Бөлінгенді бөрі жейді
Түрлі жат ағымдардың жетегінде кетіп, солардың сойылын соғып жүрген қаракөз бауырларымызды көрген сайын Африкадағы Кения елінің көсемі Нельсонның: «Миссионерлер елімізге келгенде қолдарында кітап, біздің иелігімізде жер болған еді. Көзімізді жұмып қайта ашқанымызда олардың иелігінде жер, ал біздің қолымызда кітап қалды», – деп ащы да болса шымбайға бататын шындықты айтып кеткен ойлы сөзі тіл ұшына орала береді.
Иә, ата-бабасы ғасырлар бойына ұстанып келген қасиетті де қастерлі дәстүрлі дінінен бүгінгі ұрпағының қағынан жеріген құландай жиренуіне не себеп сонда? Жүз отыздан астам ұлыс пен ұлт өкілдерінің баласын кең құшағына сыйдыра білген сайын дала төсінде қазақтың баласының бірі сәләфи, бірі уаһаби, енді бірі құраншыл болып, басы қосылмайтыны несі? Жә, олар бірдеңені біліп айтса, жөн дерсің-ау. Ал ештеңенің байыбына бармастан, елінің, жерінің, ата-бабасы жүріп өткен сан ғасырлық жолының талайғы тарихын білмей тұрып, «анау айтты» мен дүрмекке айқай қосып: «Намаз оқымағанның бәрі кәпір» немесе «Әкең намаз оқымайтын болса, тілін алма, шешең намаз оқымаса, қолынан шәй ішпе», «Пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннетін орындау міндет емес» және т.с.с. деп жүргендердің іс-әрекеті қай ақылға қонады?
Ағайынын «адастыға» санап жүрген ондай бауырларымыз – туғанына, қала берді елі мен жеріне опасыздық жасаумен қатар, ең алдымен өздерінің адасып жүргенін біле ме екен? Қасиетті Құранда: «Әй мүміндер! Алладан шынайы қорқумен қорқыңдар да, мұсылман болған күйде ғана өліңдер. Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер» («Әли Ғымран» сүресі, 102-103-аяттар), – деген аяттары күллі мұсылман баласына бөлінбеңдер деп ашық айтып тұр-ған жоқ па?
Шынтуайтына келер болсақ, жатжұрттықтарға сенің өзің де, дінің де керек емес. Олардың көздегені басқа. Көбісінің аузының суы құри бағып отырғаны – сенің ұланғайыр жерің мен жерасты қазба байлықтарың. Кезіндегі «бөліп ал да билей бер» деп қазақ жерін емен-еркін билеп-төстеген отаршыл патшалық Ресейдің саясатын бүгінгі таңда мұхиттың арғы жағындағы мысықтілеулілер қолданғысы келеді және мұсылманды мұсылманға айдап салып, қолданып та жүр. Төскейде малы, төсекте басы қосылған қарға тамырлы қазақ баласының болмашыға бола жүз шайысып, бет жыртысып жүргені жымысқы әрекетті саясаттың құрбаны болғаны емей немене? Ал бұл көрініс қалыпты жүйеге айналып кететін болса, аз уақыттан кейін «Бөлінгенді бөрі жейдінің» кебін киіп, тоз-тоз болып кетпесімізге кім кепіл?
Ел ішінде алаңдаушылық туғызып отырған осындай келеңсіздіктердің алдын алып, рухани сенімнің қоғамдағы орнын айқындау үшін, алғаш рет Елбасы жат ағымдардың теріс бағыттағы әрекетінің салдарынан орын алып отырған діни келеңсіздіктерді тілге тиек ете тұрып, өзінің кезекті Жолдауында: «Бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес діни және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұр.
Жастарымыздың бір бөлігі өмірге осы жат жалған діни көзқарасты көзсіз қабылдайды, өйткені, біздің қоғамның бір бөлігінде шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитеті әлсіз.
Қазір кейбір сыртқы күштер жастарымызды Ислам дінінің хақ жолынан адастырып, теріс бағытқа тартуға тырысуда. Мұндай ұлттық табиғатымызға жат келеңсіздіктерден бойымызды аулақ салуымыз керек», – дей келіп: «Біздің Конституция сенім бостандығына кепілдік береді, бұл – факт. Бірақ, өздеріңіз білетіндей, шексіз еркіндік деген болмайды. Ол дегеніміз – хаос. Барлығы да Конституция мен заңдар аясында болуға тиіс», – деп қадап айтқанын әрбір саналы азамат есінде мықтап ұстағаны абзал.
Лаңкестік әрекет діннен емес
Өз заманының ұлы ойшылы Ф. Гастенкердің: «Дүниедегі тепе-теңдікті ұстап тұрған – Ислам діні. Дін шайқалса, әлем шайқалады», – дегені бар. Біз бүгін соның куәсі болып отырмыз.
Мәселен, бүгінгі таңда мұсылман әлеміндегі Иран, Ирак, Сирия, Палестина сияқты мемлекеттердегі бейбіт тұрғындардың үрейін туғызып, тыныштығын қашырып отырған дүрбелең жағдай шынайы діннің әрекеті емес, ол сол жерлердің байлығына көз сүзген, дінді жа-мылғы етуші сырттан келген саяси күштердің ықпалы екендігі жасырын емес. Бұрнағы жылы еліміздің батыс өңірлерінде орын алған лаңкестік әрекеттерді де ел ішіне іріткі салу арқылы тұрақтылықты шайқалтқысы келген дінді жамылғы етуші бұзақы пиғылдылардың әрекеті деп білген жөн.
Мұның ең қауіптісі – дін жолында жүрміз деген жастарымыздың жасаған амалдарының соңы неге әкеп соғарына жете мән берместен әлдекімдердің қарапайым қулығына түсіп қалғандығында. Соның салдарынан жас ғұмырына балта шабумен қатар ата-анасына да қайғы әкелуінде.
Діннің діттегені – бүлік емес, бірлік», – деп «діни экстремизм» деп ат қойып, айдар тағып жүрген лаңкестік әрекеттердің қай-қайсысы болмасын діннен емес екендігін көпшілікке қарата айта отырып, одан әрі қарай: «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді», – деп дана халқымыз бекер айтпаған. Осынау алмағайып заманда мұсылмандардың басын біріктіріп, ел игілігі мен бірлігі секілді ортақ мақсаттарға жұмылдыру басты назарда болмақ. Расында да, жері кең, ал саны аз қазақ халқына ауызбіршілік керек. Ол үшін бірігіп іс жасауымыз қажет. Ұлы Жаратушымыз Қасиетті Құранда: «…Жақсылыққа, тақуалыққа жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа жәрдемдеспеңдер. Алладан қорқыңдар! Күдіксіз Алланың азабы қатты» («Мәида» сүресі, 2-аят), – деген. Ал Алаштың ардақты азаматтарының бірі Әлихан Бөкейханов бабамыздың: «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса – халықтық мақсат сонда орындалады», – деген сөзі бар.
«Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», – деп хәкім Абай айтпақшы, шын мәнінде, бес Франция сыйып кететін осынау ұланғайыр жерді мекен еткен ат төбеліндей аз ғана қазаққа ғасырлар бойына ата-бабасы: «Алла бір, пайғамбар хақ» деп ұстанып келген дәстүрлі дінінен қол үзіп, жат ағымдардың шылауында кетіп, алтыбақан алауыз болудың қажеті бар ма?
Адасқанның алды жөн, арты соқпақ
Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Амал ниетке байланысты», – делінген. Демек, дін жолына түскен әр азамат, яки азаматша ең әуелі не істеуі керек, әрине, ниетін дұрыстауы керек. Абайша айтар болсақ: «Әрбір адам баласына ең әуелі ақыл керек, ақылды адамға иман керек, иманды адамға ғибадат керек».
Тағы да хәкім Абайдың: «Көп адам дүниеге бой алдырған, бой алдырып аяғын көп шалдырған», – дегеніндей, Қасиетті Құранның дара жолынан, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сара жолынан адастырушы теріс ағымдардың жетегінде жүрген көптеген жастарымыздың аяқтарын шалыс басуының бірден-бір себебі де – дінді жете түсінбеуінен, оның ішкі иірімдеріне бойлап, түпкілікті мақсаттың байыбына бармауынан. Бұл бір.
Екіншіден, өз елінің тарихы мен ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрін білмеуі, оған құрмет көрсетпеуі де адасушылыққа апарар жол екені даусыз.
Үшіншіден, төл дінінен де, ділінен де, ана тілінен де мақұрым қалған атеистік отбасының тәлімін теріп өскен баланың тура жолдан адаспауы неғайбіл. Өйткені, жат ағымдардың жасағын толықтырып жүргендердің дені орыс тілінде сөйлеушілер болып келеді. Ондайларға «неге ана тіліңде сөйлемейсің» десең, «дінге оның қажеті қанша» деген жауап аласың. Осыдан кейін-ақ, ол адамның тіл тұрмақ, діннен де мақұрым екенін байқайсың. Себебі Қасиетті Құранда: «…Егер Алла қаласа еді, барлығыңды бір-ақ үммет қылар еді. Алайда сендерге берген жол-жобаларында сынамақшы» («Мәида» сүресі, 48-аят), – деп Ұлы Жаратушының адамзат баласын бір-бірін танып, ажырату үшін ұлтқа, ұлысқа бөліп, қарым-қатынас құралы, тіршілік тірегі ретінде тіл бергенін түсінбейміз бе?
Олай болса, Алла Тағаланың қазақ баласына берген көп нығыметтерінің бірі – ана тіліне құрмет көрсетудің орнына, теріс айналып тәрк етіп, өзге тілде шүлдірлеп жүрген қандастарымызға жол болсын?!
Осы тұста ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Оразкүл Асанғазының баспасөзге берген сұхбатынан мына бір жолдар еріксіз ойға оралады: «…Ислам діні – біздің халқымыздың ұлт болып қалыптасуына ықпал еткен басты құндылықтарымыздың бірі. Кеңес одағы неге дінді құртты? Неліктен мешіттерді қиратып, молдаларды қудалады? Өйткені, дінсіз адамды кез келген жағыңа айдап, кез келген саясаттың қолшоқпары қылу оңай болатын. Сондықтан олар үшін діннен бездіру халықтарды жаулаудың ең төте жолы болып көрінді» («Ислам және өркениет», №11, 2013 ж.).
Қазір де осы саясатты тілден де, діннен де мақұрым жастар арасында жалған ағымның жетекшілері оңтайлы қолданып отыр. Соның салдарынан бозөкпе жастарымыз жақсыдан жаманды айыра алмай, өткенге кесек атып, алашақпын болып жүр. Өкініштісі де осы.
Белгілі маман Тимур Козыревтің пікірі де жоғарыдағы біздің ойымызды қуаттайды. Қараңыз: «…Жалпы, уаһабилік немесе сәләфилік ағымдардан Қазақстанда таралғандары екеу: олар – тәкфиршілер және мадхалиттер. Тәкфиризм дегеніміз – бейнелеп айтқанда, дер кезінде өшірілуі тиіс өрт. Тәкфиризм – анық экстремизм, біз оған соңғы жылдары Атырау, Тараз қалаларында орын алған оқиғалар арқылы тағы бір көз жеткіздік. Тәкфиршілер туралы айтар болсақ, олар, атауынан көрініп тұрғандай, намаз оқымайтын адамның бәрін оп-оңай кәпірге шығарады. Яғни, олардың түсінігінше, Қазақстан – кәпірлер мемлекеті. Бұл, турасын айтқанда, қарулы жиһадқа бір адым ғана қалды деген сөз. Өздерінің криминалды әрекеттерін жиһад деп ақтауға тырысады. Олардың мемлекеттік органдар, күштік құрылымдар өкілдеріне шабуыл жасауы, т.б. әрекеттері қоғамдағы тұрақтылықты шайқалтатын аса қауіпті құбылыс. Дер кезінде өшірілуі тиіс өрт деп отырғаным да сондықтан.
Мадхалиттердің қауіпті жері – олар тәкфиршілер секілді өздерінен басқаның бәрін кәпір демегенімен, ханафи мәзһабын, сондай-ақ қазақ халқының барлық салт-дәстүрлерін мойындамай, оларды не ширк (Аллаға серік қосу), не бидғат (дінге енгізілген жаңалық) деп санайды. Дін мен ұлттық сананы бір-біріне қарсы қоюдың соңы немен аяқталарын олар ойлана бермейді» («Ислам және өркениет», №3, 2013 ж.), – деп жалған ағымдардың жетегінде жүрген жастардың адасуының соңы мемлекет қауіпсіздігіне дейін қатер төндіретінін алаңдаушылықпен ескертіп отыр. Отанға опасыздық деген де осындайдан шығады.
Сөз соңы
«Бірлік – береке бастауы» деп ұққан бабаларымыздың жолымен жүрсек, ауызбіршілігімізді жоғалтпайық. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, Тәуелсіз еліміздің баянды болашағы жолында жұдырық болып жұмыла білуіміз керек.
Құдіреті күшті Алла тағала ел іргесін аман сақтап, ел басқарушы азаматтарға амандық-саулық беріп, халқымыздың ынтымақ-бірлігін жарастырып, жақсыға жанас-тырып, жаманнан алас қылып, біздерді өзінің сираатал-мустақим болған тура жолына, нығметке бөленгендерінің жолына бастап, сол жолда екі дүниенің игілігін нәсіп еткей. Әумин!
Р. СМАҒҰЛ