немесе балағат сөздің жан мен тәнге зияны хақында
«Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Үлкен күнәлардың ішінде ең ауыры – кісінің өз ата-анасына лағынет айтуы», – деді. Сонда одан бір кісі: «Қалай өз ата-анасына лағынет айтуы мүмкін, уа, Расулалла?», – деп сұрайды. Ол (с.ғ.с.): «Кісі біреуді әкесінен сыбайды. Ол да оны (өз кезегінде жауап ретінде) әке-шешесінен сыбайды. (Осылайша біреу арқылы өз ата-анасын боқтаған болып отыр)», – деп жауап берді».
Бұхаридың хадистер жинағында келген осы хадисті оқығаннан кейін, оның қазіргі заманда жаппай орын алып отырған жағымсыз жағдайды дөп басқандығына қайран қалдым. Иә, біреуді ата-анасынан боқтап сөйлеуден бүгінде жер бетіндегі ешбір халық «аман» қалып отырмаса керек. Соның ішінде, қазекең де бұл жағынан ешкімге дес берер емес. Еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі «шешеден», батыс өңірлердегі «анадан», солтүстік аумақтардағы «әкеден» сыбап сөйлеу – қанымызға сіңіп, бойымызға тарап кеткені сондай, онсыз сөз сөз болмайтындай, оны қоспаса, әңгіменің «көркі» жоғалатындай болғаны шындық-ақ, өкінішке орай…
Бүгінгі таңда Қазақстан халқының қанша пайызы есірткі затына немесе алкогольге тәуелді екендігін білмеймін, алайда балағат сөздерге тәуелділіктің деңгейі алдыңғы екеуіне қарағанда әлдеқайда жоғары екендігінде күмән болмаса керек.
Мұны айтып отырған себебім, мамандардың пікірінше, боғауыз сөздерге тәуелділік те – есірткі мен арақ-шарапқа тәуелділікпен бірдей болады екен. Жастайынан боқтық сөздерді айтып, құмар боп өскен адам соған әбден үйреніп, әдеттеніп алады екен де, енді қайтып одан оңай құтыла алмайтын көрінеді. Былапыт сөз – оның өмірінің «көркі» мен «сәніне», әңгімесінің тұздығына айналады. Екі сөзінің арасына үшінші сөз қылып боқтықты қоспаса, бір нәрсе жетіспей тұрғандай сезінетін болады. Қазақ мұндайға «Ауру қалса да, әдет қалмайды» деп сипаттама берген.
Өкінішке орай, жоғарыда айтқан «әкеден», «шешеден» сыбап сөйлеудің ел ішіне кең тарап, ол жаппай қоғамдық әдетке айналып, ондағы ұятсыз сөздерге бой үйреткеніміз сонша, үлкеніміз де, кішіміз де ұялмайтын болып алдық. Себебі, қарап отырсаңыз, сол «шешесінен», «анасынан» боқтауды бүгінде әкелер баланың көзінше, аналар қызының көзінше, аталар келінінің алдында, әжелер немерелерінің алдында оп-оңай айта беретін болды. Ол сөздер қазақтың ауызекі әңгімесінің арасында жүретін қыстырма, одағай сөздердің кейпіне еніп алды.
Адамдар арасындағы ұрыс-керіс, дау-жанжал, бір нәрсеге қиналу, бір жеріңді ауыртып алу деген сияқты «боғауыз айтқызбай қоймайтын» оқыс жағдайларды былай қойғанда, бүгінгілер қуанған кезде де былапыт сөздерді жиі қолданатын болды. Боқтық сөзді әдемі, келістіріп айта білуді өнер әрі мақтаныш көретіндер шықты. Иә, бұның бәрі ойымыздан шығарып отырған нәрсе емес, қазіргі айналамызда орын алып отырған нақты жайттар.
Бұл ненің белгісі сонда? Біздіңше, қоғамның біртіндеп рухани жадап-жүдеп, азғынданып бара жатқанының көрінісі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің тағы бір хадисінде: «Қиямет күні кісінің таразыға ауыр басатын нәрсесі – көркем әдебі. Сөзсіз, Алла тағала боғауыз, былапыт сөз айтушы кісіге ашуы келеді», – дейді.
Осы өсиетке сүйенер болса, бүгінде қаншама адамға Алла тағаланың ашулы екендігін шамалай беруге болады.
Сөз құдіреті
Кейінгі ұрпағына «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле», «Сөз сүйектен өтеді» деген өнегелі нақылдарын қалдырған ата-бабамыз сөздің құдіретін жете сезінгенге ұқсайды. Сөз арқылы адамның көңілін көтеруге де, мұңайтуға да, күлдіруге де, жылатуға да, яғни қандай көңіл күйге де салуға болатыны әлімсақтан белгілі жайт. Ал, тіпті сөзбен кез келген тірі ағзаны, соның ішінде адамның да ағзасын, ДНК молекулаларын, яғни гендік аппаратын өзгертуге болатынын тек соңғы кездері ғана ғылым біртіндеп дәлелдеу үстінде.
Адамның сөзі мен ойының басқа адамдар мен жанды нәрселерге, сондай-ақ өсімдіктерге әсерін зерттеумен айналысатын кейбір ғалымдар, солардың бірі – жапон ғалымы Эмото Масару адам сөйлеген кезде өзінің ойын басқаларға жеткізіп қана қоймай, айтқан сөзінің жақсы не жаман мағыналы болуына орай пайдалы не зиянды ақпараттық толқын тудыратынын мәлімдеген.
Ғалымдар балағат және жағымсыз мағынаға ие сөздердің радиация әсері секілді адам генінің мутацияға ұшырауына себепкер болатынын, ал ол өз кезегінде ағзаның қартаю процессін тездетіп, түрлі психикалық және тән ауруларының пайда болуына ықпал ететінін анықтаған. Ал, жақсы мағынаға ие, қайырымды-мейірімді сөздер, дұғалар, тіпті кейбір әдемі өлең-жырлардың өзі көптеген кеселдерді емдеп, адамға жағымды ықпал етіп, ағзаның қартаю процессін тежейтін көрінеді.
Өздеріңіз білетіндей, адам тәнінің жас ерекшелігіне қарай орташа есеппен 79 пайызы судан тұрады. Бір кісі күніне шамамен 2 литр су ішіп, сондай-ақ, терісі арқылы 1,5 литр су қабылдайды. Су – тіршілік көзі. Әрбір тіршілік иесі, өсімдіктер әлемі сусыз өмір сүре алмайды.
Бір қызығы, адамның (қандай тілде болсын айтқан) сөзі, тіпті ойы осы судың да молекулалық түзілімінің (кластерінің) өзгеруіне әсер етеді екен. Мәселен, ресейлік ғалым Константин Коротковтың зертханасында мынадай тәжірибе жүргізілген: стаканға су құйып, бірнеше адам сол суға қарап тұрып: «Мен сені жек көрем, өлтерім, ақымақ, жауыз, жарымес» деген секілді ең жағымсыз, ауыр сөздерді айтқан.
Сосын екінші стаканға су құйып, оған: «Мен сені жақсы көрем, сені сыйлаймын, махаббат, мейірім» деген сияқты жақсы мағыналы сөздерді айтып, содан кейін екі судың молекулалық түзілімін тексергенде, екеуінікі мүлдем екі бөлек болып шығады. Жақсы сөздер айтылған судың молекулалық түзілімі (кластерлері) әдемі түрге енсе, жаман сөздер айтылған судың молекулалары ұсқынсыз кейіпке түсіп бұзылған. Бірақ, екі судың да химиялық құрамы (H2O) өзгермеген, яғни жай көзбен қарағанда кәдімгі су, дәмі де өзгеріссіз.
Бір айта кетер жайт, әдемі, жанға жайлы музыка мен даңғырлаған ауыр рок стиліндегі музыканы ойнатқанда да су молекулаларының жоғарыдағы секілді екі түрлі өзгеріске түскендігі байқалған.
Ғалымдар: «Судың молекулалары айналада болып жатқан барлық ақпаратты қабылдайды, әрбір тірі жүйені бір-бірімен жалғайды, сондықтан біздің әрбіріміз ақпарат алмасу тізбегіндегі бір-бір звеномыз. Сондай-ақ, біздің әрбіріміз ақпарат тудырушымыз. Біздің айтқан әрбір сөзіміз, ойымыз, эмоциямыз бен іс-әрекетіміз суға әсер етеді де, су соны өз жадында сақтап қалады. Яғни жаман сөз айтсақ, одан тарайтын ақпараттық ластық суды улайды да, кейін сол суды пайдаланған адамға не жануарлар мен өсімдіктерге беріледі», – деген тұжырым жасайды.
Жалпы, сөздің адамның ДНК және су молекулаларына әсері жайындағы мұндай зерттеу жұмыстары көптеген зертханаларда жүргізілгенін айта кету керек және бұл саладағы зерттеулер әлі де тереңнен жүргізілу үстінде. Бүгінге дейінгі зерттеу жұмыстарының бәрінің жасаған тұжырымы біреу – жағымсыз, боқтық сөздер ДНК молекулаларын өзгертіп, басқа түрге енгізіп, тіпті ол адамның ұрпағына да әсер етеді!
Былапыт сөз айтуды әдетке айналдырған адамнан негізінен сүйкімсіз балалар дүниеге келіп, мұндай кесел кең жайылған қоғамдарда азғындық белең алатыны дәлелденген.
Бұдан біз былапыт ауыз болу адамды рухани, имандылық жағынан жүдетіп қана қоймай, тән саулығына да кері әсер ететінін көріп отырмыз.
Сонымен, шешім қандай?
«Сөз дегеніміз – жел, ал балағат сөз – азынақ», – деген Шекспир. Рас, азынақ желдің сүйектен өтіп, тәніңді тоңдыратыны секілді, жағымсыз, былапыт сөздер де сүйектен өтіп, жаныңды қариды.
Бүгінгі қоғам неге бұзылуда, адамдар неге мейірімсіз, ашушаң, төзімсіз? Құдайын ұмытқан, әртүрлі әдепсіз қылықтарға әуес адамдардың қатары неліктен артып жатыр? Ажырасулар неліктен көп, отбасы құндылығы аяққа неге тапталды? Үлкенге ізет, кішіге құрмет секілді құндылықтардың ортаюына кім кінәлі деген сансыз сауалдар бүгінде ауызға жиі алынып жүр.
Бұл сауалдардың көп жауабының бірі ретінде адам баласының боғауыз сөздерге шыбын шаққан құрлы қарамайтын болғандығын, боқтық сөзді кәдуілгі үйреншікті нәрсе санап кеткендігін, соның кесірінен тілі шыққан жас бала мен сақалы сапсиған шалға дейін боғауыз айтпаса, ішкен асы батпайтын болып алғандығын да айтар болсақ, ешкім бізді айыптай қоймас!
Осындайда пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.): «Аллаға және ақырет күніне сенген адам не жақсы сөз айтсын немесе үндемесін», – деген хадисі еске түседі. Осы бір-ақ ауыз өсиеттің өзі қаншама ұлы шындықты паш етіп тұр емес пе?!
Иә, бұл кесел соны бойына жұқтырған адамды ғана емес, тұтастай халықты апатқа ұшырататынын жоғарыдағы ғылым жаңалықтарынан көрдік. Ендеше, Алланың елшісі (с.ғ.с.) айтқандай, әрбіріміз міншілдіктен, қарғап-сілеуден, жаман жүрістен және былапыт әрі балағат сөзді болудан аулақ, шынайы мүмін болуға талпынуымыз керек.
Бір хадисте: «Көздің зинасы – харамға қарау, құлақтың зинасы – әдепсіз (ұятсыз) сөз тыңдау, тілдің зинасы – балағат (ұятсыз) сөздерді айту, қолдың зинасы өзіне халал болмаған әйелді ұстау, аяқтың зинасы – күнәлі жерлерге бару», – дейді. Мұның өзі есті адамға өсиет екені даусыз!
Ескендір ТАСБОЛАТ