Жәннат есігінің алдында төрт кісі тұр екен. Олардан жәннатқа кім бірінші кіруге лайық екенін анықтау керек болыпты. Олардың бірі – мұсылманның бес парызын түгел өтеген кісі, екіншісі – шәһит, үшіншісі – ғалым, төртіншісі – зекет берген кісі екен.
Әуелі бес парызды өтеушіден:
– Саған жәннатқа лайық амалдарды жасау керек екенін кім айтты? – деп сұрапты.
– Маған Исламның барлық бес парызын – иман келтіру, намаз оқу, ораза ұстау, зекет беру және қажылықты орындау арқылы жәннатқа баратынымды ғалым айтты, – депті ол.
– Маған да Алла Тағала Құран арқылы түсірген хақ дін – Исламның жолында соғысқа шығып, сонда өліп кетсем, жәннатқа баратынымды айтқан ғалым, – депті шәһит. Сонда ғалымнан:
– Сен мұның бәрін қайдан білдің? – деп сұрапты.
– Мен алыс елге барып оқып, іздендім. Ал, менің оқып, білім алуыма, ізденуіме жағдай жасаған, қаржыландырған зекет беруші, – депті ғалым.
Содан бәрінен де зекет берушінің еңбегі артық бағаланып, жәннатқа бірінші боп кіруге лайық деп табылыпты.
Зекет беруші адам біріншіден Алланың алдындағы құлшылық міндетін атқару бақытына ие болады. Бұған қоса зекет беру өзге мұқтаж жандардың қажеттіліктерін өтеу арқылы оларды қуанышқа бөлеумен қатар, зекет берушінің өзіне де материалдық және рухани тұрғылардан көптеген пайдалар әкеледі. Өзімшілдік, сараңдық, дүниеқоңыздық секілді рухани дерттердің тамырына балта шапса, апат, бәле-жәле, ауру-сырқау, қуаңшылық сияқты біздің шамамыздың тысындағы кесірлерден сақтап қалады.
Араб тілінде зекет сөзі – көбею, өсу, берекеттену, тазалық сияқты мағыналарды білдіреді. Ал шариғаттағы анықтамасын “Зекет – арнайы мал-мүлік түрлерінің белгілі бір мөлшерін жылына бір рет Алла Тағаланың разылығы үшін Құранда белгіленген адамдарға меншік ретінде беру” – деп көрсетуге болады.
Зекет – Алла Тағаланың берген дәулетіне шүкір ету болып табылады. Ақиқатында зекет беру мал-мүлікті азайтпайды. Керісінше молайтып, берекеттендіреді. Құран Кәрімде: «Егер сендер шүкір ететін болсаңдар, онда мен міндетті түрде нығметімді арттыра түсемін», -дейді Алла Тағала.
Зекет пәле-жаладан, апаттан, ауру-сырқаудан сақтайды. Байлықтың құрып кетуіне тосқауыл жасайды. Пайғамбарымыз: «Малдарыңды зекет беру арқылы қорғаңдар, ауруларыңды садақа беру арқылы емдеңдер, тілейтін дұғаларыңмен бастарыңа келетін пәлелерге дайындалыңдар», – дейді.
Жалпы ғибадат, құлшылықтар дене арқылы, мал-мүлік арқылы және екеуімен бірге орындалатын болып үш топқа бөлінеді. Зекет мал-мүлікпен орындалатын ғибадаттарың қатарына жатады.
Сондай-ақ, Исламның бес шартының бірі болғандықтан намаз, ораза секілді мұсылмандардың өмірінде үлкен рөл атқарады. Барлық нәрсені толығымен білуші Алла Тағала зекет ғибадатын да көптеген пайдалар мен жақсылықтардың бастауы етіп қойған. Адамзат болашағының бақытты болуы үшін бүгінгі күні де әрбір мұсылман зекет ғибадатының мәні мен маңызын ұғынуы қажет.
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ