Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі жариялаған “250+” бағдарламасының аясында еліміздің түкпір-түкпірінде орналасқан ауыл-аймақтар кең жолақты интернетпен қамтамасыз етілуде. Сондай елді мекендердің бірі – Атырау облысында орналасқан Жарсуат ауылы. Wi-FI-мен қамтамасыз етілген ауылдықтар енді интернет арқылы сабақ оқып, кино көріп қана қоймай, басқа қалалардан тапсырыспен зат алдырып, коммуналдық қызмет ақысын үйлерінен шықпай-ақ төлеу мүмкіндігіне қол жеткізген. Stan.kz тілшісі ауылдағы өмірмен танысып, тұрғындармен тілдесіп қайтты.
Жарсуат – Жайық өзенінің Азия бөлігінде орналасқан Индер ауданындағы 370-тен астам түтіні бар шағын ауыл. Атыраудан 143 шақырым қашықтықта орналасқан өңірде бүгінде 2206 адам тұрады. Бірқатар әлеуметтік нысандар бой көтерген ауыл қала маңындағы шағын ықшамауданнан кем емес. Жыңғылдар мен құмды төбешіктердің арасында орналасқан бұл ауыл туралы интернеттен көп ақпарат шыға бермейді. Десек те бүгінгі күні тұрғындардың барлығы интернетпен қамтамасыз етілгені – Жарсуатты өзге ауылдардан өзгерек етеді.
2005 жылы ауыл үйлеріне алғаш рет интернет желісі орнатылса, соңғы жылдары тұрғындарға Wi-Fi қолжетімді болды. Сол себепті көшеде жүрген кезде ұялы телефоныңызда “Марат”, “Айжан”, “Сәуле” деген ауыл үлкендерінің атына жазылған Wi-Fi ұстайды.
“Интернет ауылымызға келгелі, өміріміз түбегейлі өзгерді. Дүкенге барып, шай-сүтімді алсам да ақшасын аударып жіберемін. Қолма-қол ақша ұстаудан қалдық. Зейнетақымыз түскен кезде тоқ, су, газдың ақшасын бірден төлеп тастап, үйде отыра беремін. Бұрын аудан орталығына барып, ұзын-сонар кезекте тұратын едік. Қазір бәрі бір телефонның ішінде”, – дейді зейнеткер.
Оның айтуынша, қазір тіпті ауылдықтар қойлары жоғалса да іздеуге WhatsApp мессенджерін пайдаланатын болған.
“WhatsАpp желісі арқылы топ ашып, әңгімелесіп отырамыз. Біреулер жоғалған қойының суретін осы топқа салып, төрт түлігін тауып жатса, енді бірі топты ауылда өтетін той-садақаға шақыру ретінде пайдаланады. Күнделікті ауылдағы жаңалықтарды да осы жерден біліп жатамыз”, – дейді Әсия Молдағалиева.