Түркістандық жетімдер Тоқмаханбет әбден құдай жолына берілген, ғұлама ғалым, сопы кісі болған. Елі ол кісінің қадіріне жеткен, тіптен бір дәулетті кісі қалыңсыз қызын беріп, дін мен ілім-білім насихатына жол ашады. Кеңестік қуғын заманда шекара асып, шетел жамағатында да абырой биігінен табылған.
Сол кісі адамдар арасында жүрсем біреуге тілім тиіп кетеді немесе біреулердің жаман сөзін естіп қалармын деп Шорнақта бір үйден шықпай, кітап оқып жатып алыпты. Сол кезде оңтүстікке дінді уағыздау үшін Ақ ишан деген қожа келген. Сол жарықтық Тоқмаханбетке барып: «Сенің бұл жатқаның болмайды, ел аралап, жұртты имандылыққа үйрет. Жеке басыңның тазалығынан мұның сауабы күшті» дегеннен кейін ауылдарды аралап молдалық жасайды.
Божбанның бір байы үйсіз-күйсіз Тоқмаханбетті қолына кіргізіп алады. Ақылды қызы бар екен, соны қосады. Қашан қараса күйеу баласы кітап ақтарып отырады, айтқаны шариғат. Сонда бай қызына:
– Қызым, саған обал жасаған жоқпын ба? – депті.
Есті қыз:
– Жоқ, әке. Бәрі де шариғат жолымен, – деген екен.
Кейін Сталиннің заманында молдаларды қудалау басталғанда Тоқмаханбет Ауғанға өтпек болады. Оған қайын атасы, тағы да Әлі, Сахан, Малтай деген құлшығаштар ереді. Тоқмағанбеттің кітаптарын түйеге артып Райымқұл, Сыздық, Кәдір деген жетімдерлер шығарып салмақ болады.
Шекарада екі-үш күн кідіруге тура келеді. Іштері пысқан жастар көкпар шабамыз деп шекарашылардың қолына түсіп қалады.
Застава бастығының әкесі тәжіктердің үлкен молдасы екен. Сол түс көреді де баласына айтады: «Ұсталғандардың ішінде үлкен ғұлама ғалым бар, соны Ауғанға өткізіп жібер, бәрібір ол сенің өкіметіңмен сыйыспайды» дейді.
Сөйтіп өзгелері елге қайтады, ал Тоқмаханбет келіншегімен, қайын атасымен бірге шекарадан ат жалдап өтіп кетеді.
Тоқмаханбет Ауғанстанға барғаннан кейін қазақтар қоныстанған уәләятында бас қази болған. 1971 жылы сол жақтан қыдырып келген Оразгелді Сентрал деген кісі:
– Тоқмаханбеттің кезінде қазақ біткен қадірлі едік, – дегенді айтқан. Тоқмаханбеттен екі бала, бір қыз қалған. Олар Ауғанстанда тұрады деседі.
Жетімдер руы өкілдерінен
мәтінін алған Абылайхан Қалназаров