә.у.) одан туған отаны Мекке жайында сұрайды. Сол кезде оның сөзін тыңдап тұрған пайғамбарымыздың (с.ә.у.) Меккеге деген сағынышынан көзінен жас тамады. Сонда Расулулла (с.ә.у.): «Уа Асыл! Тұра тұршы! Жүрегімді толқытып жібердің ғой!» – деп Асылды тоқтатады.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына тағы құлақ түрсек: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», – деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туған жер туралы пікірін нақтылай түсіп, оның ел келешегі үшін маңыздылығын атап өтеді.
Елбасы ойы мен пікірі одан ары туған жердің құндылығынан қасиеттілігіне қарай, яғни сакралдылық саласына қарай ойысады: «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Ол үшін «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек. Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі.
Біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ, осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген. Біз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз. Мәселе еліміздегі ескерткіштерді, ғимараттар мен көне қалаларды қалпына келтіруде тұрған жоқ. Идеяның түпкі төркіні Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді. Мұның бәрі тұтаса келгенде халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайды».
Бұл стратегиялық маңызды мақалада қойылған міндеттерді орындау мақсатында 2017 жылы Астана қаласындағы Ұлттық мұражай жанынан «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы құрылды. Ең алдымен еліміздегі сакралды тарихи орындарды анықтап, оларды ұлттық идеологияға ықпалын нақтылау мақсатында орталық жанынан ғылыми-сараптамалық кеңес (жиырма бес ғалым, он бес қоғам қайраткері) құрылды. Оған жергілікті өлкетанушылар, этнограф ғалымдар, аймақтағы салалық мекеме қызметкерлері тартылды. Өңірлердегі тарихи-өлкетану музей қызметкерлерінің атсалысуымен еліміз аумағында орналасқан қасиетті де киелі, рухани және тарихи маңызы зор нысандар тізбесі жасалды.
Жұмыс барысында барлық өңірлерден жинақталып, сарапшыларға келіп түскен 1000-ға жуық нысанға сараптама жасалып, осылардың ішінен 100 нысан жалпыұлттық деңгейлі, 500 нысан жергілікті маңызы бар қасиетті орын тізіміне енгізілді. Мұражайдың директоры қызметін атқарған тарихшы әрі қоғам қайраткері Берік Әбдіғалидің жауапты редакторлығымен «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» және «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» атты үлкен еңбек қазақ және орыс тілдерінде, объектілердің суретімен қоса жарыққа шықты.
Туған жерді түлетуге баршамыз да атсалысуымыз керек деген ойдамын. Туған ауылымыз бен еліміздің сакралды сипатын сақтау әрі аялау әр қазақтың міндеті болуы тиіс.
Мырзахмет ЖҮЗЕЙ,
ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының ғылыми қызметкері