Ертеде бір елдің патшасы кемемен сапарға шығады. Сапарға өзімен бірге бірнеше кісілерді ала кетеді. Солардың арасында жақында ғана өзіне көмекші етіп алған жаңадан келген қызметшісі де бар еді. Кеме жылжып, жағадан алыстап кеткесін әлгі жаңадан келген көмекшісі мазасызданып, теңіз толқынынан қорқып, қалтырап, айғайлай бастайды. Патшада себебін сұрай келе, оның бұрын соңды кемеге мінбегенін біледі. Айғайын естіген басқалары сабырға шақырып, айғайын басуға тырысқанымен нәтижесіз болады. Одан сайын айғайы күшейген көмекшіге патшаның көңілі қалады. Кемедегілердің ешқайсысы оны тыныштандыра алмайды.
Тынышталмаған көмекшінің үнін жабу үшін кемедегі жолаушының бірі әрі оқымысты кісі патшаға жақындап келіп,
– Егер рұқсат етсеңіз оның аузын мен жабайын, дейді. Айғайынан мезі болған патшада бірден «жарайды» деп келісім берген екен.
Әлгі оқымысты жанындағыларға «көмекшіні алып теңізге лақтылып жіберіңдер» деп бұйрық берген екен. Теңізге түскен патшаның көмекшісі жан екпінмен суға бір батып, бір шығып «мені құтқарыңдар» деп тағы да айғайлай бастайды. Осы кезде оны судан шығарып қайтадан кемеге отырғызғанда үнсіз ғана бір бұрышқа барып отыра қалған екен. Бұған риза болған патша әлгі оқымыстыдан неге олай жасағанын сұрайды. Сонда оқымысты;
– Теңізге тұншығудың азабын көрмеген адам кеменің қауіпсіздігін қайдан білсін, деген екен.
Сол секілді, науқас кісі денсаулықтың, аштық көрген тоқтықтың, баласыз жандар баланың, ата-анасынан айрылғандар ата-ананың, соғыс көргендер бейбіт заманның қадірін түсінеді екен.
Мұны ардақты пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадисі де мақұлдай түсері сөзсіз: «Бес нәрседен бұрын бес нәрсенің қадірін біл: Қартаймай тұрып жастық шақтың, ауырмай тұрып денсаулықтың, кедейліктен бұрын байлықтың, қысылтаяңнан бұрын бос уақыттың, өлмей тұрып тірішіліктің қадірін біл».
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ