Имам Қуртуби былай баяндайды: «Иса әл–Һашими жұбайын қатты жақсы көретін. Бір күні оған: «Айдан да сұлу болмасаң, үш талақпен боссың», – деп айтады. Осыдан кейін жұбайы: «Сен менімен ажырастың, сондықтан мен саған халал емеспін!» – деп одан бойын аулақ ұстайды.
Иса бұған қатты қайғырып, бұл мәселені түсіндіру үшін Халифа Мансұрға барады. Халифа фиқһшыларды шақыртып алып, олардан пәтуа сұрайды. Сонда жиналған ғалымдардың барлығы әйелдің талақ етілгендігін алға тартады. Тек қана Әбу Ханифаның шәкірттерінен бір кісі үн қатпайды.
Мансұр оған: «Сен неге үнсіз қалдың?» – деп сұрайды. Сонда әлгі фақиһ кісі: «Уа, мүміндердің әміршісі! Ұлы Алла: «Біз адамды ең көркем бейнеде жараттық», – деген. Сондықтан жаратылыс, сыртқы бейне тұрғысынан болсын, яки заттық һәм рухани көркемдік тұрғысынан болсын адамнан өткен сұлу еш нәрсе жоқ», – дейді. Оған Халифа Мансұр: «Дұрыс айтасың», – деп әлгі кісінің жұбайын күйеуіне қайтарады. Және де фақиһтің тапқырлығына дән риза болғандықтан, оған мол сый-сияпат жасайды.[1]
Нұрбол ӘБСАТТАРҰЛЫ
[1] Мухаммәд Али Әс-Сабуни, Сафуатут-Тәфәсир, Энсар нешрият 7/355-359.