Ұлттық құндылықтар, тәрбиені насихаттау деп біз мына жақта өз-өзімізбен алысып жүргенімізде, жасөспірімдер деп аталатын әлеуметтік блоктың ішінде орын алып жатқан жағдай осындай…
Жыл сайын 20 миллионға жуық аборт
Деңгей деуге келмейді, бірақ, осыдан біраз бұрын Денсаулық сақтау министрлігі «16 жасқа толған қыз балаларға ата-ананың рұқсатынсыз аборт жасауға мүмкіндік беру керек деп» елді шулатқан болатын. Ұлтты тәрбиелеу, тән саулығымен бірге, санасында саңылау бар ұрпақ қалыптастыру жолдарын ұсынудың орнына осындай қиқарлықты көрсеткен мининстрліктің ұсынысын қоғам қабылдаған жоқ.
Десе де, жер бетіндегі күллі жанды, жансыз нәрсенің баршасы бір Алланың қалауымен жаратылғанын ескерсек, сана нығметі берілген адам баласының жауапкершілігі туралы неге ойланбаймыз? Мал екеш малдың өзі бара бермейтін сұмдық әрекеттерге сезімталдық символына балайтын әйел-ананың аңсары неге ауып тұрады?
Сөз басында біз бесіктен белі шығып үлгермеген 15-19 жас аралығындағы өндірдей қыздар туралы айттық. Ал, отбасын құрып, екі баладан кейінгі «басы артықтарын» шімірікпестен алдыртып тастап жатқан әйелдер арасындағы жағдай туралы ойлаудың өзі қорқынышты.
Бейресми деректерге сенсек, Қазақстанда жыл сайын 170 мыңнан астам сәби жасанды түсіктің құрбаны болады екен. Мамандардың айтуынша, құрсақтағы шарана операция кезінде жанталасып пышақтан қашатын көрінеді. Ал, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жыл сайын 80 миллионға жуық әйел жоспарсыз жүкті болады. Оның 20 миллионға жуығы жасанды түсік жасатады. Соның салдарынан жыл сайын 80 мың әйел көз жұмады.
«Артық бала керек емес….»
Ресми дерек өткен жылы Қазақстанда 28 589 әйелдің өз қалауымен түсік жасатқанын көрсетіп отыр. Бұл – еліміздегі Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі. Мұның сыртына дәрігерлердің есептік дәптеріне ілікпей жатқан жасырын аборттарды қосыңыз.
Тізімге ілікпеген дегеннен шығады, дәл осы жерде басқа емес, жеке өзім білетін таныс келіншектің жағдайы туралы бөліскенді де жөн көріп отырмын. Г. есімді келіншек төрт баланың анасы. Заңды некеде тұрып жатқанына он жылдан астам уақыт өтті. Көшеде көргенде амандасатынымыз болмаса, арнайы іздеп, кездесіп те жатпаймыз.
Көптен хабарсыз кеткен сол келіншек жақында ұялы телефоныма хабарласты. Даусынан әлденеге алаңдаулы екені анық байқалады. «Таныс аптекаң бар ма? Маған дәрі керек. Дәрі болғанда, баланы түсіретін… «Артық баланы қайтемін?» дегені. Мына сөзді естіген адам қандай жағдайда болуы керек еді? Аңтарылып қалған мен «Баланы өмірге әкелу керек қой. Оның не жазығы бар?» дей беріппін. Диалог одан әрі жалғаса алмады. Танысым қоштаспастан тұтқаны қоя салды.
Арада біраз уақыт өткеннен кейін сол танысымды тіршілік қайнап жатқан базардан кездестірдім. «Ішіме қарама. Дәріні де таппадым. Ақыры иод ішіп, баладан құтылдым» деп қарап тұр… Мен тағы сөйлей алмадым. Ойыма өмірге келмеген баланың жылаған бейнесі келе берді…
Бедеулік қайдан шығады?
Шыны керек, дүниеге келмей жатып, өз анасының жатырында ажал құшқан мұңлықтар тақырыбын қозғаудың өзі ауыр нәрсе. Десе де, сарапшылар қоғам назарын түсіктен кейінгі жағдайға аудару керек деп есептейді. Денсаулық сақтау саласының мамандары аборт жасатқан әйелдің кейінгі өмірі бедеулікпен ұласуы мүмкін екенін айтып та дабыл қағуда.
Мәселен, қазіргі күннің боямасыз көрінісі сол, еліміздегі отбасылық жұптардың он жеті пайызы бедеуліктен зардап шегуде екен. Яғни, бұл сәби сүймеу қаупімен әр бесінші отбасы бетпе бет келеді деген сөз. Сондықтан да, сарапшылар «Жері үлкен, халқының саны аз ел ретінде Қазақстан шұғыл қауіпсіздік шараларын қолға алуы керек» деп дабыл қағуда. Сонда қайтпек керек? Түсік тастауды заңмен қудалау керек пе? Әлде, жастар арасындағы тәрбиені осы тақырыпқа арнау керек пе?
Заңмен қудалауға болады, бірақ…
Кезінде еліміздің Парламенті депутаттарының түсік тастауға тыйым салатын заң жобасын ұсынғаны да белгілі. Есесіне, депутаттар корпусы көп балалы аналарды әлеуметтік тұрғыда жан-жақты қолдауға үндеген еді. Бірақ, әзірге бұл мәселе ауада «ілулі» күйінде қалып тұр.
Десе де, аборт жасауға түпкілікті тыйым салу мәселесі Еуропа жерінде әбден кеңінен тараған тәжірибе. Айталық, кәрі құрлықта орналасқан Испания мен Португалия елдерінде түсік жасау үшін соттың оң шешімі шыққан келісімді алу міндетті нәрсе. Ал, Ирландия билігі жасанды жолмен жүктілікті тоқтатуға мүлде қарсы. Бірақ, парадокс сол, заңдық қудалаудан қашқан әйелдер Еуропаның католиктік мемлекеттеріне барып, жасырын жолмен түсік тастатады екен. Сол себепті, сарапшылар «Қазақстанда түсік тастауға заңмен тыйым салынғанымен, әйелдер Қырғызстан, Өзбекстан иә Ресейге ебін тауып барып, «аборт туризмін дамытуы мүмкін» деп есептейді.
P.S.
Сонда біздің құзырымызда тәрбие мәселесі қалатындай көрінеді. «Әлімсақтан бері мұсылманмын» деп өткен кешегі бабаларымыз Құранның әміріне, Пайғамбар (с.ғ.с) өсиетіне өне бойы бағынды. «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» дегенді өміріне өзек етті.
«Қызға қырық үйден тыйым» деген мақалдың өзі ертеректе қолданыстан түспеген тәжірибелік мектептің түйіні болса керек. Үлкендердің айтуынша, кезінде ата-бабаларымыз ұлды да, қызды да тұтас ру, тайпа, ауыл болып тәрбиелеген. «Менің отауым оңаша» деп, бұйығып жүре берсек, бұл өзімізден бұрын, ұрпағымыздың алдындағы жауапкершіліктен қашқанымыз емес пе? Дүние есігін ашпай жатып, өз анасының құрсағында тілім-тілім болған періште сәбидің қандай кінәсі бар?
Дәл қазіргі кезде ерте жүктілік пен жасанды түсік жасатудан Қазақстан әлемде алдыңғы қатарда келеді…
Сіз не дейсіз?
Батыржан МАНСҰРОВ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, орталық «Иманғали» мешітінің бас имамы:
Имандылықтан алыс болмауымыз керек
«Алла Тағала адамзатқа былай әмір етеді: «Зинаға жақындамаңдар. Ол масқаралық, бұзықтық» («Исра» сүресі, 32-аят). Аяттың мағынасына мән берсек, Алла Тағаланың «зина жасамаңдар» деп бұйыруы «зинаға жақындамаңда»” дегені. Яғни, мұндай арсыз істен алыс болуды бұйырып тұр. Демек, зина жасау – дінімізде үлкен күнә.
Әрбір қыз баласы, ол – ертеңгі ана. Ал, ана бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербететін қасиетке ие. Аруларымыздың некесіз бала көтеріп, құрсағындағы шарананы жасанды түсік жолымен алып тастап жатқаны, әрине, қоғамымыз үшін қасірет. Демек, ұлт болашағы, ұрпақ жалғасы болған қыздарымызды аждаһадай жалмап бара жатқан «некесіз қатынас», «жасанды түсік жасату» мәселесіне бей-жай қарауға тағы болмайды. Мұның барлығының негізгі дерті – имандылықтан алыс болудың нәтижесі.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, өткен жылы 28 589 әйел өз қалауымен түсік жасатқан. Жасанды жолмен жүктілікті тоқтатудан Алматы алдына жан салмай келеді. Өз анасының қалауымен дүние есігін аша алмаған сәбилердің саны мұнда – 3720. Астанада – 3238, Қарағанды облысында – 2810 мәрте аборт жасалған.
Мал құлағы саңырау. Десе де, қазір «біздің әйелдер абортты аз жасатқан» деп жария ететіндей жағдайға да жетіп отырмыз. Өткен жылы Батыс Қазақстан облысында жасалған түсіктердің саны – 392. Маңғыстау облысында – 359, Атырау облысында – 222 әйел түсік жасаған.