Иран президенті Ибрахим Реиси терроризм және ұйымдасқан қылмыспен күрес Тегеран мен Анкара арасындағы ынтымақтастықтың басты өзегі болатынын айтты, деп TRT агенттігі хабарлайды.
Иран президенттігінен жасалған мәлімдемеге қарағанда, президент Реиси кеше Тегеранға ресми сапармен барған ТР Сыртқы істер министрі Мевлүт Чавушоғлуны қабылдады.
Иран мен Түркияның қарым-қатынастарын қазіргі деңгейден көп қырлы ынтымақтастыққа көтеруге дайын болуы керектігін атап көрсеткен Реиси ұзақ мерзімді ынтымақтастық меморандумының дайындалуымен екіжақты қарым-қатынастарды халықаралық деңгейге шығаруға болатынын білдірді.
Реиси Иран мен Түркияның жақын қарым-қатынасының аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылыққа қызмет ететінін атап көрсетті.
«Екі елдің аймақтық ынтымақтастығы жаһандық аренадағы ынтымақтастыққа айналуы керек. Лаңкестікпен және ұйымдасқан қылмыспен күрес Тегеран мен Анкара арасындағы ынтымақтастықтың өзегі болады. Иран осы саладағы ынтымақтастық деңгейін көтеруге дайын» деді ол.
Сауда және экономикалық ынтымақтастықтың артуы халықтардың мүддесі екенін атап көрсеткен Реиси Түркия мен Иран арасындағы ынтымақтастықты дамыта отырып, әлемдегі тепе-теңдіктерге әсер ете алатындарын атап көрсетті.
Сыртқы істер министрі Чавушоғлу да Иранмен ынтымақтастықты дамытуды қалайтындарын білдірді.
«Біз Иранның жаңа үкіметін жемісті нәтижелер алатын үкімет ретінде көреміз. Тегеранмен ынтымақтастық деңгейін барынша арттыруға бел байладық» деді ол.
Кавказдағы сауда байланыстары мен тұрақтылықты арттыру үшін Иранмен ынтымақтастықтарын кеңейтуді мақсат еткендерін атап көрсеткен Чавушоғлу терроризммен күресте Иранмен ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды.