Екі жыл бұрын Жаңа Зеландияның Крайстчерч қаласындағы мешітте болған террористік акт кезінде ұлынан айырылған мұсылман әйелі қайғы шегіп, психологиялық жарақат алған балаларға арнап тегін кітап жазды.
Доктор Мэйсун Салама 2000 жылдан бері жас бүлдіршіндерге арналған екі мұсылман орталығын басқарып келеді. Әл-Нұр мешітінде болған террористердің шабуылы кезінде оның күйеуі ауыр жарақат алса, Атта Элайян есімді ұлы о дүниелік болған еді.
«Ая және көбелек» деп аталатын суреттерден құралған жаңа кітап араб және ағылшын тілдерінде жазылған. Автор бұл туындыны өзінің Ая есімді немересіне және теракті салдарынан қайғы құшқан басқа да балаларға арнаған.
«Кейде біз өзіміз қатты жақсы көретін адамдардан аяқ астында айырылуымыз мүмкін екенімізді балалар білуі тиіс», – дейді доктор Салама.
«Ая және көбелек» – Ислам әйелдері кеңесі және Білім министрлігімен бірлесіп дайындалып, Жаңа Зеландияның мұсылман қауымдастығына арналған төрт кітаптың алғашқысы.
«Кітапқа қосымша ретінде оқушылармен жақын адамдардан айырылу тақырыбында сөйлесуге көмектесетін оқу құралы берілген», – дейді министрлік өкілі.
Жаңа туынды бүгінде интернетке шыққан, ал баспа түріндегі кітаптар балабақшалар мен мектептерге тегін жеткізіп беріледі.