Сұрақ: Туған күнде адамның жүзіне тортпен ұру әдеті дұрыс па?
Жауап: Дастархан басында туған күн иесінің жүзін тортқа басу немесе тортпен ұру әдеті батыстан келген дәстүр. Жастар көп жағдайда еліктегіш келгендіктен, мұндай қазақ мәдениетіне жат қылық қоғамда жиі болмаса да көрініс беріп жатқан жағдайы бар.
Аталарымыз «нанды теппе, жаман болады», «қиқымды баспа, обал болады» немесе «қиқымды теріп жеп қой, сауап болады» деп нанды құрметтеуге үйретіп өсірген халық үшін мұндай әдет үлкен сынақ. Батыста «мәдениет» деп танылған дүниенің барлығы шынайы мәдениет болмайтынын ескеру керек. Әр халықтың өзіне тін мәдениеті, салты мен дәстүрі бар. Тәп-тәуір, таза әрі бүтін тортты біреудің бетіне ұрып ысырап қылу қазақ баласына жараспайды. Мұны дінде барып тұрған ысырап деп атайды.
Ысырап дінімізде қатты қайтарылған. Өйткені ысырапшылдық – Алла сүймейтін іс. Құдай Тағала: «….Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырап қылмаңдар, шындығында Алла Тағала ысырап қылушыларды сүймейді» – деп, берілген нығметті қалауымызша тұтынуымызды, бірақ ысырап жасамауымызды ескерткен (Ағраф: 31).
Ислам нормасына сәйкес, егер сен ол тортты жемейтін болсаң, онда оны мұқтаж адамға бергенің дұрыс. Қара су мен нан жеп отырған мұқтаж отбасылар жоқ емес. Баласы мен қызына айлап тәтті кәмпит алып бере алмай отырған ата-аналар көп, соларға берген жөн.
Мұсылман адам алдындағы асын ойынға айналдырмайды. Бұл Абай атамыз: «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деп айтқандай, қарны тойып, бірақ дұрыс тәрбиеге жарымаған адамның ісі. Жастарды мұндай бұрыс қылықтардан қайтаруымыз керек.
Жалғас САНДЫБАЕВ