Заманауи қоғам бізге екі өзгеріс алып келді. Біріншісі – ата-бабамыз армандаған еркіндік пен тәуелсіздік. Тәуелсіздікпен бірге ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен діліміз, әдебиетіміз, мәдениетіміз, жалпы ұлттық рухымыз қайта оралды.
Екіншісі – жаһандану үдерісі. Жаһандану салдарынан ұлттық құндылықтар ұмыт болып, адами қасиеттеріміз азайып бара жатқандай. Өйткені, жасыратыны жоқ, өз ана тілін, ата тарихын, асыл дінін, ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрін жетік білмеудің себебінен қазақ қоғамында бұрын-соңды болмаған бас шайқатар жат әрекеттер белең алуда.
Тастанды балалар, қарттар үйі, нашақорлық, жат діннің жетегінде кеткен жастар. Сонымен қатар терроризм, деструктивті ағымдар, тізбектей берсек өте көп. Өкінішке орай, осындай теріс ағымдар еліміздің болашағы саналатын жас ұрпаққа да кері әсерін тигізуде.
Қоғамдағы тартыс, топтар арасындағы үлкен күрделі қарама-қайшылық, соғыстар бірден оқ атудан басталмайды. Бұл ең бірінші адамның санасында туындайды, содан кейін ғана физикалық формаға айналып отырады. Деструктивті діни ағымдар өз топтарын көптеген адамдармен толықтыруға ұмтылады. Сондықтан діни хадистерді бұрмалап, мағыналарын өзгертіп, адамдарды арбап, арнайы психологиялық әдіс-тәсілдерді қолданады. Қоғамға өздерін діни, заманауи, мәдени, саяси немесе білім беру орталықтары ретінде көрсетуге әрекеттеніп, өз жақтастарының санын көбейтуге тырысады.
Жас ұрпаққа рухани тәрбие беруде жастардың, әсіресе, діни бағытты дұрыс таңдай білуіне, діннің рухани-тағылымдық қырларын, құндылықтарын меңгеруіне ерекше мән беру керек. Жастардың рухани кемел тұлға боп қалыптасуында олардың діни танымы, санасы мен сенімі және тәжірибесі маңызды. Сондай-ақ жаһандану жеткізген теріс әрекеттерден аулақ болу үшін жастарымыздың діни-саяси, рухани-психологиялық сауаттылығы мен әлеуеті жоғары болуы тиіс.
Енді осы аталмыш теріс ағымдарға жастардың бейімделуінің психологиялық аспектілеріне тоқталып өтейік.
Психолог ғалымдардың пайымдауы бойынша, жастар бойындағы маңызды өзгерістер оның белгілі бір теріс бағыттағы ұйымға мүше болуымен, сол ұйымның нормативтік жүйелері мен ұстанымдарын қабылдаумен байланысты. Ол түбінде тұлғаның өзгеруіне, қоғамнан ажырауына және жасырын әрекет етуіне әкеп соғады. Әдетте теріс ағымға агрессивті параноиктардың пайызы жоғары болып келеді. Оның мүшелері экстернализацияға – өздерінің сәтсіздіктері мен жүйесіздіктерін сыртқы факторлардың әсерінен көруге бейім болады.
Ол ағым мүшелерінің көбі бірқатар діни культтерді өзінің дұшпандарының образына айналдырады (мысалы, шайтан, билік, өзге конфессиялар және т.б) және өздерінің кез келген ішкі және сыртқы қайшылықтарын осылардың кесірінен деп айыптайды. Теріс ағымдар мен топтардың қандай айырмашылығы болмасын, олардың барлық мүшесін біріктіретін бірден-бір нәрсе – ол ұйымның мақсаты мен идеалдарына деген адалдық. Бұдан бөлек, бұл мақсаттар мен идеалдар адамдарды ағымға кіруге үгіттейді.
Психология саласы мынадай ой пікірлерін ұсынады, адам баласының құбылыс екендігі, кез келген ортада психологиялық әрі әлеуметтік мәжбүрлікпен болған жағдайда, сол ортаның жалған идеяларына сіңісіп, ол идеяларды уақыт өте келе ақиқаттай көретінін алға тартады.
Мысалы, террористерді алайық. Террорист болу үшін адам ең алдымен апатиядан және әлеуметтік дезадаптацияның басқа да түрлерінен өтеді. Террористердің ортақ сипаты олар бірегейлік пен өзін-өзі бағалауда ауытқушылықтары бар адамдардың тобына қосылуды қатты қажет етеді. Бұл ауытқушылықтар бірнеше факторлар әсерінен туындайды, соның ішінде толық емес отбасында тәрбиелену, қоғамдық құрылымдар аясындағы қиындықтарды бастан кешу (жұмыстан айырылу немесе оның мүлде болмауы).
Э. Шоу террористің қалыптасу процесін үлгілеп жасауға талпыныс жасап, терроризмге жетелейтін төрт факторды белгілейді, олар: 1. Ерте әлеуметтену. 2. Өзімшілдік немесе өзін өзгелерден жоғары қоюшылық. 3. Даулы жағдайлар, әсіресе полициямен (тәртіп сақшыларымен) тайталасу, сонымен қатар, теріс ағым мүшелерімен жекелей қарым-қатынаста болу.
Зерттеуші ғалымдар террористер мынадай қатерлі топтан шығады деп қорытынды жасайды, яғни бала күнінен өзін-өзі бағалауда қиындық көргендер. Мұндай адамдарға теріс ағымдағы топпен бірігу негативті болса да әлеуметтік мән-маңыз береді.
Жастардың теріс жолға түсуіне олардың өмірлік тәжірибесінің аздығы да қатты әсер етеді. Қазіргі қоғам рухани құндылықтардан гөрі материалдық құндылықтарды жоғары қояды. Материалдық құндылықтарды жоғары қою салдарынан психологиялық күйзеліске (стресс, депресияға) ұшырайды.
Қазіргі жаһандану әсерінен жастардың бойында теріс әрекеттердің белең алуы жағдайында ислами құндылықтар жайлы деректер жүйеленіп, зерделеніп, оның педагогикалық-психологиялық маңызы айқындалып, жастар тәрбиесінде пайдаланылуы қажет.
Қарлығаш ҚОЙШЫБАЕВА,
Қызылорда облысының дін істері басқармасының дін мәселелерін зерттеу орталығының аға маманы, психолог