– Имамдық жол білгенге ауыр жол. Алла мен адамның ғана емес адам мен адамның арасына да дәнекер болудың өз қиындығы бар. Осы қызметке қалай келдіңіз?
– Қазағымызда сөз бар ғой, «ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер». Біздің ата-бабамыздан бері осы дін жолында. Әкем Ғайнидден кезінде Бұқарада оқыған екен. Жеті жасынан бастап медіресе есігін көрген. Оның әкесі Шәріп қажы Шам жерінде, қазіргі мына Сирия дейміз ғой, сонда оқығандығы боп, 1912 жылдары қажылық жасағандығы бар. Одан арғы бабамыз Жайнақ қажы. Жалпы, жеті атамыз да «қажы» атанып, дін сөзін сөйлейтін кісілер болған десек артық айтпаған болар едім. Омбы университетін тарих мамандығы бойынша бітіргеннен кейін, мектепте мұғалім болып жүрген кезім. Әкемнің өтінішімен Қазақстанға келіп, қайтуды ойладық. Ол кез 90-шы жылдар, Қазақстан мұсылмандары Тәшкеннен бөлініп, жеке діни басқармаға топтасып жатқан кезі. Тізгіні Рәтбек қажы Нысанбаевта еді. Әкем осы сапарында мүфтиге арнайы сәлем берем деген болатын. Іштей «ол кісі бізді қабылдар ме екен?» деймін. Әкеме де емеурін білдірдім. Ол «Қабылдауы керек…» дейді. Содан не керек, бізге ол кісімен кездесудің реті келді. Әкемнің қадір-қасиетінің қай дәрежеде екенін ұғына түскендей болдым. Әңгіме арасында Рәтбек қажы «Аға, ізіңді басқан адамың бар ма? Ертең кітаптарыңа ие боп қалар кімің бар?» деп сұраған кезде, әкеміз кішкене күмілжіп қалды. Үйдің кенжесі ретінде барлық міндет маған ауғанын түсінгеніммен, мойындағым келмеген еді сол кезде. Сонда Рәтбек қажы: «Менің де мамандығым тарихшы, ештемесі жоқ, дін саласына оқы» деп үгіттеген еді.
– Демек, үлкен кісілердің өзіңізге артқан аманатына қиянат жасамаған болдыңыз ғой…
– 1990 жылы ҚМДБ құрылып, сол жылы Алматыда институт ашылды, сосын Меркеде шетел балаларына, шалғай тұратын ауыл балаларына медіресе ашылды. Сол медіресеге түсіп, соның бірінші түлектері болып, 1992 жылы бітіріп шықтым. Одан кейінгі жұмысым Омбыдағы «Хаир Ихсан» мешітінде 16 жылдай имамдық қызмет атқардым. Одан кейінгі ой – мына балаларды туған топыраққа алып барсақ, өзіміз де қайратымыз бойымызда тұрғанда елге бір қызметімізді сіңіріп, ұрпағымыз туған топырақта қалса деген тілекпен, қала берді, сол кездегі Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәліні сол Омбыда кездестіріп, сол кісінің шақыруы бар, өзге де жігіттердің шақыртуы бар, 2008 жылы елге оралған болатынбыз. Сол жылы Діни басқарманың бұйрығымен Шучинск қалалық мешітінде қызмет ете бастадық.
– «Сырт көз сыншы» дейді қазақ. Елге оралғандағы халықтың діни сауаттылығы қандай еді? Қазір қандай деп ойлайсыз?
– Әрине, енді біздер көз ашқалы орыс жерін мекен еткеннен кейін ұстанған өмірлік қағидаттарда біраз алшақтық барын ұғындық. Десе де, туған жердің аты туған жер, қанда бар дүние – менің осы өлкеге тез сіңісіп кетуіме жол ашты. Ал, діни сауаттылық қазір қай деңгейде деген сұрағыңызға келсем, қасыңда жүрген балаңның да қалай өскенін байқамай қаласың… Мүмкін бізге аса бір көзге көріне қоймас, бірақ та, жамағат көбейіп келе жатыр, бұл біздің қала ғана емес, әлем бойынша мұсылмандар саны көбейіп келе жатыр. Енді оның құр ғана санын көбейткен емес, сапасының да түзелуіне біз көңіл бөлуіміз керек.
– Сапа дегеннен шығады, «имамның сапасы», «имамның имиджі» деген түсінікті қалай тарқатар едіңі?. Діни саналуандық белең алған тұста имамдардың атына сөз де, сын да жиі айтылатыны белгілі. Осы ретте имамға төл имиджін қалыптастыру керек-ақ. Бұл туралы не айтар едіңіз?
– Біз өзімізді Алла жолындағы қызметші деп түсінеміз. Сондықтан бұл үлкен бір аманат. Сондай-ақ, Алланың берген бір үлкен мүмкіншілігі. Алланың сөзін жеткізуге, үлкен мінбелерге шығып, елдің алдына шығып сөз сөйлеп, үлкен кездесулерде сан түрлі мамандық иесінің алдына шығып сөз сөйлеу – жан-жақты қабілеттілікті талап етеді. Күнде бір кітап ашпасақ, күніне бір аят жаттамасақ, елдің алдында абыройдан айрылып қалу оп-оңай. Сондықтан өзімізді кемелдендіре түсу үшін аянбай тер төгу керек. Осы орайда алдыңғы алған мамандықтардың да себі тиіп жатады. Неге десеңіз, дін, тарих бір-бірімен сабақтасқан дүние. Басқа жағынан алып қарайтын болсақ, бір Құранды түсіну үшін адам баласы 24 пәннен хабардар болу керек. Астронромиясы бар ма, физика ма, ғылымның атасы математика, медицина бар, осы тақылеттес ғылымдардың бәрі де Құраннан дәлелін тауып жатыр. Сондықтан имам осы Құран мен сүннетті адам баласына түсіндіретін мүмкіншілікке ие тұлға ретінде сауаты өте жоғары болмағы абзал.
– Бұл күндері басқа түсетін зауалдардың үлкен бөлігі осы сауатсыздықтан келіп жатыр. Радикалды исламнан тәлім алған жастардың тура жолды қайта табуы екіталай болып барады. Мұның себебі неде?
– Өскеннен «Ислам діні – хақ дін» деп түсінген балалар қазіргі кезде қай салада істесе де, өзін «мұсылманмын» деп танып, намазын қаза қылмай, оразасын тұтып, кешегі өткен айттарда, оразаларда иманының кәміл екенін білдірісіп жүр. Аллаға шүкір, бұл болашағымыздың бар екенін білдіреді. Ал енді орыс тілінде «юношеский максимализм» деген сөз бар. Тез арада бәрін бітіріп тастағысы кеп тұратындар болады. Келе сала, өзі дінді қабылдағанына бір ай бар ма, жоқ па? Исламның шарттарын үйренер, үйренбес, ақыл айтып, тіпті, әке-шешесімен алысып жүретін жастарымыз бар. Барлығы да негізінен дұрыс ислами тәлім алмағаннан болады. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп бекер айтпайды. Қазақта бір сөз бар ғой, «сүтке күйген ауыз қаймаққа үрлейді» деп. Мына терезені ашсаң, таза ауамен бірге шаң-тозаң да кіреді. Бұл бір жағынан жаһанданудың да ықпалы.
– Көкше өңірі әртүрлі ұлттар мен түрлі наным-сенім иелері шоғырланған мекен. Олардың тілін табу, мәселелерін дұрыс жолға қоя білу қиын болар…
– Оңай емес, әрине. Осы төңіректе кавказ халқы бар, олар шәфи мазхабын ұстанады. Татар, қазақ, өзбек өзіміздің Ханафи мәзхабын ұстанады. Енді келіп жататын қонақтар бар, ислам дінінен ешқашан білімі болмаған азаматтар бар, интернеттің жат желілеріне ұйығандар бар, қажылық барып, ислам мемлекеттерінен білім алып кеп, «дін мұндай емес, анадай» деп уәж айтатындар бар, олардың барлығына өз деңгейінде жауап беріп, таразы басын тең ұстау, әрине, қиын. Алла Тағаланың әмірі, күш құдіреті жетер еді біздің бәрімізді қытай ғып жаратуға не араб қып жаратуға, бір тіл беріп, бір түсте жаратуға. Бірақ, қазақ боп жаралдық, осы өңірге тән, салт-санамызбен біте қайнасқан дәстүрлі дініміз бар. Ел арасында жүргенде де, мінберде де көпшілікке осыны көп жеткіземіз. Соны жіті түсінген азаматтар бір имамға ұйып, ары-бері шашау шықпайтын болады.
– Елге оралғаныңызға өкінбейтін боларсыз?
– Аллаға шүкір, көп үлкен жақсылықтарды көріп келе жатырмыз. Сондықтан, өз басым өте қуаныштымын Қазақстанға келіп, осында жүргеніме, осында тұрғаныма, ұрпағымыздың осында үйренісіп жатқанына бек разымын. Алла абыройымызды беріп, ислам жолында, отанымызға адал қызмет етуге жазсын!
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Асхат Райқұл