Төзімділік – қоғамның, мемлекеттің, тіпті, әлемнің бейбітшілікте өмір сүруіне жол ашатын қасиет. Әсіресе, қазіргі жаһандану кезеңдегі мәдениеттердің ықпалдасу сәтінде қажеттілігі бұрынғыдан да арта түспек. Сондықтан төзімсіздіктің зиянды жағы мен төзімділіктің пайдалы тұстарын ортаға шығарып, қарама-қарсы екі ұғымның түрлері мен сипатын ой елегінен өткізу бүгінгі күні өзекті болмақ.
Ғылыми әдебиеттерде төзімділік ұғымы «толеранттылық» термині арқылы қолданылады. Ол, өзгенің пікіріне, сеніміне, көзқарасына құрметпен қарап, төзімділік танытуды білдіреді. Әлеуметтанушылар топ ерекшеліктеріне қарай төзімділіктің бірнеше түрлерін келтіреді.
Ұлттық немесе этникалық төзімділік: Қандай да бір ұлттың – өзге тайпаның, халықтың, нәсілдің мәдениетіне, тіліне, салт-санасы мен дәстүріне деген төзімділігі. Төзімділіктің осы түрі жойылған кезде бір ұлт тарапынан екінші бір ұлт өкілдерін кемсіту мен қорлау немесе келемеждеу мен мазақтау секілді жағымсыз әрекеттер орын алады. Нәтижеде ұлтаралық немесе тайпаралық қақтығыстардың орын алуы бек мүмкін.
Мұндай қақтығыстар екі мемлекеттің халықтары немесе бір мемлекетте өмір сүріп отырған этностардың арасында да кездеседі. Оның мысалын АҚШ-та орын алған оқиға мысал бола алады.
Жалпы, ұлтаралық қақтығыстардың орын алуына кездейсоқ оқиғалардың әлеуметтік желі немесе өзге де бейресми ақпарат көздері арқылы таралған арандатушы материалдардың әсері мол. Мұндай материалдар төзімділіктің орнына ортаға агрессияны алып келеді. Сондықтан азаматтардың күмәнді материалдардан бойын аулақ ұстауы қоғам тыныштығына кепіл болмақ.
Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) хадисінде: «Қара нәсілді адамдарды да дос тұтыңдар, өйткені олардың үш ұлық адамы: Лұқман хәкім, Нахоший, Эфиопиялық азаншы Біләл пейіште болады», – деп айтқан. Яғни, ол кезде тек құл ретінде қабылданған нәсілді өзіне дос тұтуды дәріптеп, орынсыз бөліну мен қақтығысудан қайтарған.
Әлеуметтік төзімділік: Төзімділіктің бұл түрі әлеуметтік теңсіздіктен келіп шығады. Қоғамның бір бөлігі бай, екінші бір бөлігі кедей немесе орта деңгейлі мүшелерден құралады. Кедей бөлігі қаржы тапшылығын сезінері анық. Сондықтан бай топтың мүшелеріне деген қызығушылық пен ұмтылыс орын алады.
Мұның шарықтау шегі біздің елімізде кеңес өкіметінің орнап, бай-бақуатты адамдардың мүлкін еріксіз алу арқылы көрініс берді. Әрине, аяғы ашаршылыққа ұласқаны баршаға мәлім. Яғни, төзімсіздіктің бұл түрі де қоғам үшін зардабы мол екен.
Хадисте «Кімде-кім өзінен байырақ немесе ақылдырақ адамды көріп қалса, дереу өзінен кедейірек әрі ақылсыздау адамдардың бар екенін есіне алсын», – делінген, яғни, мұсылман баласын шүкір етіп, өзегін өртейтін бос күйінішке түсуден аулақ болуға шақырады.
Осы тұста, төзімсіздік тек қаржысы кем топтар тарапынан орын алмай, әлеуметтік жағдайы жоғары адамдар тарапынан да болуы ықтимал екендігін ескерген жөн. Мысалы, өзінің қымбат үйі немесе дүние-мүлкін алға тартып, әлеуметтік деңгейі төмен адамды кемсіту, келемеждеу секілді әрекеттер.
Әсіресе, қазіргі кезде әлеуметтік желідегі танымал адамдардың көптің қолы жете бермейтін дүниелерді жариялауы, соны мақтаныш көруі желідегі сан мыңдаған оқырмандары үшін қызғаныш туындатары анық. Өз кезегінде бұл тіршіліктен тарығып жүрген жан үшін өте ауыр тиеді.
Ал, ислам шариғаты керісінше бақуатты адамдарға барынша кішіпейіл және жомарт болуды бұйырады. Уақытылы зекеті мен садақасын мұқтаждарға үлестіруді насихаттайды.
Діни төзімділік: Қандай да бір конфессия өкілінің өзге бір діни сенімнің ұстанымдары мен сенімдік ерекшеліктеріне құрметпен және төзімділікпен қарауы. Жоғарыда келтірілген түрлерге қарағанда діни төзімділіктің құрылымы күрделі және көлемі ауқымдырақ.
Мысалы, ұлттық қақтығыстарда тек бір не екі этнос немесе ұлт қатысуы мүмкін. Ал, діни төзімсіздіктен тұтанған қақтығыс әлемдік дәрежеде орын алуы және ұзақ уақытқа дейін созылуы ғажап емес. Оған мысал, тарих қойнауындағы екі ғасырға жуық созылған крест жорықтарын алсақ болады.
Діни төзімділіктің екі сатысы бар. Біріншісі – бір діннің екінші дінге деген төзімділігі болса, екінші сатысы – бір діннің ішіндегі ағымдары мен бағыттары арасындағы төзімділік. Мысалы, мұсылмандар мен христиандардың қатынасы бірінші саты деп алсақ, екінші сатыға ханафи, малики, шафиғи, ханбали мәзһабтарының арасындағы құрметті келтіруге болады.
Қазіргі кезде әлемдік дәрежеде екінші сатыдағы төзімсіздіктің орын алуы жиі байқалады. Мысалы, ислам атын жамылған радикалды топтардың дәстүрлі исламдық бағыттағы мәзһабтарды кәпірге шығаруы және оларды ең бірінші дұшпаны ретінде насихаттауы осының айғағы. Нәтижесінде мұсылман үмбеті мен олар мекендейтін елдерде дүрдараздықты күшейтуде.
Асылында, діни төзімділіктің жарқын мысалын исламнан көруге болады. Құран кәрімдегі «Іштеріндегі зұлымдық қылғандарынан басқа Кітап иелерімен көркем түрде сөз таластырыңдар. Оларға: «Бізге түсірілгенге де, сендерге түсірілгенге де иман келтірдік. Және біздің Тәңіріміз де, сендердің Тәңірлерің де біреу-ақ. Біз Оған бой ұсынғандармыз» деңдер» («Анкабут» сүресі, 46-аят) деген бұйрық мұсылмандардың өзге дін өкілдерімен көркем мәміле жасауы керектігін айтып тұр.
Ал, мұсылмандардың өзара татулығы жайлы Құранда «Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер» («Әли Имран» сүресі, 103-аят) және «…Сондай-ақ өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені, бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды, Оның игілігімен туысқа айналдыңдар» («Әли Имран» сүресі, 103-аят) деген аяттарда бөлініп, қырқысудан тыйылу жайлы айтылады.
Жалпы, төзімсіздіктің қай түрі болмасын ел тыныштығы мен болашағы үшін қауіпті. Сондықтан өзгенің пікірі мен сенімін, дәстүрі мен мәдениетін құрметтеу ертеңіміз бен келер ұрпақ үшін қажетті дүние.
Әрине, төзімділік деген өз дәстүрің мен сеніміңді жоғалтып, өзгеге қосыла салу деген емес.
Рахымжан РАШИМБЕТОВ