Әрбір қазақтың рухын тербеп, тарихты жаңғырта түсетін Тәуелсіздік күніне арнап Нұр-Мүбарак университеті еліміздің түкпір-түкпірінен текті сөздің төресі терме мен қазақтың киелі сөз маржандарының жаршысы жыраулардың басын қосты. Әуелеген әнұранмен басталған «Діни жыр-термелер – Тәуелсіздік жаршысы» кешінде азаттық жолында шейіт болған боздақтар рухына қасиетті Құран бағышталды. Ел ағасы Марат Тоқашбаев бата жасады. Университет проректоры, PhD доктор Қайрат Құрманбаев: «Әрбір халықтың өмір салты, болмысы діни құндылықтарға негізделеді. Қазақ халқының да дәстүрлі мәдениеті тонның ішкі бауындай исламмен астасып жатыр. Оған бүгін тағы куә болмақпыз. Университет басшылығы мен ұжымы атынан, қазақ руханиятын жыр-термемен насихаттауға келген Алмас Алматов ағамыз бастаған өнер иелеріне алғысымызбен сәттілік тілейміз»,-деді.
Ал киелі сөздің зергерлерін бастап келген профессор Алмас Алматов: Нұр-Мүбарак университетінде осы мереке өтеді дегенде қуанышта болдық. Бүкіл қазақ елінде егемендікпен қатар келе жатқан университеттің рухани кеңістікке, қазақ жастарының ата жолына, дінне келуінде көшбасшылығы ерекше. Сондықтан университет басшылығына, ұйымдастырушыларға шексіз ризашылығымызды білдіреміз»,-деп жүрекжарды лебізін жаудырды.
Мерекелік салтанатта Ақан Абдуали, Жәкен Омаров, Елмұра Жаңаберген, Жақсыбек Барлыбаев, Күнсұлу Түрікпен, Салтанат Тасболат, Марат Сүгірбай, Елбол Қуанбек, Аязбек Рүстемов дәстүрлі өнерден шашу шашты. Ақтөбелік Әділбек Сариннің жаңалығы тіпті ерекше болды. Пайғамбар (с.а.с.) өмірін жырмен жазып жатқанын айтқан жырау Темірхан есімді орыс бала шәкіртінің орындауында «Қысыр ешкінің қиссасын» ұсынды. Өнер мерекесін «Алатау серілері» тобы рухты әндерімен тәмамдады. Проректор, PhD доктор Қ.Құрманбаев қонақтарға сыйкәдеге қасиетті Құран сыйлап, қуанышқа бөледі.
Жазушы Смағұл Елубай, Марат Тоқашбаев, ақ жаулықты аналарымыз бастаған көрермендер рухани кештен ерекше әсерленіп, қонақтармен естелік суретке түсті.