Сұрақ: Төсек үстінде тамақ жеуге бола ма?
Жауап: Мұсылманшылық дегеніміз – тек имандылық емес, тазалықты да білдіреді. Себебі, пайғамбар (с.ғ.с.) «Дін – бұл тазалық», деп айтқан. Ислам – тазалыққа құрылған дін.
Ал енді жарнамада «өмір рахаты» деп адам ұйқысынан тұра салып, төсекте таңғы ас ішу дәстүріне келер болсақ, бұл мұсылманшылыққа жат. Мұның бірнеше себебі бар. Мысалы, Пайғамбар (с.ғ.с.): «Ешкім ұйқыдан тұра салысымен қолын ыдысқа жүгіртпесін. Өйткені түнімен қолының қайда қонғанын білмейді», деген (Мүслим).
Расында да адам ұйықтап жатып қолымен не ұстағанын білмейді. Беті мен қолын, ауызын шаймаған адам тамақ жемек болса, онда ол қарапайым гигиенаның өзін сақтамағаны. Екіншіден, төсек үстінде тамақтану қазақтың мәдениетіне де жат. Қазақ мұндай қылықты жалқаулық, салақтық деп бағалайды. Себебі төсекті таза ұстау қажет. Адам тамақ жеген уақытта төсекке нан немесе тамақ қиқымдары түсуі әбден мүмкін.
Құдай Тағала «Мүддасир» сүресінің 4-5 аяттарында: «Киіміңді таза ұста, жаман нәрселерді таста» деп ескерткен. Үшіншіден, ислам төсек үстінде тамақтануға тыйым салмайды, алайда жоғарыда айтылғандарды ескерсек, төсек үстінде тамақтану сүннетке теріс әдет.
Жалғас САНДЫБАЕВ