Адам баласы о дүниедегі ахуалы жайлы ойлайтыны белгілі. Құранда иман еткен, ізгі амал жасаған адамдарға жәннәт уәде етілгені сияқты (Кәһф сүресі, 18/107), Алланың бірлігіне күмән келтірген, күнәкар адамдар үшін тозақ уәде етіледі. Кәпір, екіжүзді, мүшрик пенделер тозақта мәңгілік азап шегетіндігі де айтылады. Алайда иман етіп, күнә жасаған пенделер тозаққа кірсе де жазасының өтеуінен кейін жәннатқа баратындығы турасында мәлімет беріледі.
Алла Тағала және пайғамбар (с.а.у.) жәннәт пен тозақты былай сипаттайды: «Сондай бір оттан сақтаныңдар, оның отыны (кәпір) адамдар мен тастардан тұрады. Ол (от) кәпірлер үшін әзірленген» (Бақара, 2/24). «Кәпірлер үшін әзірленген оттан қорқыңдар!» (Әл-Имран, 3/131). Демек Құранда тозақ, жәһәннам сқзінің орнына кейде от сөзі қолданылады. Мысалы: «Шүбәсіз, мүнафықтар (екі беткейлер) оттың ең төменгі дәрежесінде» (ән-Ниса, 4/145).
Құранда тозақтың жет есігінің бар екендігі баяндалады: «Тозақтың жеті қақпасы бар, әрбір қақпадан кіретін топ бар» (әл-Хижр, 15/44).
- Жәһәннам – бұл сөз Құранның жетпіс жеті аятында баяндалған.
- Лаза (лапылдаған от): «Бірақ мүмкін емес! (Алла оны азаптан құтқармайды) Өйткені ол Жаһаннам –лапылдаған от!» (әл-Мәариж, 70/15).
- Сайр (жалындаған от): «Ол шайтандарға (ақыретте) жалынды от әзірледік» (әл-Мүлк, 67/5). Басқа да он беске жуық аяттарда осы мағынада қолданылады.
- Сақар (қызыл от): «Һәм уа Расулым, сақардың («жәһәннам) не екенін білесің бе?!» (әл-Мүддәссір, 14/27).
- Хауия (құз): «Ол –жалындағын от!» (әл-Қариа, 101/9-11)
- Хутама (жүректі жаулаған отты уайым): «Шүбәсіз ол –Хутамаға (отқа) тасталады» (Һүмәзә, 104/4)
- Жахим (өрт): «Күпірлік қылушылар мен аяттарымызды жоққа шығарғандарға келер болсақ, мәне солар Жахимнің тұрғындары» (әл-Маидә, 5/10)
Осы тозақтың түрлерімен қатар азаптың да түрлеріне қатысты ондаған аяттар бар. Мысалы: «Сол күні жаһаннамнан толдың ба?-деп сұраймыз. Ол: «тағы бар ма?-дейді» (Қаф, 50/30). «Ей адамдар! Өздеріңді және отбасыларыңды отыны адамдар мен тастардан болған оттан қорғаңдар! (әт-Тахрим, 66/6). Сонымен қатар тозақтағы адамдардың қорегіне қатысты да аяттар келген: «Жеген заққұм ағашы олардың таңдайын өртейді. Өртенген тамақтарын басу үшін ішетін сусын іздейді. Бірақ қайнаған су қосылған құсық пен іріңнен басқа сусын таба алмайды (Саффат, 37/62-67).
Әнәс бин Мәліктен реуаят етілген бір хадисте Пайғамбар (с.а.у.) былай дейді: «Қазір ғана мына дуалдан тозақ пен жұмақ көрсетілді» (Тәжрид-Сарих тәржімасы және түсіндірмесі, ІІ, 483). «Тозақтың оты (саны жағынан) дүниенің отынан алпыс тоғыз есе артық. Бұлардың әр бірінің қызуы дүниенің отының қызуындай» (Сонда, ІХ,50).
Жәһәннамға қатысты аяттар мен хадистер жоғарыда баяндалғандармен шектелмейді. Сондықтан жәннәтқа қатысты қысқаша Құран мен хадиске көз салатын болсақ. «Жәннат тақуаларға жақындатылған. Міне сендерге уәде елітген жәннәт осы» (Қаф, 50/31-33). «Тәуба етушілер мен ізгі амал жасағандар олай емес. Өйткені олар ешбір әділетсіздікке ұшырамай Жәннәтқа, мейірімді Алланың құлдарына уәде еткен Адн жәннәтына кіреді. Оның уәдесі шүбәсіз орындалады. Ол жерде сәлемнен басқа сөз естілмейді. Ол жерде таң және ақшам рызықтары да аяқтарының асына келеді. Ол жәннатқа құлдарымыздан расында тақуа болғандарына мұрагер қыламыз» (Мәриям, 18/60-63). Осы тақылеттес жәннәтқа қатысты да Құранда ондаған аяттар орын алады. (Таһа, 20/76; әт-Тәуба, 9/72; әр-рахман, 55/54-58; әт-Тур, 52/21; әз-Зухруф, 43/71-73 сияқты аяттарға қарауыңызға болады).
Пайғамбарымыздан жеткен бір құдси хадисте Хз. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Салих құлдарым үшін ман, жәннәтта ешбір көз көрмеген, ешбір құлақ естімеген және ешбір адамның ойына келмеген нығыметтер әзірледім» (әл-Жамиғу лил-Усул фи Хадисир-расул, V, 402).
Жәннәт туралы қорыта айтсақ, «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед (с.а.у.) оның елшісі деп сеніп, ізгі амал жасағандар Алланың қалауымен Жәннәтқа кірмек. Бұл айтылғандар тек Құран аяттары мен хадистерге негізделіп жасалған сипаттары, шынайы халі бір Аллаға ғана аян. Сондықтан Шәкәрім Құдайбердіұлы:
Пейіш-тозақ молда айтқан сияқты емес.
Ақылды адам оны әсте олай демес.
Құрсақтағы балаға осы өмірді,
Ұқтыр десе айтар ең қандай кеңес?!-дейді.
Кеңшілік ТЫШХАН
дінтанушы, ф.ғ.к.