Күнделікті өмірде жекелеген сөздер мен тіркестерді ойланбастан қолданып жатамыз. Автоматты түрде айту яки жазу дағдыға айналған. Олардың шығу тегі қандай, нендей мағынаны білдірді, қазіргі қолданысы қалай?
Егер әр сөздің түпкі мағынасына үңілсек, әрқайсысынан бір-бір тарихи мән тапқан болар едік. Олар халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан өмірлік тәжірибесі мен дәстүрлі мәдениеті, шаруашылығы және этнографиялық таным-түсінігімен байланысты. Кей жағдайда көне мағынасымен қазіргі мағынасы бір-бірімен үйлеспей жатады. Жиі қолданылатын бірқатар сөздерді назарларыңызға ұсынамыз.
Дабыл
Су тасқыны немесе жер сілкінісіне қатысты, қалаларымызда, әскери округтерде де аракідік дабыл қағылып тұрады. Құлаққа жағымсыз естілетін дабылдан кейін мектеп, университет және жұмыс орындарын тастап, үдере сыртқа шығып көрмегендер кемде-кем. Бүгінде осынау «дабыл» сөзін сирена, ескерту белгісін беру мағынасында қолданып жүрміз. Былайша айтқанда, «сирена» сөзінің баламасы ретінде қолданыста.
Дабыл – ұрып ойналатын көнеден келе жатқан ұлттық саз аспабы. Жаугершілік жорықта, той-думанда халықты бір жерге жию үшін, сондай-ақ, аңшылық кезінде аң үркіту үшін пайдаланылған. Дабыл сөзі қазақ тілінде ерекше шартты белгі, сигнал, ұран, үндеу, жар салу мәндерінде де қолданылады. Ал оны қағушы-дабылшыны «дабылпаз» деп атайды.
Қазақстан аумағында табылған дабылдардың көне үлгілері қазір Петербор, Семей, Омск, Астрахан және Алматы мұражайларында сақтаулы.
Түрпі
«Әрі күлкі, әрі түрпі» деген лепес бәрімізге етене таныс. Күліп тұрып, күнәсін де біліп тұру. Күнделікті тұрмыста да келеңсіз бір әңгіме немесе боқтық сөз есітіп қалсақ, «құлаққа түрпідей тиді» деп жатамыз. Теледидарда да әлдеқандай жүргізуші албаты сөйлеп жатса, осылай деп шапшу қалыпты жай. Сондағы «түрпідей» дегеніміз, «өте қатты батты, шаншудай қадалды, ауыр тиді» дегеніміз.
«Түрпі» нені білдіреді? Оны жағымсыз жайларға орай айтылатындықтан, оңған сөз болмаса керек» деп топшылап жүргендер де бар шығар. Түрпідей тигенде, кірпідей жиырылмағанда не істейді. Өз кезегінде, бұл сөз халқымыздың ежелден келе жатқан металл өңдеуде қолданылатын құрал-жабдықтарының біріне қатысты айталады.
Түрпі – бетінде ірі бедері бар егеу. Яғни, темір немесе ағаштың кедір-бұдырын тегістеуге арналған, үшкір сиректеу тістері бар құрал. Осыдан да, түрпіге ұқсас дөрекі, оғаш деген ауыспалы мағынасы туындап тұр. Демек, түрпілік – дөрекілік, анайылық, тұрпайылық.
Торқа
Өмір болған соң өлім-жітім, жаназаға бару заңдылық. Сондайда азалы үйдің адамдарына жұбату ретінде: «Арты қайырлы болсынмен» қатар, «Топырағы торқа болсын!» деп тілек білдіру жоралғысы бар. Ел басшыларының жедел телеграммаларында да осы тілек жиі көрініс береді. «Әйтеуір, жаман сөз емес, «Жаны жаннатта болсынның» серігі екендігі анық деп қолданады жұрт.
Осындағы «торқа» сөзі мата атауының бірі – ең қымбат жібек матаның атауынан шыққан. Атам қазақ қыздарына дәл осындай мата атауларын – Мақпал, Торғын, Дүрия, Баршын, Бәтес, Жібек, Қамқа, Қатипа және Шұға дегенді есім ретінде қоя отырып, торқаны қазалы жағдайға неліктен телігені белгісіз. Әйтпесе, бұған барқыт та, масаты да атаулары келетін еді. Сірә, «топырақ» сөзіне ұйқас ретінде жақсы келетіндігі әсер етсе керек. Сөзбе-сөз: «жібектей жұмсақ, жанға жайлы болсын» дегені.
Дегенмен, «торқа» той-думан мағынасында да қолданылады. «Торқалы көйлек, торқаға орану, торқалы той» деген тіркестер әлі «тірі». Қалада болмаса да алыс ауылдарда айтылып жатады.
Торқалы той, тұмарлы жүйрік – даңқты үлкен мереке, кәделі, салтанатты жиын, мерейтой.
Торқалы той, топырақты өлім – бір қуаныш, бір қайғы. Бұл ұлтымыздың ежелден келе жатқан бірлігі, ағайын-туыс, тұтас елдің ұрандасып, баталасып, барлығын да бірге атқарысуы. Ауыл, рулы ел болып жұмылу салтын білдіреді.
Үлде/бүлде
Сыр ақтарсам қазақтай іргелі елден,
Қойынына үлде мен бүлде көмген.
Жақсысы көп марқайтып, жан сүйсінтер,
Жаманы да, алайда, бірге келген.
Замандасымыз Ескендір Тасболат жазған бұл жыр жолдары ата-бабамызбен сана сабақтастығын көрсетіп тұр. Бұрын да, қазір де «үлде мен бүлде» – бақ-дәулеттің, байлықтың, барлықтың нышаны. Алайда, бұрынғылар үлде мен бүлдеге оранудың мәнін біліп айтқан болса, қазіргілер ескі инерциямен қолданып жүр.
Шындығында: Үлде – қымбат жұқа мата. Бүлде – сапалы қымбат мата.
Ерте кездері тек қолы ұзын, ең бай деген жоғары тапқа ғана тән сән-салтанатты зат болған. Екеуі екі түрлі мата түрінен болса да, егіздің сыңарындай тіркесіп келуін бір-бірімен үндестігінен деп долбарлауға болады. Әрине, бұл Америка ашу емес. Үстіге ілетін қымбат зат екені интуитивті түрде түсінікті.
Итақай
«Иттің итақайы, иттің құлы/ұлы итақай немесе иттің ұлы байқотан» деген тіркес таныстыруды қажет етпейді. «Кім көрінген, қадірсіз, кез келген, қаймана біреу» деген мағыналарда қолданылатын бұл тізбе қолданыс жиілігімен ерекшеленеді. Міне, осындағы қосарланып келетін «итақай» сөзі – күшік деген сөздің баламасы. Қазіргі әдеби тіл айналымынан шығып қалғанымен, көнерген экспрессивті сөз ретінде «ит» сөзімен қосарлана айтылып жүр.
Гуглға терсеңіз де, қазақ БАҚ-да бұл сөздің шын көңілмен қолданылатынына көз жеткізуге болады. Әлемжеліде былай деп кете береді:
Ал қазір иттің итақайы компьютермен музыка жасай беретін болып кетті…
Қазір иттің итақайы бір емес, екі институтты қалпағымен ұрып алып жүр…
Иттің итақайы қазір – генерал, қолбасшы…
Қазақтан басқаның бәрі, иттің итақайы шығарып жатыр…
Бұқараның талғамына өте жақын. Бұл қасқырдың төлін «бөлтірік» деп, поэтикалық тұрғыда «көксерек» деп атаған секілді, эмоциялық реңкі бар сөз.
Кішкентай/пұш/бүк
Бұл сөз сәби кезімізден етене. Өйткені, «Ол кішкентай, оған тиме, сен әлі кішкентайсың» дегенге қанып өстік. Әсіресе, әкімдік қызметкерлеріне мәселемен барғанда: «Мен кішкентай адаммын. Менің қолымда не бар дейсің?!» деп азар да безер болатыны өз алдына бөлек әңгіме.
Кішкентай – титімдей, титтей, шүйкімдей, құрттай, шағын, шамалы, азғантай, қысқа, аласа, мықыр, тіптен жас, бүлдіршіндей.
Қолданылу аясы да кең:
Кішкентайлы – сәбилі, бөпелі.
Кішкентайынан – кішкене уақытынан, бала кезінен, титтейінен.
Кішкентайлау – кішіректеу, шағындау.
Бұл асықтың түрінен, яғни, «кеней, кентай» деген сөзден туындаған мағыналар. Кентай – асық ойынында ұпайға тігілетін асық. Кішкентай сөзі «кіші» және «кентай» сөздерінен шыққан. Бұл да ұмытыла бастаған көне сөздерге жатады.
Сақа (асықтың ең үлкені), ешкімер (ешкінің асығы), қойлақ (қойдың асығы), құлжаз (құлжаның асығы), топай (сомпай) (сиырдың асығы), шүкейт (киіктің асығы) атаулары дәл бұлайша жаңа сөз жасай алмаса да, асықтың тағы бір түрі – «пұш» жаңа бір тіркеске мұрындық болған.
«Пұш» деп тәйкі түспесін деп алшы жағы жонылған асықты атайды. «Пұшайман болу» деген сөз осыдан шыққан.
Ал асықтың түсуіне байланысты атаудан өрбіген «бүк түсу» сөзі өзі үшін өзі сөйлеп тұр.
Бүге/бүк – асықтың шігісіне қарама-қарсы ішкі шұңқыр жағы.
Үбірлі-шүбірлі
Үбірлі-шүбірлі бол! Аталмыш тілекті үлкендерден жиі естиміз. «Бастарың өсіп көбейсін» деген мағынадағы сөз. «Балалы-шағалы, үрім-бұтақты бол!» дегеннің орнына да қолданылатын бұл сөз кейде «үбірінді-шұбырынды» деген формада да кәдеге асып жатады.
Той, жиын отырыстарда да жиі қылаң беріп қалады. Осындағы үйелмелі-сүйелмелі болып отырған үбірі несі?
Түбірі «үбі» – үй бұйымы, жиһаз, дүниеліктер.
Үбілі – жиһазды, дүниеге толы.
«Үбірлі-шүбірлі бол» дегеніміз – «жиһазды, дүниелі, мал-жанды бол» дегенге саяды.
Үлбір
Үлбір – үлпілдек жүнді жануарлардың бағалы терісі. Қолданыс мағынасы: жұқа, нәзік, мамықтай жұп-жұмсақ болу, уілжу, үлпілдеу, жап-жас, уыздай.
«Сүйкімді, үлбіреген сұлу қыз екен. Үлбіретіп алақанға салып аялап отыр» дегендегі «үлбірдің» ақпары осындай. Қазір қолданыста болмағанымен арғықазақ тіршілігінде сауда-саттық көрігін қыздырған құнды зат.
Ақиық анын М.Мақатаевтың сөзіне жазылған «Музарт» тобының орындауындағы «Сенің көзің түпсіз терең тұңғиықтан жаралған» әнінде бұл сөздің мағынасы жақсы ашылған.
Қас-кірпігің қарлығаштың қанатындай қап-қара,
Үлбіреген жүзің сенің ақ жібек пе, мақта ма?!
Әсем-басың әп-әдемі, мүсініңе шақ қана,
Шиедейін еріндерің қызарып тұр шоқтана…
Қырқын
Қазақ дүниетанымында терең ізі бар сөздің бірі – «қыз-қырқын» сөзі.
Бүгінде «қыз» сөзінің мағынасы айқын және нақты. Қыз образы да артық детальдерсіз нақты бейне. «Қыз – елдің көркі, гүл — жердің көркі» дегенде де, халық түсінігі қыз балаға меңзейді. Алайда, қыз бен қырқынның тарихи аражігі бар.
«Қыз-қырқын» сөзінің құрамындағы қазір жеке қолданылмайтын «қырқын» сөзі көне түркі тілінде «күң қыз», «күңнен туған қыз» мағынасында қолданылған. Кейін ол өзінің дербестігінен айырылып, бұл мағынада қолданылмайтын болған. Қазір қыз сөзімен қосарланып, «қыз балалар» мағынасын береді.
Оның түпкі мағынасы: «қыз» – «ханша» дегенді білдіреді. Яғни, бай-бағылан, патша-бектердің қыздары «қыз» деп аталып, қара бұқараның қыздары «қырқын» делінген.
Мәдениеттанушы-лингвист
Абылайхан Қалназаров