Осындай ішкі талас-тартыстардың бірінде 1095 жылы Сұлтан Беркиарук өз туысы Тұтышты өлтірді. Бірақ, ол Тұтыштың ұлы Дукакты қудалаған жоқ. Керісінше оны қолдап, Шамның әміршісі болуын құптады. Осы кезде Туғ-тегін атабек Дукакқа еріп, Шамды басқаруға келді.
Туғ-тегін атабек өзінің ел басқаруда жинаған мол тәжірибесінің арқасында Шам қаласының жан-жақты дамуына барынша ықпал етті. Біліктілігіне сүйсінген халық оны ерекше құрметтеді. Тажуддәула Тұтыштың жесірі Саффат-ул-Мулкке үйленгеннен кейін оның Шамдағы абыройы тіптен арта түсті. Дәл осы тұста Дукак пен оның бауыры Халептың әміршісі Ридван арасында ымырасыздық туындады. Осы алауыздықты өз мақсатына пайдаланғысы келген Мысырдағы Фатимилер Құдысты жаулап алды. Батыс тараптан крест жорықшылары шабуылдап, Шам екі оттың ортасында қалды. Дукак әмірші қос қапталдан қыспаққа алған жауларымен алысты. Бірақ, Шам өлкесіне төнген қауіпті сейілте алмады. Ол 1104 жылы қайтыс болды. Қысылтаяң шақта Шам билігін Туғ-тегін атабек өз қолына алды.
Туғ-тегін атабек билікке қол жеткізгеннен кейін Шамдағы билігін нығайтуға күш жұмсады. Елдің бірлігін күшейтіп, іле-шала крест жорықшыларына қарсы шабуылға шықты. Ол 1105 жылы Рафанийаны крестшілерден босатты. Сосын 1108 жылы Табарийаға жойқын жорық жасады. Тұғ-тегіннен қатты сескенген Құдыс корольі І-ші Байдоуин дереу бітім сұрады. Сөйтіп, Шам мен Құдыс билігінің арасында уақытша дипломатиялық мәміле жасалды. Бірақ, 1113 жылы крестшілер жаңа жорық жасап, Сирияның біраз аумағын басып алды. Оларға Мосул, Синжар, Артуклы және Шам атабектерінің біріккен қосыны қарсы шықты. Құдыс корольлі Антакия мен Траблустан көмек сұрағанымен, селжұқтардың біріккен әскері крестшілерді Табарийаға кері шегіндірді. Туғ-тегін атабек және өзге селжұқ бектерінің крестшілермен соғысы мұнымен біткен жоқ. Шам әскері 1119 жылы Әнсарив және Зардана қалалалын крестшілерден азат етті. Келесі 1120 жылы Шам әскері мен крестшілер «Тал-данис» деген жерде соғысып, қасиетті жорық жасаушылар жеңіліп, кері шегінді.
Католик крестшілерінің дүркін-дүркін жасаған жорықтарына Шам әскері бірде төтеп берсе, бірде жеңіліс тауып жатты. Крестшілер 1124 жылы Фатимилерге бағынышты Сур қаласын басып алғанда, Туғ-тегін атабек оларға кедергі бола алмады. Ол Мосул атабегімен бірігіп 1125 жылы «Әл-Азазда» крестшілермен қиян-кескі ұрыс жүргізіп, жеңіліс тапты. Бүкіл ғұмырын крест жорықшыларына қарсы күреспен өткізген Туғ-тегін атабек 1128 жылы қайтыс болды.
Әкесінің орнына Бөрі-тегін билікке келді. Ол Шамның тізгінін қолына алғанда, Сирияда Батыни ағымы өте қауіпті күшке айналған еді. Батынилер крестшілер Сур қаласын басып алғанда, олармен ауыз жаласты. Туғ-тегін атабектің уәзірі Тахир әл-Мардағани астырын түрде Батынилерді қолдайтын. «Іштен шыққан жау жаман» екенін түсінген Бөрі-тегін Тахир әл-Мардағаниді өлім жазасына кесті. Шамдағы Батыни ағымы өкілдерін де қатаң жазалады. Ол ұзын-ырғасы 6 мыңнан 20 мың арасындағы Батыни ағымы мүшелерін өлтірткізді. Осы сәтті тиімді пайдаланғысы келген Құдыс корольі Шамға шабуылдады. Бөрі-тегін дереу қол жинап, қарсы шығып, крестшілерді тас-талқан етіп жеңді.
Бөрі-тегінге қауіпті дұшпандардың бірі – Мосул атабегі Имададдин Зеңгі еді. Ол күшейген кезінде бүкіл Сирияны өзіне бағындыруды ойлады. Осы мақсатпен Имаддаддин Зеңгі 1130 жылы Шам атабегіне қарасты қалаларға шабуыл жасады. Мосул әскері Хама қаласын басып алып, одан арықарай Химс қаласын қоршауға алғанымен, қыс ауасында кері шегінуге мәжбүр болды. Бөрі-тегін Мосул әскеріне тойтарыс жасауда қауқарсыздық танытты. Көп ұзамай тірі қалған Батыни мүшелері оған қастандық ұйымдастырып, ауыр жаралады. Ол осы жарақатынан айыға алмай 1132 жылы жантәсілім етті.
Бөрі-тегіннен кейін оның ұлы Ысмайыл билік тізгінін қолына алды. Ол крестшілерге қарсы соғыста Банияс қаласын азат етті. Мосул атабегі жаулап алған Хама қаласын 1133 жылы кері қайтарды. Шайзар қаласы алынбағынымен, Шам атабегіне хараж салығын төлейтін болды. Крестшілер 1134 жылы қарымта соққы жасап, Хабран қаласын басып алды. Ысмайыл оларға қарсы соғыс ашқанымен, осы кезде Шам халқы бүлік шығарды. Бүліктің шығуының себебі, Ысмайыл халыққа тым ауыр алым-салық салған еді. Оның ел билеудегі қатыгездігіне шыдай алмаған халық көтеріліске шығып, Ысмайылды 1135 жылы ажал құштырды.
Ысмайылдың орнына Шам тағына бауыры Шихаббаддин Махмұт отырды. Сирияда орын алған ішкі алауыздықты пайдаланып қалғысы келген Мосул атабегі Имададдин Зеңгі Шамды қоршауға алды. Бірақ, Аббаси халифы арағайындық жасап, Зеңгі атабек кері шегініп кетті. Мосул атабегі Химс қаласына таласқанымен, Шам атабегі әскери тойтарыс жасап, қаланы жауға бермеді. Шихабаддин Махмұт Ванияста крестшілермен бетпе-бет келіп, соғысып жеңіске жетті. Бірақ, 1139 жылы Шам сарайындағы алауыздық Шихабаддин Махмұттың басын жұтып тынды. Ол қастандықтан қайтыс болды.
Шам тағын Шихабаддин Махмұттың інісі Жамаладдин Мұхаммед иеленді. Оған Сириядғы аса беделді уәзір Муиниддин Ұнар қолдау көрсетті. Бірақ, тақтан дәмелі Жамаладдин Мұхаммедтің бауыры Баһрам шах Мосул атабегіне қашып барып, Зеңгі атабекті паналады. Баһрам шахқа қолдау көрсеткен Мосул атабегі 1139 жылы Шам атабегіне қарайтын Баалбек қаласын басып алды. Олар Шам қаласына дейін жорық жасады. Шам берілмегенімен, Жамаладдин Мұхаммед ауыр науқасқа шалдығып, 1140 жылы қайтыс болды.
Шам тағына баласы Мужраддин Абақ отырғанымен, негізінен Димашқ билігін оның жесір қалған шешесімен үйленген уәзір Ұнар иеленді. Бас уәзір Ұнар Мосул атабегінен Баалбекті қайтарып ала алды. Тіпті, олармен бірігіп ІІ-ші крест жорығына тойтарыс жасады. Крестішілердің қарамағындағы Бусра, Сархат, Әл-Арима қалаларын басып алды. Ұнар әміршінің тұсында Шам атабегі уақытша болса да еңсесін тіктеді. Бірақ, 1149 жылы Ұнар әмірші қайтыс болғаннан кейін Мужраддин Абақ Шам атабегінің тәуелсіздігін ұзақ сақтап тұра алмады. Мосул атабегі Нуреддин Махмұт 1154 жылы Шамды басып алып, бүкіл Сирия аумағын өзіне қаратты. Мужраддин Абақ Аббаси халифатының астанасы Бағдатқа қашып барып, онда 1169 жылы қайтыс болды.
Туғ-тегін атабектері Шамға иелік еткен жылдары Сирияда экономика мен мәдениет биік сатыға көтерілді. Мысалы, Шам қаласында қағаз өндірісі қарыштап дамыды. Мақта мен жібек өндіру ісі де жоғары деңгейде өркендеді. Сол дәуірде Сирия мата кәсібінің отанына айналды. Шам қаласы Таяу Шығыстағы ірі сауда орталығы еді. Тут-егін атабектері көпестерге керуенсарайлар мен базарлар ашып беріп, сауда-саттықтың дамуына мейлінше жағдай жасады.
Туғ-тегін әулеті Шам қаласында мешіт-медресе, ауруханалар мен моншалар тұрғызды. Халық санының өсуіне байланысты Шамда жаңа көшелер мен мөлтекаудандар құрылды. Дукак әмірші шамдықтарға атақты «Дәрул-шифа» ауруханасын салып берді. Туғ-тегіндердің билігі тұсында «Садирийа», «Әминийа», «Әл-Медресет-ул-Муинийа», «Медресет-ул-Хатунийа» және «Жарухийа» медреселері тұрғызылып, бұл оқу орындарында дін ілімдерімен бірге жаратылыстану пәндері де оқытылды.
Шамды билеуші Туғ-тегін әулеті ислам діні өкілдеріне зор құрмет көрсетіп, оларға қазынадан қаражат бөлдірді. Шейх Бурханеддин Әбул-Хасан, Әли әл-Балхи, Шейх Шараф-ул-Ислам Абдулуахид, Нажмаддин аш-Ширази, Зейнуддин әл-Фаттали, Жамаладдин Ибн-ул-Муслим әс-Сулами, Қады Қудат Мунтахибаддин және т.б. дін ғұламалары, сондай-ақ, атақты тарихшы Ибни Каланиси мен Ибн Асакир Шам атабектерінің қамқорлығында болды.
Мұхан ИСАХАН,
дінтанушы, PhD доктор