Елімізде этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық моделі әлемдік деңгейде мойындалды деп айтуға болады. Бұл өз кезегінде ауқымды жұмыстардың нәтижесі. Осы орайда 1995 жылы құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының алатын орны ерекше. Бүгінде бұл достық шаңырағы қазақ жерінде тіршілік ететін түрлі ұлттардың мәдениетін біріктіретін ордаға айналды.
Толеранттылық – бұл жергілікті халықтың басқа ұлт өкілдеріне және басқа діндегі адамдарға түсіністікпен қарап, оларды қудаламауының белгісі. Жалпы толеранттылық өркениетті қоғамға тән құбылыс. Мұндай қасиет тұтас ұлттың басына бір күнде орнай салмайтыны белгілі. Бұл – халықтың сана-сезімінің, дәстүрінің, рухани байлығының кемелденгенінің айқын көрінісі.
ТМД елдерінің гуманитарлық ынтымақтастықтың мемлекетаралық қоры басқармасының төрағасы қызметін атқарған профессор Жансейіт Түймебаевтың айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясы барлық этностарды қазақ халқының маңайына топтастырып, ең басты ұлттық құндылықтарымыз – татулық, достық, бірлікті сақтап қалған шаңыраққа айналған.
– Шындығында, тыныштық арқылы тұрақтылыққа, татулық арқылы тұтастыққа қол жеткізуді мақсат еткен Қазақстан халқы Ассамблеясы ширек ғасырлық тарихында қазақ жерін татулықтың талбесігіне айналдыруға күш салды. Бір-бірімен етене араласып, біте-қайнасқан этнос өкілдерін бір мақсатқа жұмылдырып, бүкіл қазақстандық бірліктің бірегей моделін қалыптастырды. Жүзден астам этносты бауырына басып, әр халықтың төл мәдениетін, тілін, ділін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін дамытуға қолайлы жағдай жасады. Ол үшін ҚР Конституциясына этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласын толықтай реттейтін нормалар енгізілді, – дейді профессор.
«Қазақ КСР мемлекеттік егемендігі туралы» Декларацияда және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңда егеменді ұлттың әрі қарай ұйысуының негіздерін айқындаған екі қағидат жария етілген: біріншіден – Қазақстан мемлекетін құрудың алғышарты болып табылатын қазақ халқының өз тағдырын өзі таңдау құқы; екіншісі – елдің барлық азаматтары үшін жасалатын тең мүмкіндік еді.
ҚР Контитуциясында ең қымбат қазына – адам жəне адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары деп белгіленген. Заңнамада кімді де болмасын тегіне, əлеуметтік, лауазымдық жəне мүліктік жағдайына, жынысына, нəсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді кемсітуге тыйым салынған (Конституцияның 14-б. 2-т.). Ол теңқұқылықты адам мен азаматтың құқықтар мен бостандықтарға адамның табиғи қасиеті мен оның қоғамдық сипатына қарамастан тең ие болуын анықтайды.
Сонымен қатар қоғамдық келісім мен этносаралық толеранттылық «Қазақстанның ел бірлігі доктринасында» көрініс тапты. Ел бірлігі доктринасында «біз бәріміз, бір Отанның ұлдары мен қыздары екендігімізді, ал біздің Тәуелсіздігіміз – сан ұрпақтың орындалмаған арманы, халқымыздың ерен еңбегінің, ерлігінің және ерік-жігерінің жемісі екендігін әрқайсымыз түсінуге тиіспіз. Тәуелсіздік пен мемлекеттігімізді дамыту – біздің басты құндылығымыз болып табылады» деп көрсетілген. Осы ұстаным ел азаматтарын тамыры тереңде жатқан асқақ мұраттарына жеткізуге негіз болды.
Осы ретте, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы өз жолдауында біздің азаматтарымыз үшін келісім мен толеранттылық – мәдениеттер мен тілдерді өзара тоғыстыратын өмірдің шынайы көрінісі, нақты болмысы деп атап өтті.
«Біз – Конституцияда айтылғандай, біртұтас халықпыз. Біздің нағыз күшіміз – осында. Біз пікір алуандығын қолдай отырып, радикализмнің кез келген көрінісінің жолын кесеміз, мемлекеттік егемендігімізге, аумақтық тұтастығымызға қол сұғуға жол бермейміз. Қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Этносаралық және конфессияаралық қатынастың қаншалықты маңызды екенін барлық азаматымыз түсінуі қажет», – деген сөздері еліміздің әр азаматына ой салады.
Шынтуайтында, өмірдің өзінен көріп отырғанымыздай, қоғамдық келісім –маңызды саяси-идеологиялық құндылыққа айналды. Ол қоғамның экономикалық, саяси дамуының алғышарты десек болады. Осы мәнде, қоғамдық келісім қағидасы – мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының «қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылығын» сақтап қалуға қамтамасыз етті. Өз кезегінде Конституция – азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге толыққанды қатысуына және олардың саяси шешімдер қабылдауына ықпал етуге мүмкіндік беретін үйлестіруші күш екендігін естен шығармағанымыз жөн.
Халықтың даналығы, кеңдігі мен сыйластығы этникалық тегіне, әлеуметтік, діни және де шығу тегіне қарамай жаңа мемлекеттің ұйысуына негіз болды десек артық айтқанымыз емес. Осы жолдан тапжылмай, бар күш-жігерімізді елдігімізді, тәуелсіздігімізді сақтап қалуда жұмсауымыз қажет деп ойлаймын. Толеранттылық азаматтық қоғамның маңызды рухани сипаты болып қала береді.
Балжан ӘБДІРАШ