Trade-in трендке айналғалы қашан?! Еуропа елдерінде, Америкада бұл жүйе баяғыдан бар, яғни ондағы тұрғындар ескіден құтылып, жаңасын алуға бейім. Біздің елде де көнерген затты жаңасына ауыстыру «дәстүрі» қалыптасып келеді. Ескі көлікті – жаңасына, тіпті тозығы жеткен тұрмыстық техникаларды, компьютер өнімдерін де жаңалап алуға болады қазір.
Былтырдан бері құрылыс компаниялары жұртшылыққа ескі пәтерді жаңасына ауыстыруды ұсына бастады. Әлбетте, нарықтағы кез келген кәсіпорын алдымен өзінің пайдасын көздейтіні анық. Ал ескі үйді жаңасына ауыстырудың тұрғындар үшін тиімділігі қандай, жалпы мұндай ұсынысқа келіскен дұрыс па, әңгімеміз осы жөнінде.
Ал біздің халықтың психологиясы қандай? «Керек болады» дейміз де бар-жоқтың бәрін жинай береміз. Әсілінде, ескіден жаңаның көбейгені дұрыс қой. Қош, сонымен, елімізде Trade-in жүйесімен алдымен ескі компьютерлер мен оның бөлшектері қабылдана бастады. Одан кейін тұрмыстық техникалар сататын кейбір дүкендер желісі «ескі телефондарды жаңасына ауыстырамыз» деген акцияны іске қосты. Іле автонарық сегментінде ескі көлікті жаңасына ауыстыру желісі пайда болды.
Ал 2016 жылы мемлекет қоршаған ортаға зиянын тигізіп жатқан көне көліктерді азайту мақсатында ескі автомашиналарды қабылдау жобасын қолға алды. Жүрмей қалған «темір тұлпарын» өткізгендерге ақшалай сертификаттар тапсырылды. «ӨКМ Операторы» ЖШС (өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері) сайтында жарияланған мәліметтер бойынша биыл қазан айының алғашқы екі аптасының өзінде 863 техника жоюға тапсырылып, сертификат бағдарламасы бойынша 34 көлік өткізілген. Көлігін ақшаға тапсырғандарға берілген қаржының жалпы сомасы – 221,6 млн теңге.
Trade-in «саудасы» Қазақстанда қалай жүргізіліп жатқаны, қанша техника өткізілгені, неше үй сатылғаны жөнінде жалпы статистикалық мәлімет жоқ. Тіпті trade-in-нің «дәмін» бізден бұрын көрген Ресейдің өзінде мұндай толыққанды статистика түзілмеген. Бір білетініміз, Еуропада автокөліктердің 80 пайызы trade-in әдісімен сатылады екен.
Ал ескі пәтерді жаңасына ауыстыру саудасы елімізде қалай жүргізіледі? Қазақстанда мұндай қызметті бірнеше құрылыс компаниясы ұсынып жүр: BI Group, Nova City, RAMS Qazaqstan және MWC компаниялар тобы.
Trade-in бағдарламасымен тек салынып жатқан үйлерді алуға болады және бұл жүйе әзірше тек Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында бар. Оның классикалық үлгісі мынадай: пәтердің иесі ескі баспанасын құрылыс компаниясына тапсырады да оның орнына сол мекеме салып жатқан құрылыстан бір пәтер алады. Әрине, жаңа үй ескісінен қымбат. Сондықтан жетпей тұрған ақшасын үй сатушы құрылыс компаниясына әкеп салуы керек. Ол қаржыны банктен ала ма, әлде компаниямен келісіп, үй біткенше бөліп төлей ме – ол сатушының құзырында. Ал осы кезең ішінде әлгі ескі үйді алған компания оны өздерінің серіктес риелторлары арқылы сатылымға шығарады.
Trade-in-мен MWC компаниялар тобы биылғы жаздан бастап айналыса бастаған. Мекеменің сату бөлімінің менеджері Іңкәр Ерланқызының айтуынша, мұндай тәсіл елордалық тұрғындардың арасында енді ғана танымал бола бастапты. Бүгінде ескі үйін жаңасына ауыстырғысы келгендердің қарасы көбейген.
«Менің алдыма күніне ондаған адам trade-in жөнінде кеңес сұрай келеді. Сұраныс болғаннан кейін ұсыныс та бар. Қазір компания бұл бағдарламаға ерекше ден қоя бастады. Trade-in-нің басты артықшылығы, үйді компания сатып береді. Бірақ тұрғындар үйі сатылғаннан кейін жаңа пәтерін құрылыс біткенше күтуі керек», дейді менеджер.
Trade-in бағдарламасымен кез келген ескі үй өте бермейтінін де ескерген жөн. Үйлерге қойылатын белгілі бір талаптар бар. BI Group компаниясының ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, тұрғын үйдің құрылысы 1970 жылдан кем болмауы және Нұр-Сұлтан қаласының аумағында болуы тиіс. Демек Қосшы, Қоянды секілді қала маңындағы қалашықтардағы пәтер trade-in-мен өтпейді деген сөз.
Сонымен қатар тапсырылатын үйдің құжаты түгел, заңсыз жобалау жұмыстары жүргізілмеген болуы шарт. Орталық жылу, жарық жүйелеріне қосылған, күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етпейтін жағдайда болуы да ескеріледі.
Жер учаскелері, жер үйлер, коттедждер, сәулет өнерінің ескерткіштері болып табылатын ғимараттар, паркингтер, тұрғын үйге арналмаған ғимараттар және аумағы 200 шаршы метрден асатын пәтерлер trade-in бағдарламасымен қабылданбайтынын да ескерте кетейік.
Жалпы trade-in – құрылыс саласында енді ғана қолға алына бастаған бағдарлама. Бұл тіпті – әлем бойынша онша таныла қоймаған тәсіл. Дүние жүзі бойынша тек Америкада сәтті жүргізіліп жатыр, дейді сарапшылар. Пандемиядан кейін trade-in Ресейде ерекше дами бастапты. Енді Қазақстанға да келді. Әсіресе құрылысқа сұранысы көп Нұр-Сұлтанда оған қызығушылық танытқандар көп.
Бас қаладағы trade-in-нің шарты қарапайым. Менеджерлердің түсіндіруінше, сатып алушы алдымен құрылыс компаниясына барып, пәтер таңдайды. Содан кейін таңдаған баспанасы ешкімге сатылмас үшін еншілеп, жалпы бағасының 5-10%-ын жарна ретінде құюы керек. Бұл рәсімдер аяқталғаннан кейін құрылыс компаниясы үй иесінің пәтерін бағалап, сатуға қояды. Осыдан кейін екі тарап trade-in жөніндегі келісімшарт жасасады. Екеуара келіскен бағаға пәтер сатылғаннан кейін сатып алушы жаңа жылжымайтын мүлікке үлестік қатысу туралы келісімге қол қояды.
Нарықтағы кез келген компания өз пайдасын көздейтінін жоғарыда айттық. Сол сияқты trade-in бағдарламасының да өз тәуекелдері бар. Бұл жөнінде пікір білдірген Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюковтің айтуынша, trade-in тәсілімен айналысатын құрылыс компаниялар үйді риелтор арқылы сатады. Ал риелторлар тегін жұмыс істемейді. Олардың қызметіне төленетін ақы сатылатын үйдің есебінен немесе үй сатушының қалтасынан төленеді, яғни пәтердің жалпы құнының 1%-ы риелторға беріледі.
Айталық, егер үйіңіз 50 млн-ға бағаланатын болса, онда оның 500 мыңын риелтордың қолына ұстатуға тура келеді. «Trade-in тәсілі пәтер сатушыдан гөрі компанияға тиімдірек. Бұл жерде үй иесі ұтылуы мүмкін. Өйткені ескі үйді құрылыс салушы сатып алса, ол бағаны нарықтағыдан бірден 10-15%-ға төмендетеді. Ал бұл сатушыға тиімсіз, ақшадан ұтылады, соған сәйкес сатып алатын жаңа үйі де қымбатқа түседі. Сондықтан артық шығынға батпас үшін үйді өзі сатуға әрекет еткені жөн», дейді В.Микрюков.
Сарапшының сөзіне қарағанда кейде риелторлардың 1%-дық қызмет ақысын құрылыс компаниялары мойнына алатын кездер болады екен, бірақ мұндай «мәрттік» ілуде бір кездесетін көрінеді.
Trade-in-нің тағы бір кемшін тұсы, құрылыс компаниясы сатылымға шығарған пәтер келісімшарттың уақыты біткенше өтіп кетуі керек. Әдетте оның мерзімі 2-3 айды құрайды. Егер осы уақыттың ішінде үй сатылмаса, онда trade-in келісімшартының күші жойылған болып есептеледі. «Жалпы алғанда trade-in – пәтерді сату мен өткізудің жақсы тәсілі. Үйін жаңартқысы келген жандар пәтер іздеп, әуреге түспейді. Оны сатамын деп те қиналмайды. Мұның бәрін құрылыс компаниясы мойнына алады, тіпті құжаттардың заңды жүргізілуіне де олар жауапты. Бірақ жаңа үй сатып алушылар пәтерінің арзандау бағаға өтуіне дайын болуы керек. Ал пәтері сатылып кетсе, үйін жаңа қожайынға 15 күннің ішінде босатып беруге тиіс. Құрылыс біткенше пәтер жалдап, қосымша шығынға ұшырайтынын да үмытпаған жөн», дейді сарапшы.
Мамандар сондай-ақ trade-in келісімшарты жасалғаннан кейін одан бас тарту мүмкін емес екенін де ескертеді. Егер келісім сатып алушы жақтан бұзылса, онда ол компанияға үйдің жалпы құнының 1-2%-ын айыппұл санкциясы ретінде төлеуіне тура келеді.
Ал заңгерлер болса, құрылыс компаниясымен келісім жасарда құжаттағы шарттарды мұқият оқуға кеңес береді. Шартта екі жақтың құқығы да ашық әрі нақты жазылуы тиіс. Атап айтқанда, ескі және жаңа пәтердің бағасы; келісімшарт бұзылған жағдайда айыппұл санкциясын қолдану мәселесі (тек сатып алушы ғана емес, компанияның да өндіріп беретін ақысы көрсетілуі тиіс); шарттың өзгеру тәртібі және құрылыс салушы уәде еткен келісімдер мен шарттардың бәрі құжатта қатталуы керек. Әйтпесе үй сатушы ұтылуы мүмкін. «Құрылыс салушы кепілдік бермейінше ешқандай құжатқа қол қойылмауы керек», дейді заңгерлер.
Ескісінен жаңасы көбейген қазіргі заманда тұрғын үй құрылысы саласы да жаңарып, дамып келеді. Бүгінгі тұрғын үй кешендерін бұрынғы «хрущевкалармен» салыстыра алмайсыз. Бәрі жаңарған, кеңейген, көркейген. Құрылысшылар қазір кіре-берістерді де жайнатып қойды. Кірсе шыққысыз небір көркем дәліздер мен подьездер пайда болды. Бұрын пәтер төбесінің биіктігі – 2,7 м болса, бүгінгі құрылыстар 3-3,3 метрге жетті. Бұрынғы үйлерде жалғыз жуынатын бөлме болса, қазіргі пәтерлерде кемі екеуден бар.
Міне, осындай жаңаруларды көргенде елден қалмай, ескі үйді жаңасына ауыстырған да дұрыс па дейсің. Әрі «жақсы жерде жатсаң, жақсы түс көресің» деген де тәмсіл бар. Әрине, адам туып-өсіп, әбден бауыр басқан мекенін қиғысы келмейді. Әсіресе қалада бір жерден екінші жерге көшу оңай емес. Бұл бір жағынан материалдық шығынды қажет етсе, екінші жағынан үйреніскен орта, мектеп, балабақша, көлік инфрақұрылымдарының үйге жақындығы да таңдауыңызға әсер етеді. Сондықтан тұрғындар үйін дәл көліктей немесе гаджеттей көп ауыстыра бермейді. Trade-in-нің әлем бойынша онша танымал бола қоймауының бір себебі де осы болса керек.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ