ДАИШ немесе «Ислам мемлекеті». Әлемде исламофобияның жаңа толқынын туғызған бұл діни ұйымның мақсаты не? Оларға «Ислам мемлекеті» деген атауды кім берді? «Жиһадты» желеулеткен тобырдың қателігі неде? Біз осы сұрақтардың жауабын білу мақсатында «Нұр-Мүбарак» университеті жанындағы Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл академиясының директоры Тимур Нүсіпханұлын әңгімеге тартқан едік.
– Тимур Нүсіпханұлы, бұрын біз жат діни ағымды «секта» дейтін едік. Қазір оның орнына «деструктивті діни ағым» деген сөз тіркесі қолданылып жүр. Олар кімдер? Қандай сипаттама берер едіңіз?
– Деструктивті ағым деп пиғылы мен ойлау жүйесі теріс, түсінігі тар, діни сауаты төмен адамдардың тобын айтамыз. Діни тұрғыдан түсініктеме берер болсақ, біздің сан ғасырлық ұстанымымыз, яғни ханафи мәзһабы мен матуриди сенімімен үйлеспейтін өзіндік оғаш діни көзқарасы бар керітартпа жамағат. Қой терісін жамылған теріс пиғылды топ көсемдері қазіргі күні көше кезіп табанын тоздырмай-ақ, интернет арқылы бүкіл кеңістікке сөздерін жеткізіп жатыр. Еліміздегі жат ағымның жетегінде жүргендер мен «Жусан» операциясы арқылы Шам елінен елге қайтарылған отандастарымызды ешкім қолынан сүйреп әкеткен жоқ. Олар интернет арқылы теріс насихатқа уланып, соған сеніп, ақырында өз елінен безді. Шын мәнінде, бүгінде бұл дінбұзарларды тоқтатар толық заң да, күш те болмай тұр. Тек біз оған сыни ойлау мен діни сауаттылық арқылы ғана қарсы тұра аламыз.
– Қазір әлемде қандай деструктивті діни ұйымдар бар?
– Сондай теріс пиғылды діни қозғалыстардың бірі де бірегейі – әлемге атышулы ДАИШ немесе ИШИМ ұйымы. Оны 2013 жылы Әбу Бәкір әл-Бағдади құрған. Батыс мемлекеттерінде ISIS, ISIL, IS атымен танылған бұл ұйым араб әлемінде ДАИШ деп аталды. Ал 2015 жылы шілде айында өз атауын қысқаша «Ислам мемлекеті» деп өзгертіп алды.
– Осы «Ислам мемлекеті» деген атауды тағынып алған террористер асыл дініміз Исламға күйе жағып жүр. Өздерін ғана Алла жолындамыз, шынайы мұсылманбыз деп санайтын бұл тобырдың қателігі неде?
– Исламда «Дар ул-Ислам» және «Дар ул-харб» деген терминдер бар. Дініміздің алғашқы кезеңі мен орта ғасырда соғыс пен бейбітшілік ережелерінің негізін қалаған мұсылман құқықтанушылары мұсылман және мұсылман емес мемлекеттердің ара-жігін ашып түсіндіру үшін осы терминдерді қолданған. Яғни сол мемлекеттердің жүйелерін Ислам қағидалары тұрғысынан осылай түсіндірген. Қарапайым тілмен айтқанда, Дар ул-Ислам – «мұсылмандардың билігі жүретін мемлекеттер», ал Дар ул-Харб – «мұсылман еместердің билігі жүретін мемлекет».
Алғашқы дәуірде пайда болған бұл екі терминнің мәні уақыт өте келе өзгерген және мұсылмандармен достық қатынастағы мемлекеттер үшін «дар ус-сулх», «дар ул-ахд», «дар ул-муадаға» және «дар уз-зимма» секілді терминдер пайда болды. Басқаша айтқанда, мұсылман және мұсылман емес мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастар мен соғыс-бейбітшілік алаңында пайда болған жаңа үдерістер және уақыт өте келе олардың аралас өмір сүру аймақтарының артуы жоғарыдағы екі терминнің өз ішінде өзгерістерге ұшырауына себеп болды. Мәселен, моңғол шапқыншылығынан кейін саяси биліктің моңғолдар қолында болуы, бірақ шариғат үкімдерінің маңызды бөлігімен амал етіп отырған мұсылман мемлекеттерінің қандай санатқа жататыны туралы сұрақ туындайды.
Енді қазіргі таңда қоғамдық қатынастарды түсіндіруде мәнін жоғалтқан бұл терминдерді сол күйінде осы күнге алып келу, бүгінгі халықаралық жүйені классикалық фиқһтағы «дар ул-харб», «дар ул-ислам» ұғымдарының өлшеміне салу дұрыс ұстаным емес. Оның үстіне бұл мәселеге қатысты зерттеулер жасап жүрген фиқһ ғалымдары да бүгінгі күнгі халықаралық құқықтық, саяси, сауда-саттық қарым-қатынастар және Ислам мемлекеттерінің саяси құрылымдарын назарға ала отырып, аталған терминдердің қайта қаралуы керектігін айтып келеді.
– Қысқасы, ДАИШ өзін «Дар ул-Ислам», яғни «Ислам мемлекеті» деп атауға лайық емес қой?
– Әрине, болмайды. ДАИШ ұйымы «Ислам мемлекеті» деген атауды өздеріне айдар қыла отырып, шариғатты басшылыққа алып өмір сүретін мұсылмандардың жалғыз «жерұйығы» екендіктерін алға тартып тұр. Олар сол орта ғасырдағы түсінікпен бүкіл мұсылмандарды әлемдегі Алланың үкімдері жүзеге асып жатқан бірден-бір мемлекет – өздері билігін жүргізіп отырған сөз жүзіндегі «халифат» аймағына һижрет етуге (көшуге) шақырады. Мүмкіндігі бола тұра һижрет етпей, «ширк» аймағында өмір сүріп жатқандарды күнә жасап жүр деп кінәлайды. Өздерінен қашып кетіп, босқындар лагерьлерін паналағандарды да «қорлық өмірді таңдады» деп айыптап жүр. Бұл фиқһтық ұғымды да үстемдікке жету үшін өз мүдделеріне қарай пайдаланып жатқанын көрсетеді.
– Бұл ұйымның ең үлкен қаупі – «жиһад» ұғымын теріс мағынада түсіндіріп, көптеген жастарды қарулы қақтығыстар аймағына шақыруы. Өкінішке қарай, сол шақыруларға ерген біздің біраз жастарымыз да Сирия асып кетті. Жалпы «жиһад» дегеннің дұрыс мағынасын түсіндіріп бересіз бе?
– Жиһад – діни термин ретінде дұшпанмен күресте барлық күш-қайратты соңына дейін сарп ету мағынасында қолданылады. Біріншіден, ол Исламға және мұсылмандарға қарсы соғысқан сыртқы жаулармен күресті білдірсе, екіншіден шайтанға қарсы күресу, күнәлардан алыстау, нәпсіге қарсы амал қылу мағыналарына да ие. «Алла жолында лайықты түрде һәм жандарыңды салып, аянбай жиһад етіңдер!» («Хаж» сүресі, 78-аят) деген аят осы мағыналардың бәрін қамтып тұр. Хазіреті Пайғамбардың (с.ғ.с.) хадистерінде де жоғарыдағы мағыналарды қуаттайтын және аша түсетін хабарлар бар. Сондықтан дұшпанмен соғысумен қатар нәпсіні тәрбиелеу, ілім алу, адамдарға дінді жаю, қайырымдылық қылу, насихат жасау секілді көптеген амалдар жиһад ұғымының аясына кіреді.
ДАИШ ұйымы жиһадтың осынау кең ауқымды ұғымының ішінен дұшпанмен соғысу мағынасындағы «қитал жиһад» деп аталатын бөлігіне ғана басымдық береді. Ал дұшпан категориясына мұсылман болсын-болмасын, ұйымға қарсы барлық топтарды кіргізіп жіберген. Олардың пікірінше, «Ислам мемлекеті» құрылып, «халифат» жарияланғаннан кейін күші жете тұра соғыс (қитал) жиһадына шықпаған адамды парызды тәрк еткен күнәһар санайды. Олардың көсемдері таухидтің (бірқұдайлық сенім) әлемде үстемдік құруы үшін міндетті түрде соғысу керек деп есептейді. Жиһадқа шыққысы келген адам өздері құрған жалған «Ислам мемлекетінің» әміріне бой ұсынып, оның тапсырған міндетін орындауы тиіс екенін айтады. Байқағаныңыздай, ДАИШ-тың ойынша, Құранның термині болған жиһад міндетін орындаудың жалғыз жолы – ұйымның әміріне мойынсұнып, олардың бүлікшілік амалдарына белсенді түрде қатысу.
Бұл ұстанымдар мен пайымдауларға қарап отырсаңыз, ДАИШ көсемдері өздерін мұсылмандардың атынан өкіл ретінде шариғатқа сай жалғыз ғана билік иесі деп санайды. Осылайша өздерін Пайғамбарымыздың (с.с.с.) Мәдинада құрған және әділ төрт халифа дәуірінде кең етек жайып, дамыған алғашқы мұсылман мемлекетінің орнына қойып отыр. Алайда, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі бір хадисінде айтқандай, халифалық кезең әділ төрт халифаның дәуірімен аяқталған, олардан кейінгі дәуірлерде мұсылмандардың жүргізген саясаттары өзгеріске ұшыраған және бұдан соң еш уақытта мұсылмандар үшін жалғыз саяси шаңырақ орнамаған.
– Яғни қазіргі таңда «халифат құрамыз» деп ұрандатып жүргендердің ісі бос әурешілік болғаны ғой?
– Әрине. Ислам ғалымдары сахабалар мен әділ төрт халифа ұстанған саяси қағидаларды өздеріне үлгі тұтса да, мұны бүкіл мұсылмандарды бір шаңырақтың астына жинау деген ұстанымға айналдырмаған. Бұл тұрғыдан Ислам ғалымдары ешбір ислам мемлекетін мұсылмандардың жалғыз ғана өкілі ретінде санамайды және ешбір мемлекет те өзін мұндай орынға қоймайды.
Ислам құқығындағы «Замандардың өзгеруімен үкімдердің өзгеруі жоққа шығарылмайды» деген қағидасы – ғұрып пен заман шарттарына негізделген үкімдердің де уақыт талабының өзгеруіне қарай түрленіп отыратындығын білдіреді. Жалпы қазіргі заман, халықаралық аренада салтанат құрып тұрған еларалық қарым-қатынастар жүйесі Исламға қайшы емес, тіпті ол асыл дінімізді дүниеге насихаттаудың тарихта болмаған мүмкіндігін беріп отыр. Исламның асқақ құндылықтарын барша адамның көңіліне және өміріне жеткізу мұрсатын ұсынып тұр. Жиһадтың негізі саналған «жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю» қағидасының аясында мұсылмандар әлемдегі теңсіздіктермен, әділетсіздіктермен, қателіктермен күресу, сондай-ақ, адамдарды Алла жолына шақыру үшін үлкен мүмкіндікке қол жеткізіп тұрғанда, Ислам дінін жаһанға төнген қауіп секілді көрсетіп жүрген бұл жабайы топтың зорлық әрекеттері жиһад емес, керісінше шынайы жиһадтың жолына үлкен кедергі болып жатыр. Олардың қарулы іс-қимылдары шариғат тұрғысынан жиһад ретінде қабылдануы мүмкін емес, қаншама адамның ақысына кіру, жауыздық ету секілді әрекеттері дінге шақыру емес, елді діннен бездіріп, теріс нәтижелер туғызғанын көріп отырмыз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ