Астана қаласының құрметті зейнеткері, ардагер-журналист Сәуле Баймағанбетова Астана қаласы әкімдігінің Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақты дәріптеп жүр.
Сәуле Қаржасқызы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына 2021 жылдың тамыз айында волонтер ретінде келіп, жанына тоғызқұмалақ үйренуге ниет білдірген зейнеткерлерді жинай бастады. Осы уақытқа дейін Сәуле Қаржасқызы 400-ден аса ата-әжені тоғызқұмалақ ойынына үйреткен.
Бүгінде Сәуле Баймағанбетова зейнет жасында жүрсе де, Есіл, Байқоңыр, Нұра аудандарында тұратын өз замандастарына тоғызқұмалақтан үйірме жұмыстарын жүргізеді. Тоғызқұмалақ үйірмесіне 300-ден аса зейнеткер жазылған.
«Тоғызқұмалақ – ежелден келе жатқан интеллектуалды ойындардың бірі. Әлемде тоғызқұмалақты «Дала шахматы», «Шопандардың алгебрасы» деп те атайды. Бұл ойынның егде жастағы адамдардың денсаулығы үшін пайдасы зор. Адамның есте сақтау қабілетін жақсартады, әсіресе, кәрілікте кездесетін «Альцгеймер» ауруына да тежеу бола алады. Екіншіден, егерде егде жастағы адамдар инсульттан немесе инфарктан зардап шеккен болса, онда саусақ моторикасын дамытуға да пайдалы. Ойын барысында сіз шабуылдауды, қорғауды, күшіңізге қарай қимылдарыңызды және жаудың әрекеттерін есептеуді үйренесіз. Тактика, стратегия, шыдамдылық, өзін-өзі бақылау, тақтадағы жағдайды тез бағалай білу – осының бәрі өмірде көмектеседі» деп тоғызқұмалақ ойының маңыздылығына тоқталды Сәуле Қаржасқызы.
Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына көбінесе жалғызбасты немесе басқа елді мекендерден көшіп келген зейнеткерлер келеді. Осы орталыққа келу арқылы зейнеткерлер өз замандастары қатарынан жаңа достар тауып, өздерінің әлеуметтік ортасын құрады.
Орталыққа қызмет алушы ретінде келіп тіркеліп, Сәуле Баймағанбетовадан тоғызқұмалақ ойынының қыр-сырын үйренген зейнеткерлер бүгінде ерікті ретінде ұлттық ойынымызды насихаттап жүр.
Сәуле апайдың Талғат Исмағулов, Нұртаза Сақуов, Досалы Мейірбеков, Жібек Бекбаева, Раушан Чанкенова, Мұратбек Пшембаев, Гүлнәр Бурабаева, Ақбөпе Айтмағамбетова, Айым Уразбаева, Марьяш Давенова, Сәрсембай Қаиржанов, Айман Жүнісова сияқты белсенді шәкірттері қаламыздың Есіл, Байқоңыр аудандарында волонтер ретінде тоғызқұмалақты үйретуде.
«Қазіргі уақытта маған үйірмеге 50-60 зейнеткер тұрақты түрде келеді. Зейнеткерлер маған бірінші сабаққа келгенде мен оларға: мен саған ойнауды үйретемін, ал сен кем дегенде 10 адамға ойнауды үйретуің керек деймін. Көпшілігі бұл «жоспарды» орындап, тіпті асыра орындап, жаңадан бастағандарға да, туыстарына тоғызқұмалақ тақтасын сыйлап, ойнауды үйреткен. Әсіресе, Раушан Чанкенова деген шәкіртімді ерекше атап өткім келеді, ол менде бір жылдан аз уақыт жаттығады. Бірақ ол тоғызқұмақты жақсы меңгеріп алды, бүгінде көшбасшылар қатарында. Ең бастысы, сегіз отбасыға тоғызқұмалақ тақтасын сыйға тартып, ойнауды үйреткен. Өз басым, тоғызқұмалақ ойынына деген әуестігім 30 жастан кейін басталды. Бірақ, тоғызқұмалақты меңгеріп кету, қай жаста болсын кеш емес. Сондықтан да, замандастарымды Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына шақырамын!»-деп сөзін түйіндеді Сәуле Баймағанбетова.
Орталықтың ақпараттық-танымдық бөлімі