Кеше Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова қазақтың ежелгі зияткерлік ойыны – тоғызқұмалақтың атауын өзгерту туралы ұсыныс айтып еді.
«Қазақша – тоғызқұмалақ, қырғызша – тоғызкөргөл, ішінара түрікше – мангала/гечюрме аталады. Қазақстан тарапы халықаралық жарыс өткізгенде, ойынның аты «тоғызқұмалақ» аталады да, Қырғызстан жағы жарыс ұйымдастырғанда, бұл ойын «тоғызкөргөл» болып шыға келеді. Осылайша, түркі халықтарының бір ойыны әлемдік аренада екі түрлі аталып келеді. Ғалымдар мен зерттеушілердің пікірі бойынша, бұл ойынның жалпытүркілік атауы бар, ол – Тоғызат. Бұл туралы этнограф Г. Загряжскийдің жасаған еңбегі арқылы ойынның атауы XIX ғасырда «Тоғызат» аталғаны мәлім болып отыр», деді Гүлдара Нұрымова.
Бүгін оған Қазақстан және Дүниежүзі тоғызқұмалақ федерацияларының президенті Әлихан Байменов жауап берді. «Бұлар сонда Абайды танымай, Әуезовті оқымағандар ма? Бұл бастамашылардың кімді оқитынын білмейміз, бірақ қағидалы ақиқатты түсінбейтіні анық. Тоғызқұмалақ – ұлттың мыңжылдық тарихы бар зияткерлік ойыны» деді ол.
Оның айтуынша, ЮНЕСКО оны адамзаттың мәдени мұрасы деп 2020 жылы мойындаған. “Тоғызқұмалақ ұлтымыздың әлемдік мәдениетке қосқан үлесінің жарқын үлгісі болып табылады. Қазір әлемнің 50 астам елінде тоғызқұмалақ көзбе-көз ойналса, интернет арқылы 100 мемлекет тұрғындары түрлі сайыстарға қатысып, 6 әлем чемпионаты 25-30 ел өкілдерінің қатысуымен өтті. Жаhанға танымал зияткерлік ойындар сайттарында тоғызқұмалақ көшбасшы орында. Қазақстанда 210 мың адам түрлі деңгейде тұрақты шұғылдануда” деді Әлихан Байменов.
Ол сөзінің соңында қасиетті құндылықтарымызбен ойнауға болмайтынын ескертті.